in

Конституциялық реформа: трансформация дәуірі басталды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрыл­ған комиссияға Конституциялық Соттың төрағасы Эльвира Әзі­мо­ва жетекшілік етеді. Төраға орын­­­­басарлары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Премьер-ми­нистрдің орынбасары – Мәде­ниет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Алғашқы отырыста Комиссия және Конституциялық Соттың тө­рағасы Эльвира Әзімова бір па­латалы Парламент құру бас­та­ма­сын Мемлекет басшысы 2025 жыл­дың 8 қыркүйегіндегі «Жа­сан­ды интеллект дәуіріндегі Қа­зақ­стан: өзекті мәселелер жә­не оны түбегейлі цифрлық өзгеріс­тер арқылы шешу» атты Жол­дауын­да көтергенін атап өтті. 

– Мемлекет басшысы «Күш-ті Пре­зидент – ықпалды Парла­мент – есеп беретін Үкімет» тұ­жы­рымдамасы негізінде елімізде бір палаталы Парламент құру бас­тамасын көтерді.

Өздеріңізге белгілі, Парла­мент­тік реформаны әзірлеу жө­нін­дегі жұмыс тобы 2025 жылғы қазан айынан бастап белсенді жұ­мыс атқарды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен сарапшы­лар, саяси партиялар және қо­ғам­дық ұйымдардың өкілдері кірді. Осы уақыт аралығында жұ­мыс тобы барлық ұсынымдар­ды мұқият зерделеп, жүйеледі, сон­дай-ақ азаматтардан келіп түс­кен ұсыныстарды жан-жақты тал­дады.

Азаматтар өз ұсыныстарында тек бір палаталы Парламент мә­селесін ғана көтерген жоқ. Осы­ған орай, Мемлекет басшысы Конс­титуциялық реформа жө­нін­­дегі комиссия құру туралы ше­шім қабылдады, – деді Э.Әзі­мова. Ал Мемлекеттік кеңесші, ко­миссия төрағасының орын­басары Ерлан Қарин жаңа ко­мис­сия осыған дейін әрекет ет­кен Парламенттік реформа жө­ніндегі жұмыс тобының заңды жалғасы екенін тілге тиек етті. Мем­лекеттік кеңесші Парла­мент­тік реформа жөніндегі жұ­мыс тобының қызметіне тоқ­талды. 

– Өздеріңіз жақсы білетіндей, өткен жылдың 8 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бір палаталы Парламентке көшу туралы бастама көтерді. Мұны ел азаматтарының көпшілігі қолдады. Қазан айында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген зерттеуге сүйенсек, респонденттердің 70 пайызға жуығы осы идеяға қолдау білдірген.

Бір айдан кейін 8 қазанда Президент Өкімімен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрыл­ды. Оның құрамына Парламенттегі саяси партия фракцияларының жетекшілері, белгілі заңгер-ғалым­дар, сарапшылар мен қоғам белсенділері, Ұлттық құрылтай мүшелері енді, – деді Ерлан Қарин.

Оның айтуына қарағанда, Конституциялық ре­формаға қатысты 7 саяси партия, 16 қоғамдық ұйым өз ұсыныстарын жіберген. Азаматтар е-Otinish және eGov порталдары арқылы 600-ден астам ұсыныс жол­дапты. 20 қараша мен 19 қаңтар аралығында жұмыс тобының 6 отырысы өткен. Соңғы жиынға қатысқан Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстармен, ортақ ұстанымдармен танысты. Әрі Президент бұл ұстанымдарды қолдады. 

Сонымен қатар Комиссия төрағасының орын­басары Ерлан Қарин 20 қаңтарда өткен Ұлттық құ­рыл­тайда Президент айтқан ұсыныстарға жан-жақты тоқталды. Конституциялық реформалардың негізгі ережелерін талдады.

– Мемлекет басшысы: «Еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік инсти­туттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек», – деп нақты атап өтті. Шын мәнінде, жаңа кезеңде жаңа өкілеттікке және ерекше атауға ие болған Құрылтай қазақ жеріндегі парламентаризмнің тамыры тереңде жатқанын аңғартады, – деді Ерлан Қарин. 

Сонымен бірге  болашақта «Құрылтай» аталатын бір палаталы Парламенттің депутаттар санына, кан­дидат­тарға қойылатын талаптарға, сайлау жүйесіне тоқталды. Оны айтуынша, Құрылтай депутаттарының саны 145 болады, кандидаттарға қойылатын талап өзгермейді, толық пропорционалды сайлау жүйесі енгізіліп, депутаттардың өкілеттілік мерізімі 5 жыл болады. 

