in

Емханаға мұқтаж елді мекен

Дерекке сәйкес, Тасбөгеттің іргетасы 1947 жылы қаланған екен. Бертін келе, 1958 жылы об­лы­сқа қарасты Сырдария ауданы­ның орталығы болса, 1997 жылдан бастап аталмыш аумақ Қызылорда қаласының құрамына кіреді. Кей­бір мәліметтерге сәйкес, ертеректе Сырдария өзеніне су тоспасын салу үшін шақырылған арнайы маман­дар осы аумаққа қоныс­та­нып, жаңа қоныстың негізі осы­лай қаланса керек. Бұл су тоспасы 1956 жылы ел игілігіне пайда­лануға беріліп, артынша Тасбөгет поселкасы ресми атауға ие бола­ды. Содан бері кенттің ауқымы кеңейіп, қаламен қатар қарқынды дамып келеді. 

Қазір кентте 30 мыңның үстін­де халық тұрады екен. Онда әлеу­меттік нысандар мен халықтың жайлы тұрмысына қажетті қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Қоғамдық көлікке қатыс­ты да анау айтқандай мәселе жоқ. Бы­лай қарағанда, елді мекенде бәрі жақсы сияқты көрінеді. Ал­айда тұрғылықты халықпен пікір­лесу барысында, кентте көз­ден тасада қалған толғақты мәсе­лелер тіз­бектеліп шыға келеді. Соның ішінде, жергілікті жұрт­шы­лықты емхана мәселесі көп жылдан бері толғандыратыны байқалды.

Негізі, Тасбөгетте емдеу орны жоқ емес. Арнайы №4 емхана хал­ыққа қызмет көрсетеді. Дейтұр­ған­мен, бұл ғимарат типтік емес. Нақтысы, аталмыш нысан бұрын­ғы кеңес кезеңінде пошта бөлім­шесі ретінде салынған. Бертін келе тоқырау кезеңінде бос қалған ғимарат емхана ретінде қайта жасақталады. Ол уақытта кенттің халық саны да, жер аумағы да үл­кен болмайтын. Алайда соңғы жыл­дары кентке қоныстанушылар қатарының артуына байланысты емхана ғимаратының тарлық етіп тұрғаны жиі айтыла бастады. 

«Кентіміздің осыдан 10 жыл бұр­ын­ғы жағдайы мен қазіргі дең­гей­ін мүлде салыстыруға келмейді. Бұрындары мұнда 20 мыңнан сәл ғана асатын халық тұратын. Қа­зіргі уақытта тұрғылықты халық саны 30 мыңнан асып жығылады. Соған сәйкес, кенттегі емханаға тіркелгендер қарасының қалың­дай­тыны белгілі. Бүгінде маған ха­лық емханаға емделуге емес, ке­зекке тұруға баратын секілді көрінеді. Ал ұзынсонар кезек он­сыз да дертіне шипа іздеп келген адамды одан бетер зорықтырып жібереді. Ол аз десеңіз, ғимарат­тың ішкі жағдайы да мәз емес. Ескірген едендері мен қабырға­лары медициналық талапқа сай деп айта алмаймыз. Осы мәселе жайында Қызылорда қаласы әкім­дігіне де, облыстық Денсаулық сақ­тау басқармасына да жыл сайын шағымданып келеміз. Бір­ақ сеңнің қозғалар түрі көрінбей­ді», – деп базынасын жеткізді кент тұрғыны Ербол Жұманов. 

Мәліметке сәйкес, аталмыш нысан 1984 жылы пошта бөлім­шесі ретінде бой түзеген. Құзырлы орын­дардың дерегіне сүйенсек, ғимаратқа 2006 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіл­гені­мен, оның құрылыс нормалары мен талаптарына сай келмейтінін растап отыр. Оның үстіне, ғима­рат емхана ретінде жұмысын бас­таған жылдары ауысымына 350 адамға қызмет көрсетуге негіз­дел­ген. Ал бүгінде халық санының көбеюіне байланысты күнделікті 400-ден астам науқас қабылдауға мәжбүр. 

