in

Әскердің әлеуеті әлеуметтің назарында тұр

Мемлекет Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақ­стан армия­сын­да арнайы операциялар күш­терін құру мәселесіне ұдайы көңіл бөліп келеді. 2022 жыл­­дың 19 қаңтарында Пре­зи­дент Жарлығымен Қа­рулы күш­тердің ар­найы операциялар күш­тері қолбасшылығы құрыл­­ған болатын. Сөйтіп, бұ­рын­­ғы  десант­тық-шабуылдаушы күш­тер қазір ар­­найы тап­сырмаларды орындайтын күштерге ай­нал­­­ған. Қазір бұл бригада армия­ның элитасы са­­налады. 

Өткен аптада Қорғаныс министрлігі ұйым­­дас­тырған пресс-турда біз, ең алдымен, осы­нау әс­кери бөлім жұмы­сымен таныссақ, екін­шіден, Қару­лы күштерде жасалып жат­қан реформаларға куә болдық. Әлбетте, ар­найы мақсаттағы брига­да­ның қарулануы­ның, жауынгерлердің даяр­лығы­ның, маман­дардың біліктілігінің жоғары еке­ніне ешкім дау айта алмайды.  Дегенмен Қор­ғаныс ми­нистр­лігі журналистерді әскери бөлімге ша­қырып, бір емес, үш бірдей вице-ми­нистр­мен кез­десу ұйымдастыру арқылы же­ке  бригаданың жұ­мысын көрсетуді емес, тұ­тас саладағы жаңа­лық­тардан  хабардар ету­ді көздесе керек. Пресс-тур­да қорғаныс ми­нистрінің орынбасарлары – ви­це-ад­ми­рал Серік Борамбаев, генерал-лей­те­нант Қаныш Әубәкіров және Дархан Ахмедиев журналистердің сауалдарына жауап берді.

Тыл – армия тірегі

Әдетте, Қарулы күштердің әскери даяр­лығы сөз болғанда  жауынгерлермен офицерлердің біліктілігі, заманауи қару-жа­рақ, оқу-жаттығулардың саны мен са­па­сы қатарлы көптеген фактор айтылады. Со­нымен бірге қуатты армия үшін қуатты тыл керек. Өйткені сарбаздарға қажетті ке­рек-жарақтарды, инфрақұрылымды, азық-түлікті, денсаулық сақтау  нысан­да­рын тыл қызметі қамтамасыз етеді. Дәл осы салаға жауапты Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-лейтенант Қаныш Әубәкіровтің айтуынша, Қазақстан ар­мия­сы­ның тылы мен инфрақұрылымы бір­ша­ма жақсарған көрінеді. Мәселен, қазір Қарулы күштердегі сарбаздар мен офи­цер­лерге арналған 16 әскери госпитал мен ла­­­­зарет жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, түрлі әскери бөлімдерде 130-дан астам  ме­ди­ци­налық бөлімшелер бар. Оларға кейінгі жыл­дары 640-тан астам түрлі медициналық жаб­дықтар мен құралдар беріліпті. Осы ме­кемелерде 3,5 мыңнан астам медицина қыз­меткері еңбек етеді. Қазір әскерилерге бері­летін  дәрі-дәрмек көлемі де көбейіпті. Әскери қызметшілерді шипажайларға жі­беру мәселесі де ескерілген. Бір сөзбен айт­­­қанда, Қарулы күштердің медициналық қызметі біршама жақсарып келе жатқанға ұқсайды.  

Одан бөлек, армия қарамағында  әс­ке­ри қалашықтар, казармалар, тұрғын үйлер бар. Олардың саны 8 мыңнан асады. Атал­ған ғимараттарды жөндеп,  жаңғыртып отыру қажет. Генералдың айтуына қара­ған­да, қазірге дейін  мұндай ғимараттардың 20%-дан астамына күрделі жөндеу жүр­гі­зі­ліпті. Қалғандарының да жағдайын на­­­­шар­латпау бағытында нақты іс-шаралар жа­салып жатса керек. Инженерлік желі­дер­ді жаңалау, ауыстыру да біршама жақ­са­рып қалған. Биылға дейін 100 ша­қы­рым­нан астам инженерлік желі ауыс­тырылып­ты. Әскери бөлімдерді жылытатын 162 қа­­­зандықтың 30%-ы  газбен жылытылатын болған. Жыл аяғына дейін 52 қазандықты кө­мір жағудан құтқарып, газбен жұмыс іс­тейтін етіп, қайта жаңғырту жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Әскери қалашықтардағы ка­зарма қазандықтарын газбен жұмыс іс­теуге көшірудің нәтижесінде 1,9 млрд теңге үнемделген. Ал жаңадан орнатылған 3 200-ден астам электр есептеуіш құралы бір жыл­да 522 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік бер­ген. 2024-25 жылдары армияда 59 мо­дульдік ғимарат іске қосылған. 