Дегенмен Мемлекеттік кеңесші конституциялық реформаға қатысты түпкілікті шешім Жалпыұлттық референдумда қабылданатынын атап өтті. 

Ал Президенттің құқықтық мәселелер жөнін­дегі көмекшісі Ерлан Жиенбаев Қызылордада өт­кен Ұлттық құрылтайда айтылған бірқатар ұсыныс­тардың жай-жапсарын түсіндірді. Ол Вице-президент институтын енгізудің ерекшеліктерін атап өтті. 

– Президент бірқатар елдерде бар Вице-прези­дент институтын енгізуді ұсынды. Мемлекет бас­шысы­ның өзі атап өткендей, біздің жағдайымызда бұл лауазымды енгізу мемлекетті басқару процесін тұрақ­тандырады. Сондай-ақ билік иерархиясын біржола айқындап береді, – деді Ерлан Жиенбаев.

Вице-президентті Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды деп күтілуде. Онда да үміт­кер депутаттардың көпшілігінің қолдауына ие болуға тиіс. Ал Вице-президентті қызметінен Президент босатады. 

Вице-президенттің құзыретіне Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін біл­діру, Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемле­кеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Пре­зидент­тің атынан өкілдік ету кіреді.

– Вице-президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде Вице-пре­зидент саяси партияның мүшесі болмауға тиіс. Мұндай тәртіп саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымға сәйкес келеді, – деп атап өтті Ерлан Жиенбаев. 

Сонымен қатар ол Халық Кеңесін құру, құра­мын қалыптастыру тәртібі, өкілеттіктері мен қыз­ме­тін ұйымдастыру мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, Ұлттық құрылтайда Президент ұсынған бастамаға сәйкес құрылатын Халық Кеңесін жасақтауға қатысты құқықтық нормалар бөлек конституциялық заңмен айқындалғаны жөн. 

– Халық Кеңесінің мәртебесін Конституцияда бекіту мақсатында онда жеке бөлім көздеу ұсынылады. Біріншіден, Халық Кеңесі Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы екендігі туралы нор­маны көздеу қажет. Құрамы Қазақстан Республика­сы азаматтары қатарынан Мемлекет басшысы тара­пынан қалыптастырылатындығын қамту ке­рек. Сондай-ақ Халық Кеңесінің мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша қо­ғам­дық келісімді, жал­пы­ұлттық бірлікті және ынты­мақтастықты нығайтуға, мемлекет қызметінің қағи­даттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге қатысты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу жөніндегі негізгі өкілеттіктерін регламенттеу қажет. Сонымен қатар Президент Халық Кеңесі заң шығаруға бастамашылық ету құқығына ие болуы қажеттігін атап өтті. Бұл да Конституцияда бекітілуге тиіс. Халық Кеңесінің құрылу, құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру мәселелері бөлек конституциялық заңмен айқындалатын болады. Халық Кеңесінің жоғарғы органы жылына кемінде бір рет шақы­рылатын Сессия болады. Осылайша, Халық Кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы және Ұлттық құрылтай тәрізді тұрақты жұмыс істейтін орган болмайды, – деді Ержан Жиенбаев.

Жалпы, Комиссияның алғашқы отырысында көптеген ұсыныс айтылды. Айталық, Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ ұлттық мемле­кетті нығайту және республиканың идеологиялық бағытын айқындау үшін Конституцияның преам­буласын жаңартуды ұсынса, тағы бір депутат Ма­рат Башимов алдағы болатын қайта құрулардың саяси тұрақтылықты нығайтуға, мемлекеттік басқару­дың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құ­қық­тарын қорғауға бағытталғанына тоқталды. Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай Конституцияда дінді мемлекеттен бөлу туралы тікелей норманы бекіту қажет деп санай­тынын алға тартса, Республикалық адвокаттар алқа­сының төрағасы Мәди Мырзағараев азаматтар­дың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталған өз ұсыныстарын айтты. Ол өз баяндама­сында соттың санкциясынсыз қамауда ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқарту қажет екенін алға тартты. 