Бұдан өзге, тұрғындар тара­пынан кентте апаттық үйлердің жағдайы, шет аймақтың қорда­лан­ған мәселелері шешімін тап­пай тұрғанына қынжылыс біл­дірді. 

«Тасбөгетте көпті толғандыр­ған мәселе мұнымен шектелмейді. Өңірде апатты үйлерге қатысты күрмеу рет-ретімен шешіліп жа­тыр дегенімізбен, әлі де өзектілігін жойған емес. Шет аймақта жол мен жарыққа қатысты түйткілдер де тізбектеліп тұр. Өзім де кенттің шеткі аумағының тұрғыны бол­ғандықтан, көптеген мәселенің шешімін таппай тұрғанын жақсы білемін. Соның ішінде, өзім тұра­тын аймаққа балалар ойын алаң­ын салу мәселесін жыл сайын кө­теріп келемін. Қала әкімдігі мен кент әкімдігіне талай айтылды. Бірақ әлі күнге дейін шешіміп табар емес. Сол сияқты емханаға қатысты кейбір дәрігер маман­дардың жетіспеушілігі мен тегін дәрі-дәрмекке қатысты мәселені де байқап қаламыз. Бұл да құз­ырлы орындардың қаперінде болса деген тілегіміз бар», – деп мұңын шақты кент тұрғыны. 

Өз кезегінде тасбөгеттіктерді талай жылдан бері түңілдіріп тұр­ған емхана мәселесін Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақовтан сұрап көрдік. 

«Бұл Тасбөгет кентіндегі №4 емхана көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі саналады. Қазір оның шешілу тетігін үш жолмен қарастырып тұр­мыз. Оның алғашқысы – мем­лекеттік жекешелендіру әріп­тес­тік аясында жеке инвестор­лар­дың көмегімен типтік жобадағы жаңа емхана ғимаратын салу. Екіншісі, өзіміз тарапынан жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеп, типтік емхана салуға иек артамыз. Үшін­шісі, бүгінде облыс орталы­ғынан аймақ басшысының қол­дауымен жаңадан «Ана мен бала» орталы­ғының құрылысы бастал­ғаны көпке мәлім. Осы орайда, атал­ған құрылыс нысаны қала­мыз­дағы Президент саябағы аума­ғынан бой түзеп жатқанын айта кеткен абзал. Соған орай аталмыш орталық жаңа ғимаратқа көшірілсе, бұрынғы типтік ғи­ма­ратқа Тасбөгеттің емханасын орна­ластыру көзделіп отыр. Яғни, осы жоспарлы жұмыстардың қайсысы бірінші шешілсе, соған қарай Тасбөгеттегі емханаға қа­тыс­ты түйткілдің түйіні тарқаты­ла­тын болады. Бұл мәселе жіті назарда тұр», – деп мәлімдеді бұл жөнінде облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов. 

Басқарма басшысының ай­туын­ша, бұл мәселенің алдағы уа­қытта нақты шешімін таба­ты­нына нық сенім білдіріп отыр. Бірақ тасбөгеттік жамағаттың тип­тік емхананың игілігін көретін уақыты әзірге беймәлім күйде қалып тұрғаны байқалды. 

Негізінен, Президент денсау­лық саласы қызметінің сапасын арт­тыруға қатысты бірқатар мін­деттер жүктеп, соған сәйкес облыс аумағындағы кейбір елді ме­кендерде жаңадан медици­на­лық нысандардың пайдалануға беріліп жатқаны белгілі. Бұдан бөлек, сәт сайын жолдар мен саябақтарда құрылыс жұмыс­тарының қарқынды жүріп жат­қаны көпке мәлім. Алайда Тас­бөгет халқы жырға айналған емхана мәселесіне қатысты талаптары жыл сайын ескерілмей, тасада қала беретініне түңіліп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы