in

Диплом бар, жұмыс жоқ

Оқу бітіргеннен кейін екі ай өткен соң Дана Атыраудағы «Ман­сап» орталығына жүгінеді. Мұнда оған жастар практикасы аясында жұмыс істеу ұсынылады. Нәтижесінде, ол «Атырау – Ақпарат» ЖШС-на тәжірибеден өтіп, ай сайын 80-88 мың теңге көлемінде жалақы алады. Бес айдан кейін сол мекемеге тұрақ­ты жұмысқа қабылданады.

«Жұмыс таба алмай жүрген жастарға «Мансап» орталығына баруға кеңес берер едім. Бұл – тәжірибе жинауға әрі өзіңді көрсетуге жақсы мүмкіндік», – дейді жас маман. Алайда Дана­ның жолы бола қойғанымен, бұл – барша түлектерге ортақ жағдай емес.

Колледждер кадр даярлайды, ал жұмыс қайда?

Атырау облысына жұмыс сапарымен келген Мәжіліс де­пут­аты Ажар Сағындықованың кол­ледж директорларымен кездесуі колледж мамандары мен еңбек нарығындағы проблеманы көр­сет­ті. Облыста бүгінде 24 кол­ледж жұмыс істейді, онда 16 мың­ға жуық студент білім алуда. Мем­ле­кеттік гранттар бөлініп, оқу бағ­дарламалары жаңартылып жат­қаны­мен, түлектердің басым бөлігі өз мамандығы бойынша жұ­мыс таба алмай жүр.

Депутаттың айтуынша, басты проблема – кадр даярлау жүйе­сінің еңбек нарығынан алшақ­тауы. «Елде электрик, дәнекер­леу­ші, сле­сарь, сантехник, то­карь, құры­лыс­шы сияқты жұ­мысшы маман­дық­тарға сұра­ныс жоғары. Алайда ­колледждерде бұл бағыт­тарға жет­кілікті деңгей­де кадр дайындалмай­ды. Кері­сін­ше, кей мамандықтар бойын­ша артық кадр қалыптасқан. Бұл ретте жергілікті атқарушы орган­дардың рөлі шешуші болуға тиіс. Алайда гранттар өңірге нақты қажет ма­мандықтарға емес, кө­біне фор­мальды түрде бөлінеді. Колледж­дер мен ірі кәсіпорын­дар ара­сын­дағы байланыс әлсіз. Соның салдарынан жұмыс беру­шіге қа­жет маман даярланбайды, ал жас түлек жұмыссыз қала­ды», – дейді депутат Ажар Сағындықова.

Кездесуде колледж оқыту­шы­ларының төмен жалақысы да көте­р­ілді. Бұл – кадрлардың тұр­ақ­та­мауы­на, тәжірибелі маман­дар­дың басқа салаға кетуі­не, соның сал­дар­ынан білім сапа­сының төмен­деуіне әкеліп отыр. Ажар Сағын­дықова бұл мәселені салалық министрлік деңгейінде көтеруге уәде берді.

                                                                             коллаж: Елдар ҚАБА

Колледж директорлары орта арнаулы және жоғары білім ара­сын­дағы теңсіздікке де назар аудар­ды. ҰБТ-ны бірнеше рет тап­сыру мүмкіндігі жастарды ун­и­верситетке ұмтылуға итерме­лейді. Нәтижесінде, колледждер талап­керлерден айырылып, ал еңбек нарығында жұмысшы ма­мандар тапшылығы күшейіп келеді. Материалдық-техника­лық база­ның әлсіздігі де  өзекті мәселе. Қым­бат құрал-жабдық­тар бірнеше жылда ескіріп қала­ды. Дуалды оқы­ту жүйесін дамы­ту қажет бол­ғанымен, жұмыс берушілерді бұл процеске тар­тудың нақты тетігі әлі де жолға қойылмаған.

«Жұмыс таппаған соң кәсіп аштым»

Мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған жастардың бірі – атыраулық Нұрсұлтан Әлиев (аты-жөні өзгертілген). Ол кол­леджде логистика маман­дығын бітіргенімен, бірнеше ай бойы жұмыс таба алмаған.

– Жұмыс берушілер тәжірибе сұрайды, ал бізге оны ешкім бер­мейді. Ақыры тәуекелге барып, шағын жүк тасымалдау қызметін аштым. Қазір өзіме де, өзгеге де жұмыс беріп отырмын, – дейді ол. 

Атырау политехникалық  жо­ғары колледжінің 4-курс студенті Райхан Жұмабайқызы «токарь – ерлерге ғана тән мамандық» деген түсінікті жоққа шығарып отыр. Ол колледжде оқи жүріп-ақ AtyrauOil Service ком­пан­иясында өндірістік тәжірибеден өтіп, бүгінде ЧПУ станоктары­ның опера­торы ретінде нақты өндіріс­те еңбек етіп жүр.

«Ісің жаныңа жақын болса, оқу да, жұмыс та қиын емес. Кол­леджде алған білімімнің ар­қа­сында қазір өз мамандығым бойынша жұмыс істеп жүрмін», – дейді Райхан. Жас маманның айтуынша, дуалды оқыту жүйесі студентке ерте бейімделіп, тә­жірибе жинауға мүмкіндік береді. 

Жыл басынан бері Атырау облысында 24 мыңнан астам жас «Мансап» орталығына жүгінген. Оның ішінде:

• 7 121 жас жұмыспен қам­тылған;

• 4 мыңға жуық жас тұрақты жұмыс тапқан;

• 3 154 жас субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілген;

• 114 жасқа 400 АЕК көл­емінде қайтарымсыз грант берілген.

Бұл  қолдаудың бар екенін көрсетеді. Алайда бұл шаралар жүйелі шешімге айналмай отыр.

Қорыта айтқанда, Атырауда өткен кездесу бір шындықты анық көрсетті: техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде проблема көп, ал нақты шешім аз. Егер кадр даярлау еңбек нары­ғымен нақты үйлеспесе, кол­ледждер қанша маман даяр­ла­са да, жұмыссыздық мәселесі ше­шіл­мейді.

Ендігі сұрақ – бұл түйткілдер кезекті жиынның хаттамасында қалып қоя ма, әлде нақты шешім қабылданып, жүйе түбегейлі өзгере ме?

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау