Қазақстан бұл жаһандық форумға алғаш рет бірыңғай Ұлттық павильонмен қатысып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл шикізаттық емес экспортты дамыту және отандық агроөнеркәсіпкешені өнімдерін Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы елдерінің басым нарықтарына ілгерілету жөніндегі мемлекеттік саясат аясында ұйымдастырылды.
Ұлттық павильонды аралап көрген Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров еліміздің көрмеге қатысуының стратегиялық маңызына тоқталды.
«Gulfood 2026 көрмесіне қатысу – еліміздің халықаралық нарыққа сапалы, қауіпсіз әрі бәсекеге қабілетті агро азық-түлік өнімдерін сенімді жеткізуші болуға дайын екенін көрсететін маңызды қадам. Бұл алаң халықаралық дистрибьюторлар мен трейдерлермен тікелей B2B байланыстар орнатуға, Таяу Шығыс, Парсы шығанағы, Африка және Оңтүстік Азия нарықтарына қазақстандық өнімдердің экспортын кеңейтуге, Kazakhstan брендін ілгерілетуге, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніне шетелдік инвестициялар мен технологиялық серіктестер тартуға мүмкіндік береді», – деді министр.
Әлемдік жетекші брендтермен бір алаңда 30 қазақстандық компания өз өнімдерін ұсынып отыр. Онда экспортқа бағытталған 300-ден астам өнім атауы бар, оның ішінде дәнді дақылдар мен оларды терең өңдеу өнімдері, ұн, ет және сүт өнімдері, өсімдік майлары мен май өнімдері, сондай-ақ жоғары қосылған құны бар қайта өңделген өнімдер ұсынылған. Отандық өндірушілердің көпшілігі халықаралық аккредитациядан өткен және Halal стандарттарына сай келеді. Олардың қатарында Baltic Control Kazakhstan, Olzha Agro, Atameken Agro, Green Vitamin, QAYIP ATA және басқа да компаниялар бар.
«Қазақстанның көрмеге қатысуы республикалық бюджет қаражатынсыз ұйымдастырылды, яғни барлық шығынды компаниялардың өздері көтерді. Бұл бизнес саласының халықаралық нарықтарға деген қызығушылығының жоғары екенін және экспорттық әлеуетті дамыту жолындағы стратегиялық көзқарасын айқын көрсетеді. Қазақстан әріптестікке, инвестицияларға және бірлескен бастамаларға ашық», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Айта кетейік, Gulfood көрмесі жыл сайын әлемнің 190-нан астам елінен мыңдаған компания мен кәсіби келушіні біріктіріп, азық-түлік тауарларының халықаралық саудасын дамытудағы негізгі платформа саналады. Gulfood 2026 көрмесі 30 қаңтарға дейін жалғасады.