Арыс пен Жамбыл облысындағы жа­рылыстардан кейін Президенттің  әскери қой­маларға қатысты нақты тапсырма бер­генін білеміз. 2021 жылы Үкімет 2025 жыл­ға дейін 2 арсенал, 85 қойма салынатыны тура­лы ақпарат таратқан. №68665 әскери бө­лімде өткен пресс-турда біз осы мәселе жай­лы  сұрадық. Генерал Қуаныш Әубә­кі­ров оқ-дәрі қоймаларына қойылатын та­лаптар өзгергені, оларды тұрғын үйлерден алыс­та ұстауға көңіл бөлініп жатқанын айтты. Жем қаласының төңірегінде жүзеге асырылып жатқан ірі жобаның бірінші ке­зеңі 2026 жылы аяқталмақ екен. 20-дан ас­там қойманың құрылысы әр жерде жүр­гізіліп жатқан көрінеді. Генерал 2025 жылы сон­дай 5 қойма іске қосылатынын айтты. 

Сарбаз өмірінің де сынағы бар

Пресс-тур кезінде журналистер әскер­дегі өлім-жітім, қайғылы оқиғалар жайлы да сұрады. Өйткені қоғамды дәл осы мә­се­ле алаңдатады. Кейінгі айлардың өзінде ар­­мия қатарында жүрген бірнеше сарбаз қай­тыс болып, тағы бірер жауын­гер­дің психоневрологиялық диспансерге жі­бе­ріл­гені  жайлы  ақпараттар тараған бо­ла­тын. Оның үстіне, 2024 жылдың күзінен бері медиада айналып жүрген ақпарат тағы бар. Сол кезде Мәжіліс депутаты Нартай Сәр­сен­ғалиев әскери прокуратурадан алын­ған де­ректі айтқаны бар. Онда 2021-2024 жыл­дар аралығында 86 әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсағаны жазылған. Олар әр­түрлі күш құрылымдарында қызмет еткен­дер еді. ҰҚК Шекара әскерлері, ІІМ-ге қа­расты  Ұлттық ұлан және Қарулы күштер де­гендей  бө­лінеді. Ал биылғы қыркүйекте пси­хо­неврологиялық диспансерге жіберіл­ген сар­баз бен егіз жауынгердің біреуінің көз жұмуы медианың назарына ілініп тұр. 

Қорғаныс министрінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орын­басары, вице-адмирал Серік Борам­баев әр оқиға жіті тексерілетінін айта келе, егіз жауынгерлерді бір-бірінен бөліп тас­тау­дың себебін де баяндады. Естеріңізге сал­сақ, қыркүйектің ортасында Дінмұхамед Шынарбек атты сарбаздың қаза тапқаны белгілі болған. Алдын ала болжам бойын­ша, ол суицид жасауы мүмкін екені айтыл­ды. Тергеу әлі жалғасып жатыр. Дегенмен марқұмның туыстары егіз азаматтар Дін­мұхамед пен Даниялды екі әскери бөлімге жі­беру дұрыс болмағанын да алға тартқан. Осы мәселеге орай генерал Серік Борам­баев екі сарбаздың екі мезгілде әскерге ша­қырылғанын, ал қазіргі тәртіп бойынша күз бен көктемде әскер қатарына шақы­рыл­­ғандар бір бөлімде болмайтынын айт­ты. Өйткені күзде әскер қатарына алын­ған­дар көктемде келетіндерге қарағанда жар­ты жылдай әскери өмірге үйреніп үлге­реді. Дегенмен әскердегі әр келеңсіз оқи­ға жүйелі зерттеп-зерделеуді қажет ете­тінін ұмытпаған жөн. Сонымен бірге ме­дианың да бұл мәселеге байсалдылықпен қара­­ғаны дұрыс екеніне тоқталды генерал. 

