Сөз өнерінің сардары елу жылдан астам уақыт бойы айтыс өнерінің жандануына өлшеусіз үлес қоса білді. Таяуда ақынның дәл туған күнінде ағамыздың шаңырағына арнайы жол түсті. Жетпістің бел ортасына келген қазақ руханиятының көрнекті өкілін мерейтойымен құттықтап, сүбелі сұхбат құрып қайттық. Сұхбат барысында ақын сәулелі ғұмырындағы қуанышы мен өкініші, өмірден өткен достары туралы жан-сырын ақтарды.
– Жүрсін аға, өлең дейтін өлкеде өмір сүргеніңізге көп болды. Өлең сізді тапты ма, сіз өлеңді іздедіңіз бе?
– Өлең мені тапқан жоқ, мен өлеңді тапқан жоқпын. Ақындық – адам баласына Құдайдан берілетін, аспаннан түскен ғайып өнер. Сол өнер менің де басыма қоныпты.
– «Ақын боп өмір кешу оңай деймісің, қарағым, аузында жүру сыздаған ауыр жараның» дейді Төлеген ақын. Сіз үшін ақын болу деген не?
– Ақын болу – жүректе туған жан сырыңды елге бөлісу. Мүмкіндігің болса барыңды ашып айту, халыққа жеткізу деп білемін. Ақындық деген одан басқа ештеңе де емес. Төлегеннің де, Мұқағалидың да, Қасымның да ақындық қағидасы осы ғой деп ойлаймын. Өзім де сол жолдамын. Ақын болудың негізгі миссиясы – ішіңде жиналған ой-пікірді, жүрегіңді мазалаған сезімдерді халқыңа жеткізу, сол арқылы рухани үндестік табу.
– Қаламгер саясаттан бөлек өмір кеше ала ма?
– Кешеді. Қазір менің саясатпен шаруам жоқ. Алайда ел ішінде болып жатқан саяси үдерістен тыс қалмай, назарымда ұстаймын. Қазіргі уақытта конституциялық реформаларға байланысты қоғамдық пікірталас қызу жүріп жатыр. Бұл жағдайдың бәрін жіті бақылап отырамын. Осындай саяси оқиғаларға қатысты менің де өз пікірім бар. Бірақ оның барлығын айтып, жұртқа жария етпеймін.
Айтыс өнері менен көп нәрсені алып қойды
– «Айтысты тірілтемін деп жүріп, өзім өлуге айналыппын» деген едіңіз. Ғұмырыңыздың көп уақытын айтысқа арнадыңыз. Бұл өнер сізге не берді?
– Иә, айтылған сөзде шындық бар. Айтыс өнері менен көп нәрсені алып қойды. Алтын уақытым, отты да жігерлі шағым осы жолда өтті. Сол себепті біраз уақыт өлеңнен шет қалғаным да рас. Осы жағдайым үшін өкінемін. Біршама уақыт бойы көп дүние жазылмай қалды. Дегенмен тағдырдың бергеніне шүкір етемін, осыған да тәубе деймін.
– «Жалаң аяқ жар кешіп жүріп», айтысты тірілттіңіз. Осы өнерді қолға алған кезде алдыңызда қандай мақсат тұрды?
– Мен айтыс өнерін сонау 1974 жылы бастадым. Содан бері арада жарты ғасырдан астам уақыт зулап өтіпті. Бұл өнерді қолға алған кезде алдымызда тұрған негізгі мақсат – ақсүйек өнерді тірілту, қазақтың шапан киген өз өлеңін шекпен кигізіп өзіне қайтару еді. Сол арқылы ұлттық рухты көтеріп, елдік мұраттарды насихаттауға күш салдық. Бар ғұмырымның елеулі бөлігі осы жолмен сабақтасып жатыр. Елу жылдан астам уақыт бойы сол мақсатқа жету жолында қызмет еттім.
