in

Ұлттық ұлан ұшқышы 900 сағатын әуеге арнаған

9-сыныптан бастап майор Астана қаласындағы ұшқыштарды даярлайтын оқу-техникалық мектебінде оқып,  әуе кемесін басқаруда алғашқы тәжірибесін жинаған. Кейін білім жолын Алматыдағы Азаматтық авиация академиясында жалғастырады. Жас ұшқыш оқу барысында шетелде тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды. Латвия, Литва және Эстония, Германия, Испания секілді мемлекеттерде тағылымдамадан өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Аспан қателікті кешірмейді. Ол сенен тәртіпті, сабырды және толық дайындықты талап етеді. Әрбір көкке көтерілу бұрынғыдан да мұқият болуға үйретеді. Ұшақ кабинасына отырған сәттен бастап сен ұшақпен біртұтас механизмге айналасың,  –  дейді Ұлттық ұлан ұшқышы. 

Ұшқыштың кәсіби жолы тек оқу-жаттығуларымен шектелмейді. Ол адам өмірі сынға түскен сәттерде де әуеде болды. 

Түркия мен Сирияда болған жойқын жер сілкінісі кезінде Берікболсын Хабиболла Президент тапсырмасын орындауға атсалысты. 3656 әскери бөлімінің авиациялық экипаж құрамында алты рет апат аймақтарына гуманитарлық көмек жеткізді. 

Майор Хабиболла төтенше жағдайда көрсеткен батылдығының арқасында «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Айта кетсек, ұландық ұшқыштар қандай жағдай болмасын елге адал қызмет етуді басты мақсат санайды. 3656 әскери бөлімі құрылғаннан бері олар 100 мыңнан астам адам мен 8 миллион тоннадан астам жүкті тасымалдады.

Берікболсын Хабиболла сияқты Ұлттық ұлан сапындағы ұшқыштар ел сенімін абыроймен ақтап, мемлекеттің әуе қалқанының беріктігін күн сайын дәлелдеуде.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.