Серік Борамбаев Маңғыстауда пси­хо­неврологиялық диспансерге жіберілген жауын­гердің толық тексеруден өтетінін атап өтті. Осы тұста  қоғамда «психо­нев­рологиялық диспансер» дейтін ұғымды бір­ден «жындыхана» ретінде бағалайтын көз­қарас бар екенін де тілге тиек етті. 

Жалпы алғанда, әскердегі келеңсіз оқи­ғаларды азайту бағытында  көптеген жұ­мыс атқарылып жатыр. Қорғаныс ми­нистрінің цифрландыру жөніндегі орын­ба­сары Дархан Ахмедиев бұл бағытта жа­сан­ды интеллектіні қолдану да мүмкін еке­нін атап өтті. Вице-министр казарма­лар­ға орнатылып жатқан жаңа камера­лар­дың алгоритмі бөлек екенін атап өтті. Рас, әскери бөлімдерде бақылау камералары аз емес. Біздің білуімізше, Қарулы күштердің әс­кери бөлімдерінде 14 мыңнан астам ка­мера бар. Бірақ сонда да келеңсіз оқиғалар тір­келіп  жатады. Содан да болар Қорғаныс ми­нистрлігі бұл бағытқа айырықша көңіл бө­ліп, цифрлы технологияларды қолдауды күшейтуге бел буыпты. 

«Камералар бұрыннан бар. Бірақ мә­селе олардың сапасында.  Камералардың ара­сында аналогтық жүйемен жұмыс іс­тей­тіндер де, цифрлық камералар да бар еке­нін ескеру керек. Сол цифрлық камера­лар­дың өзінде бейнелерге анализ жасау мүм­кіндігі болмайды. Сондықтан былтыр­дан бастап жасанды интеллект енгізіп жатырмыз. Бейнелерді зерделеп, анализ жа­сауды бастадық», – деді Д.Ахмедиев. 

Оның айтуынша, әскери қызмет бары­сын тұтас цифрландыруға көңіл бөлініп жа­тыр. Айталық, жеке құрам толық па, кім қай­да жүр, қоймаға кім кірді, кім шықты, қан­дай әскери техника бөлімнен кетті не­месе келді дегендей көптеген ақпарат ор­та­лықтандырылып, бақылауға алынады. Тіп­ті, жетілген камералар  қарауылға шы­ғатындар санын да азайтуы мүмкін. Мұн­дай жобалар тестілеуден өтіп жатыр екен. Заманауи технология мен жасанды интел­лект  әскери бөлімдердегі әр оқиғаны тір­кеп, қажет кезінде тиісті құрылымдарға  ха­бар беруге сай етіп жасалмақ. Мәселен, бір­еу тапаншасына немесе қаруына қол сал­са, жасанды интеллект оны қауіп деп ба­ғалауы мүмкін. Сөйтіп, бөлім коман­ди­ріне, әскери полицияға және басшылыққа ескерту жолданады. Одан бөлек, камера­лар­дың «көзіне түспейтін» орын қалдырмау да өзекті болса керек.  Сол арқылы әскер­де­гі келеңсіздікті мейілінше азайту кө­з­де­леді. 

Әзірге әскери қызмет пен сарбаздардың тұр­мысы туралы өзекті мәліметтер топ­тас­тырылған ARMIA.KZ ақпараттық сервисі, авто­маттандырылған психологиялық тек­серуден өткізуге арналған «ГРВ-камера» бағ­дарламалық-аппараттық кешені, сон­дай-ақ тәулік бойы әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына жасырын пси­­хологиялық қолдау көрсететін жасанды ин­теллект негізіндегі телеграм-бот фор­ма­тын­да жұмыс істейтін цифрлық кеңесші Ai-Sulu тәрізді жаңа жүйелер жұмысын бас­тапты. Қысқасы, Қарулы күштерде жаңа­лық көп екеніне көз жетті.

Амангелді ҚҰРМЕТ