Осындай салмақты өсімге құрылыс материалдарын өндіру саласы сүбелі үлес қосып, экономиканың жаңа драйверіне айналды. Бұл туралы Экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысында мәлімделді. Өңдеу өнеркәсібінің көшбасшы бағыттарының бірі саналатын осы секторды дамытуға Мемлекет басшысының өзі мән беріп отыр. Ендеше биыл бұл салада қандай серпін болмақ?
Өткен жылдың өрелі биігі
2025 жылы Қазақстан экономикасының қанжығасы майланды: жалпы ішкі өнімнің жаһандағы жоғары көрсеткіштердің бірін бағындыруы – жай жалаң цифр емес, алмағайып заманда еліміздің одан сайын нығайып, қуаттана түскенінің айғағы.
Қазақстан – бүгінде құрылыс қарқыны жағынан әлемдік «бәйгеде» алдыңғы лекте. Бұл – біреуге мақтаныш, біреуге таңданыс, ал бізге – заңдылық. Бұл үдерісті одан әрі үдетіп, тың түрткі, соны серпін, жаңа тыныс беру үшін қажетті орасан зор әлеует бізде бар! Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында арнайы тоқталды. Біріншіден, қазақ елі заманауи талаптарға сай тұтас жаңа шаһар тұрғызып жатыр. Қазақстан лидері келешектің қаласы Alatau City-дің басталған құрылысы жедел қарқынмен дамитынын атап өтті. Екіншіден, Тоқаевтың айтуынша, еліміз төл шекарасынан тыс жерді де қамтитын кеңауқымды көлік жүйесін қалыптастырды. Сол арқылы Сары мен Қара теңіз арасындағы «алтын көпірге» айналды.
– Қазақстан мұхит жолдарынан тысқары тұрса да, Сары теңіз бен Қара теңіздің арасында жүк терминалдарының желісін қалыптастырды. Еліміздің аумағы арқылы өтетін 12 халықаралық көлік дәлізі – 5 теміржол, 7 автокөлік дәлізі бар. Қытай мен Еуропа арасында құрлықпен жеткізілетін жүктің шамамен 85% осы жолдармен тасымалданады, – деді Президент. Осы халықаралық магистралдардың өне бойында құрылыс жұмыстары жүргізілу үстінде. Бұл – ерік-жігердің жеңісі.
Үшіншіден, тұрғын үй құрылысы үдеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2025 жылы республикада 20 млн 99,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ел игілігіне тапсырылған баспананың жалпы ауданы 2024 жылғыдан 5,1% артты. Ең қызығы, тек қалалықтардың бір бөлігіне қолжетімді зәулім үйлермен шектелмейді. Оның ішінде 13 523,7 мың м2 – көппәтерлі тұрғын үй, 6 416,2 мың м2 – жеке тұрғын үй. Биыл бұл рекордты да жаңарту көзделіп отыр.
Төртіншіден, Қазақстанда әлеуметтік нысандар құрылысы да күш алды. Мысалы, Президент заңсыз активтерді елге қайтару осы салаға қозғау салып, екпін бергенін тілге тиек етті. Арнайы мемлекеттік қордағы қаражат есебінен елде жалпы құны 482 миллиард теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынып жатыр. Қатарында 227 сумен қамту, 183 денсаулық сақтау, 11 білім беру, 5 спорт, 8 инфрақұрылым нысанының құрылысы бар.
Сондай-ақ Павлодар, Арқалық, Балқаш және басқасында жаңа әуежайлардың іргетасының қалануы – елдің аспанында да, жерінде де құтты арттырар шаруалар атқарылып жатқанының белгісі. Қ.Тоқаев бұл жұмыс жалғаса беретінін қадап айтты. Ендеше құрылыстың ары қарай өрістейтін түрі бар. Соған сәйкес құрылыс материалдарына деген сұраныс та арта беретіні даусыз.
Болжамды басып озған сала
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы өңдеу өнеркәсібі секторларының басым бөлігінде оң динамика тіркелді. Бірақ жүзден жүйрік, қарқынымен көш озық шыққаны санаулы. Ең жоғары өсім машина жасауда (+12,9%), химия өнеркәсібінде (+9,8%) және құрылыс материалдарын өндіруде (+9,7%) байқалды. «Өңдеу өнеркәсібінің басты салалардың даму болжамында» құрылыс материалдары өндірісі 2025 жыл қорытындысында 5,6%-ға өседі деп жоспарланған еді. Нәтижесінде, өсім 9,7% жетіп, жоспар шамамен екі есеге жуық асыра орындалды.
