Ғалымның азаматтық болмысы бала кезден-ақ қалыптасты. Оның өмірлік ұстанымы мен қайсар рухының қайнар бастауы – әке тәлімі мен Мұхтар Әуезов мектебі десек қателеспейміз. Ал күрескерлік болмысын шыңдаған Алаш өнегесі екені анық.
Қ.Мұхамедханов табанды ізденісімен, мұқият зерттеп-зерделеуімен қазақтың жыраулық, ежелгі батырлық жырларындағы әдеби сөз қолданысы мен байырғы сөз саптау, сөз қолдану мәдениетіне және ескі дүниетанымына сүйене отырып, сол мұралардың тіл тазалығын, ой тазалығын да сақтап қалды.
– Кез келген парасат иесінің орны оның сол өзі сүрген қоғамдағы ақыл-ой, рухани қасиеттердің дамуына қосқан үлесі арқылы белгіленеді. Бұл тұрғыдан алғанда Қайым Сейітқұлұлы өзінің өмір сүруімен де қазақтың қоғамдық ғылымдарының 1930-1990 жылдардың арасындағы шешуші, тұрақты және бағдар ұстар бағанасы болды. Себеп: бұл мерзімде қазақ қоғамдық ғылымдарындағы өте тұрақсыз, тиянақсыз, сатқындық пен сатымсақтыққа негізделген пікірлер орын алып тұрды. Өзгені былай қойғанда, қазақпен бірге өмір сүруге тиісті руханияттың өзегі – Абайдың өзінің діңгектері сан рет шайқалып, сан рет қозғалысқа түсті. Сол арқылы Әуезов бастатқан тұлғалар да алып бәйтеректей құлап барып қайтадан орнына тұрды. Құлап кеткендер қаншама?! Міне, сондай аласапыран кездерде шыбық та болса, бәйтерекке сүйеу болған, өзінің пікіріне адал қайсар тұлғалар болды. Олар жоқ емес, бар. Соның бірі – Қайым Мұхамедханов, – дейді ғылым докторы, абайтанушы және алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай.
«Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталатын Қазақ КСР-ның әнұранын жазған Қайымның еңбектері 1936 жылдан жариялана бастаған екен. Ол артына 100-ден аса өлең мен поэма,1000-нан астам ғылыми еңбек қалдырды. Қазақ әдебиетінде орыс прозасын қазақ поэтикалық тілімен аударған үш қана мысал бар болса, Мұхамедханов аударған Н.Карамзиннің «Сормаңдай Лиза» шығармасы Абай аударған М.Лермонтовтың «Вадим», Шәкәрім аударған А.Пушкиннің «Дубровский»-мен қатар тұр. Қайым пьеса да жазды, аударма да жасады.
Қ.Мұхамедхановты зерттеп, зерделеген ғалымның көбі, оның ғылыми қызметін абайтану мен шәкәрімтану салаларының қалыптасуымен тығыз байланысты деп бағалайды. Абайтанушы, қауымдастырылған профессор Арай Жүндібаева: – Абайдың бейнесі, шыққан ортасы, әулеті, шығармаларының жазылу тарихы, хатқа түсуі мен жинақ болып жарық көруі – мұның бәрін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Осыны алғаш ғылыми тұрғыда тұтас қамтыған тұлға – Қайым Мұхамедханов, – дейді.
Ғалымның ғылыми мұрасындағы шоқтығы биігі Абайдың ақындық айналасы мен шәкірттері туралы еңбектері екені сөзсіз. Қазақ әдебиетінің абайтану тармағына үңілгенде 1930 жылдардың аяғында Абай мұрасына жойылып кету қаупі туған, Абай сөзі бұрмаланып, шығармалары зерттелмей, қолжазбалары мен жеке заттары жоғала бастаған тұстағы Қайымның қажырлы еңбегі мен қайсар рухына қайран қаласың.