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев әмбебап және барлығына бірдей: қарттар мен сәбилерге, ерлер мен әйелдерге, дінге сенушілер мен атеистерге қолданылатын іргелі адам құқықтарын бекіту қажеттілігін атап өтті. Оның пікірінше, негізгі бостандықтардың ішінде өзіне және жақындарына қарсы куәлік бермеу және өзінің кінәсіздігін дәлелдеу құқығын тікелей көрсету қажет.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Ел­нұр Бейсенбаев Конституцияда тек ер мен әйел арасындағы некені бекітуді ұсынса, депутат Мұ­рат Әбенов Конституцияда зияткерлік меншік пен шығармашылық бостандықты қорғау туралы нормаларды бекітуді ұсынды. «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры, белгілі журналист Дихан Қамзабекұлы болса, білім беру және тәрбие жүйесіндегі зайыр­лылық қағидаттарын нығайту мәселесін көтерсе, М.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев Конституциядағы терминологияның сәйкессіздігін жоюды ұсынды. Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов интернет алаяқтыққа қарсы тұру үшін конституциялық негіздерді нығай­туды, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Пе­руа­шев азаматтар мен бизнестің жеке меншігін консти­туциялық қорғауды күшейтуді, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жекелеген аумақтар үшін арнайы құқықтық режимдерді конституциялық тұрғыдан бекітуді ұсынды.

Комиссияның екінші отырысында конституция­лық реформаға байланысты келіп түскен ұсыныстар талқыланды. Тікелей эфирден көрсетілген іс-шара ашықтық пен жариялылық қағидаттарына негізделді. 

Отырыстың модераторы, Қазақстан Республика­сы Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Әзімова комиссияға 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін, олардың барлығы біртұтас Жинақталған кестеге топтастырылғанын атап өтті. Ол азаматтар мен сарапшылардың белсенді қатысуы конституциялық өзгерістердің қоғамдық маңызын және реформаға деген жоғары қызығушылықты көрсететінін айтты.

– Мұндай диалог форматы реформаның негізгі қағидатын көрсетеді: Конституциялық реформа ең алдымен халықтың мүддесі үшін және оның тікелей қатысуымен жүргізіледі, – деді Эльвира Әзімова.

Отырыс аясында Әділет министрі Ерлан Сәрсем­баевтың, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың және Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның баяндамалары тыңдалды. 

Өз сөзінде Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Конституцияға бірқатар негізгі өзгеріс енгізуді ұсынды. Министр Үкіметтің, Конституциялық Сот­тың, прокуратура және сот билігі органдарының жекелеген функцияларын, құқық қорғау тетіктерін, жергілікті өзін-өзі басқаруды, жекелеген аумақтарда арнайы құқықтық режим белгілеу қағидаттарын, сондай-ақ Конституцияға өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу тәртібін регламенттейтін Консти­туцияның бөлімдері мен баптарына өзгерістер енгізу ұсынылатынын атап өтті. 

Ал Нұрлан Бекназаров бір палаталы Парламентке өтуге байланысты қолданыстағы Конституцияның «Парламент» бөлімінің бірқатар баптарына оның құрылуы, сайлануы, құзыреті, өкілеттігі, заң қа­былдау процестері мен құрамына қатысты маңызды өзгерістер енгізу көзделгенін, бірқатар баптардың күші тұтастай алынып тасталғанын айтты.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракция­сының мүшесі Снежанна Имашева бірінші отырыс қорытындысы бойынша дайындалған салыстырмалы кестені таныстырып, Преамбула мен 1-39 баптарды жүйелі түрде қарауды ұсынды. 

– Конституцияның преамбуласы – бұл тек кіріспе емес, Негізгі заңның идеялық-моральдық өзегі, мақсатты айқындайтын және мемлекеттің даму бағытын белгілейтін негізгі бағдар, – деді Снежанна Имашева.

Одан кейін Конституцияның I және II бөлім­деріндегі нормалар талқыға салынды. Соның ішінде құқықтық және зайырлы мемлекет принциптерін бекіту, адам қадір-құқығын, өмір сүру құқығын, жеке еркіндік пен тұлғаның қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ жеке өмір мен жеке деректерді қорғау мәселелері сөз болды. Сонымен қатар конституциялық принцип­тердің нормативтік мәртебесін күшейту және олардың практикалық қолданылуын қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар талқыланды.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия­ның үшінші отырысы да ұсыныстарды талқылауға арналды. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Комиссия жұмысы қоғамның заманауи сұраныс­тары­на жауап беретін Ата Заңды дайындауға бағыт­талғанын атап өтті. 