«Құрылыс материалдарын шығару көлемі 9,7 пайызға ұлғайды, бұл жоғарғы көрсеткіш негізінен, цемент, тауарлық бетон, құрылыс ерітінділері, әк және құрастырмалы бетон конструкциялары өндірісінің артуы есебінен қалыптасты. Аталған динамика ел аумағында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық және тұрғын үй жобаларымен тікелей байланысты. Сонымен қатар резеңке және пластмасса бұйымдары, қағаз бен картон, дайын металл өнімдері өндірісінде де өсім тіркелді. Мұның бәрі ішкі нарықты отандық өніммен толықтыруға және импортты алмастыруға бағытталған», – деді министрлік өкілдері.
2026 жылы да құрылыс материалдарының өндірісі өнеркәсіп саласының және тұтас экономиканың драйверіне айналады деп күтіледі. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың биылғы алғашқы отырысында жария етілді. Күн тәртібінде 2026 жылы экономикалық дамудың жоғары қарқынын сақтау тетіктері талқыланды.
2026 жылы күш-жігер – ЖІӨ өсімінің негізгі қайнар-көзінің бірі ретінде өңдеу өнеркәсібін дамытуға шоғырландырылмақ. Вице-премьердің тапсырмасымен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі жол картасын әзірледі. Құжатта әрбір сектор бойынша, соның ішінде құрылыс материалдары саласындағы нақты шаралар егжей-тегжейлі пысықталған екен.
Саланың экономикадағы жүйелі әрі шешуші рөлін ескере отырып, бұдан былай Үкімет экономикалық штабтың отырыстарында оның әрбір қосалқы саласын жеке қарайтын болды. Көркем тілмен түйгенде штаб отырысында әрбір кірпіш пен әрбір тақтаның тағдыры жеке қаралатын болды. Бұл – болашағы жарқын салаға деген үкіметтік «махаббаттың» көрінісі болса керек. Және жай қарап қоймай, түйткілді проблемалары, осал жерлері, тосыннан туындаған шектеулер, өсімге кедергі келтіретін тосқауылдар жан-жақты талданып, шешімі ізделмек.
Әрине, бәрі мінсіз десек, ақиқаттан аттап кету болар еді. Саланың талмау тұстары жетерлік. Оның бір тармағы тасымал-логистиканы қамтиды. Мәселен, цемент экспорттайтын ірі қазақстандық компания логистикалық кедергілерге тап болып, өнімін көршілес елге өткізе алмай қалған. Бұл мәселеге мемлекет жедел араласып, қолдау көрсетті. Өңірлік прокуратураның мәліметінше, Жамбыл облысында ірі инвестордың трансшекаралық экспорт мәселесі шешімін тапты. Бұған дейін кәсіпорын Қырғыз Республикасына өнім тасымалдауда күтпеген қиындықтарға кезіккен.
Мәселе облыс прокурорының Қордай ауданындағы бизнес өкілдерімен кездесуінде анықталды. Шекарадағы кідірістер салдарынан экспорттық жобаның тоқтап қалу, зауыттың жабылу қаупі туындапты. Прокуратура Шекара қызметімен және Мемлекеттік кірістер департаментімен хабарласып, іс-қимылды үйлестіру жұмыстарын ұйымдастырды. Экспорт ағындарын баламалы өткізу бекеті арқылы бағыттауға мүмкіндік беретін құқықтық тетіктер табылып, іске қосылды. Айта кету керек, Президенттің тапсырмасымен қазіргі кезде Қазақстанда инвесторлар бойынша омбудсмен функциясы прокуратура органдарына жүктелді.
Инвестиция – сенімнің өлшемі
Қалай болғанда, ел Үкіметі құрылыс материалдары өндірісін «келешегінен мол үміт күттіретін» перзентіндей қызғыштай қорып, мәпелеп өсіретін болады. Сала мәселелерін кешенді талқылау және оның даму әлеуетін айқындау үшін Үкімет жанындағы экономикалық штаб жұмысына салалық қауымдастықтар мен нарықтағы ірі қатысушылар тартылады. Экономика министрлігінің ақпаратынша, қолдау арқасында 2026 жылы құрылыс материалдары өндірісінде кем дегенде 6% өсімге қол жеткізу жоспарланып отыр. Бұл портланд-цемент, керамикалық плиталар, темірбетон бұйымдары мен тауарлық бетон өндіру көлемін арттыру есебінен қамтамасыз етілмек.
Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин бұл сала халықтың өмір сүру сапасының артуын айғақтайтын көрсеткіш, өзіндік бір өмір айнасы екенін жеткізді. Халық жаңа баспанада қоныс тойын тойламаса, қазақстандықтар жылжымайтын мүлікті сатып алуды тыйса, болмаса, экономика еңсесін тіктей алмай, инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандар бой көтермесе, құрылыс материалдарына да сұраныс болмас еді. Сондықтан ол министрлер мен әкімдерге 2026 жылы да осы қарқынды сақтауды тапсырды. Бұл міндеттің орындалуына Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауапты болады әрі жетекшілік етеді.