– Азаттық аңсары басқа сезімнің барлығынан биік, барлығынан терең Мұхтар Әуезов пен қайыспаған қайсар Қайым Мұхамедхановты сөз сиқырына сұғынтып жүріп орға құлатқан да, өзгелерден бөлекше биік шыңға шығарған да – осы Абай өлеңінің сағымы. Қазақ әдебиетінің көсегесін көгертуге атсалысқан ақынның айнымас жырларын жаңа белеске көтерген аз ғалымдардың жуан ортасында жүріп, сөз сиқырының қиян шыңына көтерілу айтуға ғана оңай: Әйтпесе, Қайым Мұхамедханов үшін үлкен уақыт сыны – қияметтің қылкөпірі болғаны белгілі, – дейді абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы. Ал Қайымның қазақ ғылыми ойын дамытудағы қияметтің қылкөпіріне пара-пар ғұмыры жайлы Тұрсын Жұрбай:
– Бұл ретте қоғамдық пікірді ғылыми ойдың даму бағытын қалыпта сақтап қалудағы Қайымның алғашқы еңбегі Абай, Абайдың айналасы және оның рухани мұрасы туралы болды. Абайдың жеке басын былай қойғанда, оның артын із-түзсіз қалдырғысы келген бағыт болды. Абайда шәкірт те жоқ, Абайдан кейін ақын да жоқ. Абай жалғыз айдаладағы бір қу ағаш. Саясы түсетін ештеңе жоқ. Абай қазақ халқының ақыл-ойын дамытуға ешқандай үлес қосқан жоқ деді. Соны айтқан «сақтаған бәйішев, сол нұрышовтар» өздері қазақтың саясы болғысы келді. Тіпті, оны айтпағанда, сол кездегі алғашқы мақаласын жазып жүрген адамдар 1977 жылы Тұрағұлдың қызы Ақылияның естелігін жариялағанда, менің соңымнан түсіп, соны жариялаған Сағат Әшімбаевқа сөгіс беріп, мені жұмыстан шығарсын деді. Соған дейін өмір сүргендер болды. Олар қазаққа белгілі тұлғалар. Ол тыйылмайтын еді… Қазір де бар «Абайсыз өмір сүреміз, Абай жоқ» деп жүргендер… Абай деп жүріп Абайдың бұтағын қиып жүргендер бар, – дейді.
Мына жалғанда бақ пен сордың арасын айыра алмай, өлермен күй кешіп, өзінше өмір сүретіндер бар шығар. Бірақ адамшылық қарызын білген Қайым ұстазы Мұхтар Әуезовтің бағыт-бағдарымен Абайдың тұңғыш мұражайын ашу, Абай шәкірттері мен ізбасарларының мектебін құру және ойшыл-ақынның құнды сөзін текстологиялық талдау әдісімен сақтап қалу секілді ізденіске толы «тар жол, тайғақ кешулерден» өтті. Сыналды – шыңдалды, қайыспады, сынбады.
– Қайымның ерлігі жекелеген емес бүкіл қоғам жабылған кезде Абайға және оның ғылымына, біліміне, рухына, айналасына бір жас шыбық ретінде қасарып тірелеп тұрып алды. Соның арқасында Абай ғылымы өлген жоқ. Абайдың шәкірттері бар. Демек, артында халқы бар. Егер Абайдың ақын шәкірттері деген ұғымды жойып тынсақ, онда Абай да бітті деген сөз. Оны зерттеген Әуезов кетті деген сөз. Әуезов кетті, Абай кетті… кім қалды? – дейді Т. Жұртбай.
Басының бағы үшін емес, адамдық борышы алдында Тұрсын Жұртбай айтқандай, сатқындық, сатымсақтық асқынып тұрған қоғамда Мұхамедханов халқына адалдығымен, қайсарлығымен шамшырақ бола алды. 1951 жылы М.Әуезовтің ғылыми жетекшілігімен «Абайдың әдеби мектебі» деген тақырыпта қорғаған диссертациясының соңы қызғаншақ, жалақорлардың айтағымен қуғын-сүргінге айналады. Бұл кезең туралы ғалымның өзі: «1951 жылы сәуірде «Абайдың әдеби мектебі» атты еңбегім бойынша кандидаттық диссертация қорғадым. Оның арты дау-шарға, пәле-жалаға ұласты. Ақырында халық жауы ретінде бес адам 25 жылға кесіліп, айдалдық. Олар: Е. Бекмаханов, Е. Ысмайылов, Б. Сүлейменов, Қ. Жұмалиев және мен – Қ.Мұхамедханов» деп естелік қалдырғаны бар.