– Бүгінде біз қолданыстағы Негізгі заңға түзе­ту­лер енгізу бойынша ғана емес, сонымен қатар Әділетті Қазақстанның сұраныстарына жауап беретін жаңа Конституциясын іс жүзінде қалыптастырып жатырмыз. Бұл – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген билік архитектурасын жүйелі түрде қайта құру деген сөз. Ол бүкіл реформаның нақты логикасын айқындайды. Бүгінгі Конституциялық комиссияның жұмысы Парламенттік реформадан бастау алды. Өйткені конституциялық өзгерістердің үлкен бір бағыты Парламенттің болашағына байланысты. Барлық фракция жетекшілері, осындағы біраз әріптестеріміз дәл сол парламенттік реформаның жұмыс тобының қызметіне белсене атсалысты. Жарты жыл бойы болашақ Парламент құрылымы мен құзіреті төңірегінде нақты нормалар әзірлеп, ұсыныстар берді. Әр партияның саяси ұстанымы мен көзқарасы жұмыс тобында нақты көрініс тапты, – деді Елнұр Бейсенбаев.

Ол бір палаталы Парламентке көшу заң шы­ғару ісін жеделдетіп, саяси партиялардың рөлін күшейтетініне әрі депутаттардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыратынына назар аударды.

Ал Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов ұсы­ныл­ған өзгерістер формалды жаңғырту шең­берінен шығып, мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасын қалыптастыруға арналғанын атап өтті.

Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев қоршаған ор­таны қорғау мәселесін Ата Заң арқылы міндеттеуді ұсынды. 

– Сондай-ақ 31-бапқа азаматтардың табиғатты сақтау міндетін енгізіп, мемлекеттің қоршаған ортаны қорғау мақсатын айқындауды, ал лауазымды тұлғалардың экологиялық деректерді жасырғаны үшін жауапкершілігін күшейтуді қажет деп санаймыз. 61-бап бойынша Құрылтайға қоршаған ортаны қорғау заңдарын реттеу құзіретін беру біздің экологиялық саясатымызға конституциялық күш береді деп білемін. Бұл ұсыныстар келер ұрпақ алдындағы біздің жауапкершілігімізді нақты айқындайды, – деді Серік Егізбаев.

Мәжіліс дептутаты, «AMANAT» партиясы фрак­ция­сының мүшесі Айдос Сарым болашақта Құрылтай депутаттарының өкілеттілігі 1,5 есе артатынын айтты. 

– Меніңше, Конституцияның 53-бабы бола­шақ Құрылтайдың жұмысымен байланысты ең маз­мұнды түбегейлі өзгерістерді көздейді. Бұл – қоғамымызға қажетті, қоғам бізден күтіп отырған өзгерістер. Бұл өзгерістер еліміздегі мемлекеттік бас­қару архитектурасы мен жүйесін байыпты түрде өзгертіп, тұрақтандырады, билік тармақтары арасындағы қажетті теңгерімді қамтамасыз етеді, өкілдік, атқарушы және сот билігі арасындағы тежеу мен теңгерім тұжырымын іске асырады. Ал салыстырмалы кестеде ұсынылған жаңа редакцияда, 23 тармақ бар екеніне назарларыңызды аударғым келеді, яғни өкілеттіктер көлемі бір жарым еседен астам артады. Бұл жаңа өкілеттіктердің барлығы жалпыұлттық референдумда мақұлданған жағдайда тиісті Конституциялық заңдар аясында нақтыланып, жүзеге асырылатын болады. Аталған өзгерістер түрлі қоғамдық алаңдарда бірнеше рет айтылып, жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды және Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құ­рыл­тайда Мемлекет басшысының тарапынан тұжырым­дамалық тұрғыда қолдау тапты. Сондықтан бұл тұжырымдамалық өзгерістерді біз қолдаймыз, – деді Айдос Сарым.

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Комиссияның алғашқы екі отырысында айтылған ұсыныстардың құжат жобасынан көрініс тапқанына көңілі тола­тынын білдірді. «Преамбула мәтінінде «мәдениет және білім құндылықтарын, ғылым мен инновация жетістіктерін бағдарға ала отырып» деп жазылуы Конституцияның саяси-құқықтық және бағдар­ламалық құжат екенін дәйектей түседі. Осылайша, Конституция заңдармен ғана шектелмей, білімге, ғылымға, инновацияға, мәдениет пен ұлттық рухқа да бағдар беретіндей болуы керек. Білім мен ғылым – адам әлеуетін дамытуға, инновация – технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге, мәдениет пен рух – халықты біріктіруге қызмет етеді», – деді Үнзила Шапақ.

Жалпы, алғанда Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның алғашқы үш отырысы Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің басым бөлігін талқыға салды. Комиссия төрағасы Эльвира Әзімова комиссияның төртінші отырысында ұсыныстарды жоба мәтініне айналдыра отырып, қарастыруды ұсынды. Төртінші отырысы 28 қаңтарда өтеді. 

Ардақ СҰЛТАН