World Boxing Халықаралық бокс федерациясы алғаш рет әлемдегі ең үздік боксшылардың рейтингін жариялады. Көшбасшылардың негізгі бөлігі Қазақстан мен Өзбекстан боксшыларынан тұрады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.
Рейтингке Өзбекстаннан – 12 боксшы (7 – ер, 5 – әйел), Қазақстаннан 11 боксшы (6 – ер, 5 – әйел) еніп отыр. Сонымен қатар:
Түркия – 8 (7 – ер, 1 – әйел);
Бразиялия – 7 (3 – ер, 4 – әйел);
Қытай – 6 (4 – ер, 2 – әйел);
Англия, Үндістан, Жапония – 5.
Жалпы, көшбасшылар саны жағынан Қазақстан бірінші орынға шығып отыр. Біздің елдің жеті боксшысы (4 – ер, 3 – әйел) өз салмағында көшбасшы атанған. Ал Өзбекстанның алты боксшысы (барлығы ерлер) өз салмақтарында бірінші тұр.
Салмақ дәрежесіне байланысты емес жалпы рейтингтегі жағдай мынадай:
Әйелдер арасында әлемнің ең үздік боксшысы атағына польшалық Юлия Шеремета (57 кг) иелік еткен – 2 075 ұпай. Ол World Boxing ұйымы құрылғалы Олимпиада ойындарында (2024 ж.), әлем кубогында және әлем чемпионатында үздік өнер көрсетті.
Қазақстан құрамасы сапынан үздік көрсеткіш Назым Қызайбайда (51 кг). Ол 1 750 ұпаймен рейтингтің төртінші сатысына жайғасқан.
Ерлер арасында өзбектің екі боксшысы – Абдумалик Халоков (60 кг) пен Асадхуджа Муйдиндужаев (65 кг) бірінші орында тұр. Екеуі де 3 000 ұпайдан жинады. Қос боксшы да Париждегі Олимпиада мен Ливерпульдегі әлем чемпионатының жеңімпазы атанған еді.
Қазақстаннан ең үздік көрсеткіш Айбек Оралбайда (+90 кг). Ол 2025 ұпаймен төртінші орынға жайғасқан. Санжар Тәшкенбай (50 кг) мен Махмұд Сабырхан (55 кг) бесінші орынды өзара бөліскен, әрқайсысында 1 650 ұпайдан.
Айта кету керек, рейтингтегі ұпайлар саны боксшылардың World Boxing ұйымдастырған жарыстардағы нәтижелеріне қатысты есептеледі.