Тағдыр талқысы аталған бесеуді аямағанын тарихтан білеміз. Қандай азап көрсе де, олардың өмірлік серттен айнымай, ар-ождан алдындағы адалдықтан аттамаған өнегесін үйрене алсақ… «Әуезовке қарсы қол қойғанша, өлгенім артық» деп қасарысқан Қайымға «Әуезовтен, Абайдан бас тарт» деп тергеушілер ойына келгеннің бәрін жасады. Тұрсын Жұртбай Қ.Мұхамедхановтың абақтыда көрген азабы туралы өзінен естіген естелігін еске ала отырып:
– «Мен түрмеде жатқан кезде Әуезов осыны зерттеді, Абайда шәкірт жоқ деген бір-ақ нәрсеге қол қойып бер, болды. Сені босатамыз, кандидаттығыңды қалпына келтіреміз, ректорлыққа ұсынамыз» деді. «Зәрем ұшып кетті, Абай жоқ, оған тіреліп тұрған Әуезов жоқ болса, шәкірттер, бала-шағасы жоқ. Сонда кім қалды… Мен қайтіп, кімге тірек боламын. Одан да сол үшін құрбан болып қанымды төксем, сол тамған бір тамшы қан солардың тамырына тамса, мүмкін, өзегін жалғар деп қолымды тістеніп тұрып, «жоқ» деп айттым. Ыстық камераға салды, қолымды, аяғымды, табанымды күйдірді, терімнің исі шығып тұрса да қоңырсыған, шыдап тұрып алдым. Суыққа салды, қатып қалдым, аяз болып, итеріп қалып еді, тарс ете қалдым мұз сияқты, қапқа салып, ақыры камераға лақтырып кетті, сонда да қайтпадым. Сондағы тірегім Абай еді, сатпадым. Сатып өмір сүргенше, өмір сүрмеген жақсы» деген еді. Міне, Қайымның осы ерлігі қазақтың ғылыми ойын дамытып және тұрақты қайсарлығын ұстап қалудағы көптің көңіліндегі және бүкіл қоғамға, қазақ қоғамына ой салған бір іс болды. Біз де соған үміт арттық. Ал саясат тұрғысынан да, Абай тұрғысынан да, Әуезов тұрғысынан жеке адам тұрғысынан да жалпы өмір сүрудің мақсаты – сатымсақтық деген жоқ, – деп қазаққа сабақ болуға тиіс ғұмырдың – сатымсақтыққа ұрындырмас ғибраты жайында әңгімелеп берді.
Тұрсын Жұртбайдың пайымынша, Қайым Мұхамедхановты шынықтырған үш ұстаным бар. Ол – сатқындыққа тосқауыл қою, ақыл-ойдың сатқындығына тосқауыл қою, көлгірсуге көлденең тосқауыл қою.
– Бұл бізді де, артындағы шәкірттерін де шынықтырды. Оның қазақ қоғамындағы, ар-ұят тазалығын сақтаудағы парасат образы – Қайымның таза тұлға ретіндегі қайсарлық, рух қайсарлығы, – дейді ол.
Қ.Мұхамедхановтың ғылымдағы қайсарлық, адалдық, табандылық өнегесі туралы сөз болғанда, жазушы Марфуға Шапиянның ««Әуезовті сатпаймын» деп азап көрген Қайымнан ұстазы неге кешірім сұрады?» деп аталатын мақаласындағы «Түрмеден босап келген Қайымнан Әуезов: «Енді немен айналысасың?» деп сұрағанда, «Әрине, Абайдың шәкірттерін зерттеймін, кітап жазамын» деп жауап берген» дейтін тұсы еске түседі. Бұл туралы Тұрсын Жұртбайдан сұрағанымызда:
– Мысалы, Қайым түгендемесе, Абайдың немересі Біләл Ысқақовтың өлең жазғанын ешкім де білмейді. «Қорғансыздың күнінде» Ақанның образы болған Біләл Ысқақов Әуезовтің Семейде бірге оқыған досы, жақсы ақын болған. Кәкітай, Көкбай туралы басын тәуекелге байлап жинаған деректер мен дәйектер, Тұрағұлдың аудармалары… бәрі-бәрі Қайымның ғылымдағы үлкен үлесі. Ал Абай өлеңдерінің текстологиясын Мұхтар Әуезовтің көзі тірі кезінде және Мұхтар өзі қол қойып шығарған толық жинақтарының өзіне пікір айтып, сондағы текстологиялық әбестіктер мен қателіктерді, дәлсіздіктерді айтқан Қайым. Кейін Әуезов та қостаған соң Қайымға қарсы шыққандар болды. Егер Қайым болмаса, «Шортанбай, Дулатпенен, Бұқар жырау. Өлеңі – бірі жамау, бірі құрау» болып кетер еді. Бұл Қайымның арқасы. 1984-1986 жылдары Дулаттың, Шортанбайдың кітаптары шықты. Сонда Дулаттың өлеңінің басы, Бұқар жыраудың өлеңінің ортасы… Бірінің өлеңі бірінің өлеңімен араласып кеткен еді. Соны көріп отырып, Абайдың өзі айтқан «Шіркін-ай, сөз ұғарлық кісі болса, кемшілігі әр жерден көрініп тұр-ау» деп, яғни текст әр жерден араласып кеткен. Абай соны айтып отыр. Ал Мұхамедханов болмаса, кейінгі ұрпақ Дулат, Бұқар жыраулардың өлеңін бірі құрау, бірі жамау деп жүрер ме еді, – деді.
