in

Коалиция мүшелері Шымкент тұрғындарымен жүздесті

Кеше Шымкент қаласының Қаратау ауданында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы мүшелері жұмыс сапары аясында өңір тұрғындарымен және еңбек ұжымдарымен кездесу өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Делегация құрамында Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков, «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары, фракция жетекшісі, мәслихат депутаты Талғат Балтабаев, партия филиалының жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ғани Ташқараев, «AMANAT» партиясы Қаратау аудандық филиалының төрағасы Бауыржан Кеңесұлы, «Ауыл» партиясы қалалық филиалының төрағасы Ғани Қарабеков, қалалық мәслихат депутаты Лазиз Сулайманов, сондай-ақ ардагерлер мен қоғам белсенділері болды. Мұндағы басты мақсат – жаңа Конституция жобасын түсіндіру және азаматтармен ашық пікір алмасу.

Алғашқы кездесу Әл-Фараби ауданының кітапханасында өтіп, Коалиция мүшелері 15 наурызда өтетін референдумның ел болашағы үшін маңыздылығын атады.

– Жаңа Конституция жобасының басты принципі – адамның құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде бекіту. Құжат жаңа заманның талаптарына сай әзірленді. Қоғам дамыған сайын жаңа түсініктер мен құндылықтар қалыптасады. Осы өзгерістерді бекіту және құқықтық реттеу – уақыт талабы», – деді Талғат Балтабаев.  

Түркістан облысының ардагері Жеңісбек Тұрғанов азаматтық қоғамның жауапкершілігіне тоқталып, реформалар кезеңінде ел бірлігінің маңызы арта түсетінін жеткізді. Ардагер мұндай тарихи кезеңде әр азамат шет қалмай, өз таңдауын саналы түрде жасауы керек. Бұл – болашақ алдындағы жауапкершілік екенін сөз етті.

«Ауыл» партиясы қалалық филиалының төрағасы Ғани Ташқараев Жаңа Конституциядағы әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндіктер принциптеріне ерекше назар аударды.

Оның айтуынша, құжат азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты нормаларды қамтиды.

Сонымен қатар, Коалиция мүшелері Қаратау ауданындағы №3 оқушылар сарайының ұжымымен де кездесу өткізіп, 50-ге жуық қызметкерге жаңа Ата Заң жобасының негізгі жаңалығын түсіндірді. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға спикерлер жан-жақты жауап берді. Артынан Сапар Сайрам тұрғын алабында жалғасып, олар жергілікті тұрғындармен ашық диалог өткізді. Сол жерде Шымкент аграрлық-техникалық колледжінің студенттерімен кездесуде жастары референдумға белсенді қатысуға дайын екенін жеткізді. 

Жалпы кездесулер барысында жаңа Конституция жобасының мазмұны, оның қоғам сұранысына негізделгені және елдің одан әрі дамуына бағытталған стратегиялық құжат екені кеңінен талқыланды. Коалиция мүшелері азаматтарды алдағы референдумда белсенділік танытып, саналы таңдау жасауға шақырды.