Әлеуметтік желіде қасиетті Рамазан айына қатысты түрлі пікір айтылып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Желідегі кейбір оқырман «Оразаны 18 ақпаннан бастап ұстауға болады» деген ақпарат таратып жатқаны белгілі болды. Осыған орай белгілі имам Нұрлан Байжігітұлы биыл ҚМДБ 19 ақпанда Рамазан айы басталады деп белгілегенін еске салды.
«Ораза қашан деп халқымыз бір дүрлігіп қалды. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы 19 ақпан – Рамазан айының бірі деп хабарлаған еді. 18 ақпан күні кешке Ораза тәрәбі намазы оқылады. Алайда араб мемлекеттерінің кейбірі өздерінің әдеттеріне сай ай көру арқылы бүгін кешке тәрәбі оқып, ертең Оразаның бірі деп хабарлап жатқан жайы бар. Өкінішке қарай, Арабияға немесе басқа да дүниелерге еліктеп, ертең ұстауға ниет білдіріп жатқан азаматтарға айтарымыз, 19 ақпанда Оразаны Республика аумағында ұстауыңыз керек болады. Басқа мемлекеттердің ай көргені, басқа да дүниелері біздің есепке жүрмейді», – деді дінтанушы.
Айта кетейік, Қасиетті Рамазан айы биыл 19 ақпанда басталса, наурыз айының 16-нан 17-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. Ал 20 наурыз Ораза айт мерекесі болып белгіленген.
Кестені muftyat.kz сілтемесіне өтіп, қажетті өңірді таңдау арқылы жүктей аласыз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