Қ.Мұхамедханов еңбегінің бүгінгі күнге дейін әлі де ескерусіз қалып жатқан тұсы – жыраулар әдебиеті ақындарына жүргізген текстологиясы. Т. Жұртбайдың айтуынша, Қайымның еңбегінің үлкен сүбелі және негізгі кеңітіп оқыған дәрісі – Бұқар жырау, Дулат, Махамбет сияқты ақындарға жүргізген текстологиясы.
– Бізде бір тоңмойындық бар және ақылдың тоңмойындығы, бәленбай айтты болды. Сол күйінше қалады. Қайымға қарамайды, шындығы солай. Жалған патриоттық көзқарастар Қайымның Маханбеттің, Шортанбайдың, Бұқар жыраудың тағы да басқа ақындардың өлеңдеріндегі текстологиялық талдауларға көңіл бөлінбей келеді. Бұл өз алдына дербес бір зерттеу, – дей келе, Тұрсын Жұртбай, Абай шығармаларының текстологиясын жасағандай, Қайымның жыраулар әдебиеті ақындары шығармаларының да текстологиясын жасағанын және бұл іздің жалғасу керегін тілге тиек етті.
Қайымның қазақ үшін қастерлі болуға тиіс тағы бір қасиеті өлімнен қорықпай, қаймықпай қарсы тұрғаны. Әр нәрсенің сұрауы мен қайыры бар деген тәмсілге сенетін халықтың дүниетанымында да өлім қорқыныш емес. Ал «Абайды білген, Абайды таныған, Абай өнегесімен сусындаған адамға» Қайым Мұхамедхановтың өзі айтқандай, «… өмірдің тауқыметін жеңіп шығу жеңілірек болмақ». Демек, абақтыда ажал құрсаулап, шыбын жаны шырқырап жатса да өлімге дес бермеген Қайым үшін, өз уақытында келген Алланың берген ақ өлімі қорқыныш болсын ба?!
– Баламсың деп ертіп жүрді, жақсылықты күндерді бірге өткіздік, тіпті 90-ға келіп ұзағырақ жатқан шағында, «Мен өлімнен қорықпаймын, келсін қазір, дайынмын» дейтін. Ажалмен бетпе-бет келіп тұрып, қайсарлықпен сөйлеу Қайымда ғана. Қайым істедім болды, шамам жетті. Демек, ол өзінің әр ісін мінезінің адалдығымен шешкен. Өйткені адал адам айнымайды, өкінбейді, Ісі адал, ешкімге қиянаты жоқ. Өзінше еркімен, өмір сүрді, ешкімге тәуелді болмады. Сондықтан да Қайымның өмірі бүкіл қазаққа үлгі болатындай, әке тұтатындай, әкем болса сондай болсын, ағам болса сондай болсын, ұстазым болса сондай болсын, әдебиетші болса сондай болсын, ғалым болса сондай болсын деп еш алаңсыз, күмәнсіз, құрмет тұтуға болатын тұлға. Қайым сияқты тұлғалар барда, егер алдағы уақытта болса, қазақ ғылымын ешқашанда тот баспайды, – дейді Тұрсын Жұртбай.
Қайым Мұхамедхановтың қайсар ғұмырына рухани тірек болған Абай өнегесі, Шәкәрім ілімі және Әуезов мектебі десек, бұл үш тірек ғалымның ғана емес, барша қазақтың мәңгілік мұратын ғасырдан-ғасырға жалғайтын темірқазығы, шамшырағы деуге болады.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