– Манап Көкенов, Тәушен Әбуова, Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбіл, Ерік Асқаров, Әзімбай Жанқұлиев… Айтыс өнерінде ізі қалған тағы кімдерді жоғалттық?
– Негізгі адамдар өзіңіз атап өткен сол есімдер ғой. Табиғи айтыстың үлгісін көрсете білген Әселхан Қалыбекова, Тәушен Әбуова, Қонысбай Әбіл сынды ірі тұлғаларымызды қазір сағынышпен еске аламыз. Кезінде Көпбай Омаров деген талантты ақын болды. Кейін Ташкентте жүріп, 60 жасында дүниеден өтті. Әсияның мақамы, Қалыбекованың ешкімге ұқсамайтын өзгеше дарыны, Қонысбайдың шындықты ту еткен жырлары халықтың жадында қалуға тиіс. Олардың әрқайсысы айтыс өнеріне жаңалық әкеліп, көне дәстүр мен жаңа заманның арасын жалғаған ірі таланттар болды.
– «Батпақтап Торғайға барып, батпақтап Оралға барып ақын іздеп жүргенімде айтыстың ешкімге қажеті жоқ еді. Бүгінде бұған еге болатындар табылды» деген едіңіз бір сұхбатыңызда. Қазір де сол пікірдесіз бе?
– Қазір бұл пікірімнен айныдым. Менің батпақ кешіп, ақын іздеп жүргенім 1984 жылдың көктемі болатын. Батпақтап Торғайға да, Оралға да бардым. Ал қазір айтыс өнеріне бет бұрған жастар шет-шетінен өздері келе жатыр. Әсіресе, студенттер, аспиранттар айтысты өздері іздеп келетін болған. Бұрын мен оларды іздесем, енді олар мені іздеп келеді. Айырмашылық осыдан-ақ аңғарылады.
Бір жаманның бір жақсысы болады
– Айтыс деп жүріп, шығармашылығыңыз сырт қалып қоймады ма?
– Шығармашылығым сырт қалып қойғаны рас. Шынында айтыс көп уақытымды алып қойды. Осы үшін өкінгеніммен, бірақ бұл – халыққа қызмет ететін өнер. Айтыс өнері жеке шығармашылығыма көп зиянын тигізгенімен, халыққа пайдасын беріп жатыр деп ойлаймын. Бір жаманның бір жақсысы болады емес пе?!
– Өмірде бірге жүрген достарыңыздың да шеті ыдырап жатыр. Әсіресе, «Несағаның қайғысы жаныма қатты батты» деген едіңіз. Достық деген ұғым қандай болуы керек? Сіздің жан аяспас достарыңыз кім еді?
– Кіммен өмір сүрсең, өзің де сондай боласың. Өкінішке қарай, талай аяулы достарым бұл дүниеден өтті. Ең жақын досым Несіпбек Айтұлы еді. Ол – қазақтың сұрапыл талантты ақыны болған. Одан бөлек, профессор Асқар Егеубаев, Намазалы Омашев, «атағы жоқ академик» Тұрсын Жұртбай, қазақ журналистикасының көшін бастап тұрған Жанболат Аупбаев сияқты азаматтар бар. Менің достарым осы кісілер еді. Айналаңдағы достарың қандай болса, өзің де соған ұқсай бастайсың. Бұл достыққа ештеңе де жетпейді.
– Елімізде нағыз айтыс өнерінің мектебі қалыптасты деп айта аламыз ба?
– Иә, қалыптасты деп айта аламын. Бұлай деуге толық негіз бар. Оның бірден-бір көрсеткіші – қазір барлық облыста Айтыс одағының филиалы жұмыс істейді. Қазақстанның біршама облысында айтыс өнерінің мектебі ашылған. Орал өңіріндегі Жымпитыда Жүрсін Ерман атындағы ақындар мектебі бар болса, Қызылжарда Ерік Асқаров атындағы жас ақындар мектебі талапты балаларды тәрбиелеп отыр. Түптеп келгенде, осының барлығы айтыс өнерінің жетістігі деуге болады.
