Air China әуе компаниясының ұшағында өрт шықты, деп хабарлайды Tengrinews.kz South China Morning Post басылымына сілтеме жасап.
Оқиға 18 қазанда Ханчжоудан Сеулге (Инчхон) бағыт алған CA139 рейсінде болған. Компанияның мәліметінше, жолаушының қол жүгіндегі литий батареясы багаж сөресінде өздігінен тұтанып, өрт шыққан.
Борт экипажы өртті жылдам сөндіріп үлгерген, зардап шеккендер жоқ. Қауіпсіздік мақсатында ұшақ Шанхай-Пудун халықаралық әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болды.
Air China хабарлауынша, рейс сағат 9:47-де ұшып, 12:20-да Инчхонға жетуі тиіс болған.
Интернетте тараған видеода жолаушылар мен бортсеріктердің жанып жатқан багаж сөресіндегі жалынды сөндіруге тырысып жатқаны, ал фоннан «Тезірек!» деген айқайлар естілетіні байқалады. Бір жолаушының айтуынша, өрт алдында қатты дыбыс (жарылыс тәрізді) болған.