Өңірлердің ресурстық және инфрақұрылымдық әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін ескере келе, Серік Жұманғарин Жол картасын әзірлеуді жеделдетуді жүктеді. Ол құжат 2026 жылы экономикалық өсім үшін аса маңызды, пәрменді шаралардан, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің ілгерілеу қарқынын қамтамасыз ететін, құрылыс материалдары өндірісін қолдайтын нақты тетіктерден тұруға тиіс. Саладағы серпінді өсім отандық әрі шетелдік инвесторлардың назарын аударды. Ranking агенттігі деректеріне сәйкес, құрылыс материалдарын өндіру саласына салынған инвестициялар 3 еседен астам артқан.
– Қазақстанда құрылыс материалдарын өндіру инвесторлар үшін тартымды бағытқа айналды. Соңғы жылдары бұл өнеркәсіп секторы ел экономикасындағы рөлін күшейтіп, ішкі қосылған құнды ұлғайтты. Бүгінде жаңа тұрғын үйлерді әрлеу мен пәтерлерді жөндеуге қажетті негізгі құрылыс материалдарының үлкен бөлігі отандық өнім. Олар сапасы жағынан импорттық баламалардан кем түспейді. Ең бастысы, қазақстандық кәсіпорындар енді тек минералдық шикізат қана емес, одан дайын құрылыс материалдарын өндіреді. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін компаниялар жаңа өндірістік қуаттарды іске қосуға, технологияларды жетілдіруге және өнім түрлерін кеңейтуге қомақты қаржы салып жатыр, – деді агенттік сарапшылары.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы метал емес минералдық өнімдер өндіру саласында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 222,3 миллиард теңгеге жеткен. Бұл 2024 жылдың қаңтар–желтоқсан айларымен салыстырғанда шамамен төрттен бірге көп. Соңғы бес жылға қарағанда капитал салымы 3,3 есеге артқан.
Өңірлер бойынша деректер құрылыс материалдарын өндіру бизнесі еліміздің әрбір ірі қаласы мен облысында дамып жатқанын көрсетеді. Былтыр салаға ең жоғары капитал салымы Қарағанды облысында (47,2 млрд теңге) және Алматы облысында (30,3 млрд теңге) тіркелді.
Құрылыс материалдары өндірісі экономикалық тартымды салаға айналғанын өзге де деректер дәлелдейді. ҰСБ мәліметіне сай, түрлі ерітінділер, құрғақ құрылыс қоспалары, шпатлевка, сылақ, желім, жіктеу қоспалары және метал емес минералдық өнімдер санатына жататын өзге тауарлар шығаратын қазақстандық кәсіпорындар саны 2020–2025 жылдары екі еседен астам өсіп, 98-ден 212-ге жеткен.
Нарықта негізінен ірі компаниялар басымдыққа ие. Мұны инвестициялар құрылымынан да аңғаруға болады. Мәселен, былтыр сектордағы капитал салымының 70,4% немесе 156,5 миллиард теңгесі компаниялардың меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылған. Соңғы жылдары қазақстандық компаниялар ішкі нарықты негізгі құрылыс материалдарымен толық қамтамасыз ететін деңгейге жеткізді. Импортты алмастыру міндеті шешілген соң, өндірушілер сыртқы нарықтарға да белсенді шыға бастады. Бұл жетістік жекелеген компаниялардың табысын арттырып қана қоймай, ең алдымен Қазақстанның сапалы өнім жеткізуші ретіндегі имиджін қалыптастырып жатыр.
Бүгінде қазақстандық құрылыс компаниялары АҚШ, БАӘ, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және өзге елдерде құрылыс жүргізіп, ішінара қазақстандық құрылыс материалдарын пайдаланады. Сөйтіп, бұл өнімдер экспорттық тауарға айналды. ҰСБ «Талдау» ақпараттық-талдамалық жүйесінің деректеріне сәйкес, өткен жылдың қаңтар–қазанында құрылыс материалдарын өндіруші отандық компаниялар жалпы құны 248,1 млн долларға тең өнімді шетелге экспорттаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 7% артық. Бұған дейінгі жылдарда да өсім қарқыны жоғары болған: 2024 жылы +11,9%, 2023 жылы +29,5%.
Құрылыс – өмірдің айнасы. Егер адамдар үй салып, жол жөндеп жатса, демек, өмір тоқтаған жоқ. Үкіметтің бұл саланы алақанға сала аялауға уәде етуінің сыры да осында. Себебі бүгін қаланған әрбір тас – ертеңгі күннің берік іргетасы.
Айхан ШӘРІП