Қазір айтысқа қуатты, қарымды жастар келіп жатыр
– Қазір айтыс өнерінде жаңа буын қалыптасып келе жатыр. Осы бір ұлттық өнерге ден қойған жас толқынның ізденісіне көңіліңіз тола ма?
– Бүгінгі буынға көңілім толады. Қазір айтыс өнеріне қуатты, қарымды жастар келіп жатыр. Бір толқынды бір толқын қуып, бірінен-бірі асып түсетін небір дарынды ақындар көптеп келе бастады. Осындай таланттардың арқасында қазақ айтыс өнерінің дариясы толысып, кемелдене түспек. Мәселен, Қызылордадан шыққан Орынбасар деген жігіт әуелде жыршы, термеші болып шықса, қазір айтыстың алдыңғы шебіне шықты. Бұдан өзге Нұрбол Жауынбаев атты ақтөбелік ақынның өнері қандай тамаша?! Айтыс өнеріне келіп жатқан бүгінгі жастардың аяқ алысы қуантады.
– Сол бір буынның арасынан айтыс өнерінде қарым-қабілетімен көзге түсіп жүрген, орамды ойларымен көрерменге қуат беретін қандай есімдерді атар едіңіз?
– Қайсыбірін айтайын?.. Оның бірін атасам, бірі қалып қояды. Дегенмен қазіргі қазақ айтыс өнерінің көшін бастап тұрған – Мұхтар Ниязов. Сонымен бірге елуге аяқ басқалы отырған түркістандық Бекарыс Шойбеков бар. Олар айтыс өнеріне жаңалық әкелді, әкеліп те жатыр.
Сырласым да, мұңдасым да – өлең
– Бүгінгі айтыс өнері қоғамда болып жатқан түйіткілдерге қаншалықты үн қосып отыр?
– Негізінен, айтыс өнерінің қамтымайтын тақырыбы жоқ. Қоғамда қандай құбылыстар болса, соның бәріне айтыс үн қатып келе жатыр. Айтыс кезінде біз қозғайтын тақырыптар да сол ел өмірінде болып жатқан оқиғалардан туындайды. Айтыскерлер еш боямасыз, ағаттығы мен артық-кемі жоқ күрделі мәселелерді батыл қозғап жүр.
– Ақындардың көбі «сырласым да, мұңдасым да – өлең» дейді. Сіз ше? Кімге сыр айтасыз?
– Менің де сырласым да, мұңдасым да – өлең. Менің ең үлкен досым – Абай. Әр сөзін салмақтап, әрбір ойымды сол Абай арқылы тексеремін. Одан артық дос бола ма?!
Халыққа рухани азық сыйлау жолында еңбек еттім
– Жүрсін аға, бүгін жетпістің бел ортасына қадам басып отырсыз. Жарты ғасырдан астам уақытты артқа шегерген өмір жолыңызға қарап нендей баға берер едіңіз?
– Аузынан түспейтін темекісі,
Мен екенмін бүгінгі көне кісі.
Бір жанмын басқалардан бөлек ісі,
Туған күнім ақпанның 12-сі…
Артыма көз салсам, өкінетін дүние көп. «Әттеген-ай» дегізген сәттер де аз болған жоқ. Оның қайсыбірін айтайын?! Бірақ пайғамбардың «Өткен іске өкінбе» деген хадисі бар. Сондықтан барлық жағдайға үмітпен қараған жөн. Мен мүмкіндігінше қолымнан келгенін жасадым. Халыққа рухани азық сыйлау жолында еңбек еттім. Сол үшін еш өкінбеймін. Бір адамның ғұмырына жететін қуаныш пен қиындықты, бейнет пен бақытты қатар бастан кешіріп отырмын.
– Әңгімеңізге рақмет! Ғұмырлы болыңыз!
Сұхбаттасқан
Гүлзина БЕКТАС,
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
