Еңбек шартының әділ рәсімделуі, жалақының теңдігі, өндірістегі қауіпсіздік пен объективті тергеу – бәрі де нақты өмірдің сұранысы. Жұмыскерді әлеуметтік кепілдіктен айыратын айла-тәсілдерге тосқауыл қойылса, бұл – тек құқықтық жетістік емес, моральдық жеңіс. Бала күтімімен отырған әке құқығының танылуы да отбасындағы жауапкершіліктің жаңаша бағалануы болмақ.
Жұмыскер мердігер емес
Заңның салмағы, ондағы талаптардың тегеуріні оны бұлжытпай орындау мәдениетімен өлшенеді. Орындалмаса, ең жақсы заңның өзі жай ниет болып қалады. Бір анығы, еңбеккер құқығы, еңбек қадірі жете қорғалған жерде ғана мемлекет қуатты, қоғам орнықты, өсім тұрақты болады.
«Кейбір заңнамалық актілерге қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын Мәжіліс түпкілікті қабылдады. Енді тек сенаторлардың мақұлдауы қалды. Содан соң құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Депутаттардың айтуынша, еңбек заңнамасында жұмысшылардың құқығын толыққанды қорғамайтын, тіпті оған тосқауыл қоятын олқылық көп. Осы жөнсіздіктердің бір тобын жою үшін жаңа заңмен арнайы түзетулер енгізіліп отыр. Біріншіден, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (договор ГПХ) проблемасы. Мәселе неде? Көптеген жұмыс беруші еңбекақы төлеу қорынан қаржы үнемдеу, әлеуметтік кепілдіктерден жалтару, әлеуметтік жарналарды МӘСҚ қорына төлемеу үшін штатын жабады. Қызметкерлерін аутстаффингке шығарып, еңбек келісімшартының орнына олармен тек АҚС шартын жасасады. Қағаз жүзінде «мердігер», іс жүзінде – қатардағы қызметкер.
Ол жұмыскер ары қарай да ішкі тәртіпке бағынады, бекітілген кестемен еңбек етеді, тікелей басшысына есеп береді, тапсырмасын орындайды. Бірақ әлеуметтік кепілдіктерден жұрдай болады. Ауырса, жарамсыздық парағы төленбейді. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шыға алмайды. Жүктілік пен босануға байланысты демалыс құқығынан айырылады. Зейнетақы жарналары аударылмайды, медициналық сақтандырудан қағылады. Қызмет бар, бірақ кепілдік жоқ.
Жаңа заң жобасына сәйкес, жұмыс беруші мен жұмысшының қарым-қатынасында еңбек шартының кем дегенде бір белгісі болса, онда азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасасуға тыйым салынбақ. Ондаған мың адам толыққанды әлеуметтік кепілдіктерге ие болуға тиіс. АҚС шарты әдетте уақытша жұмысты орындайтын мамандармен ғана бекітіледі. Жұмыскер бір жұмыс берушіге тұрақты әрі ұзақ уақыт істесе, Еңбекмині жұмыс берушіден оны штатына алуы керектігін ескертеді. Бірақ жаңа заңда айыппұл не басқа жаза қарастырылмапты. Яғни, компания бұл талапты орындамаса, жазаға тартылмайды.
– Біз мониторинг жүргіземіз. Еңбек шартының белгілері табылса, ол еңбек шарты ретінде рәсімделуге тиіс. Алайда одан бас тартса, мемлекеттік инспекторлардың әкімшілік ықпал ету тетіктері жоқ. Бұл бағыттағы жұмыс тек жұмыс берушімен өзара әрекет аясында жүзеге асырылады. Яғни, кеңес-консультация өткізу, түсіндіру хаттарын жолдау, ескерту жасау қарастырылған. Бірақ айыппұл салу көзделмеген, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.
Заң жобасы реттейтін екінші мәселе – бірдей лауазымдағы қызметкерлердің еңбек- ақысындағы алшақтық. Бір кәсіпорында бірдей функция атқаратын, біліктілігі бірдей талапқа сай келетін мамандардың жалақысы арасында бірнеше есе айырмашылықтың орнауы – әділеттің таразысын теңселтетін жайт. Әсіресе, шетелдік және жергілікті мамандар арасындағы еңбекақы айырмасы қоғамда көңілтолмастық туғызады. Сондықтан ұжымдық шартқа бір лауазым аясында ең жоғары және ең төменгі жалақының айырмашылығын міндетті түрде белгілеу туралы норма ұсынылды. Әділет – ұран емес, өлшем болуға тиіс.
Жазатайым оқиға: тергеу кімнің қолында?
Түзетулердің үшінші бөлігі еңбек даулары кезінде жұмыскердің мүддесін қорғау мәселесін пысықтайды. Өндірістегі жазатайым оқиға – жай ғана статистика емес, адам тағдыры. Қазір өндірісте жазатайым оқиға болса, оны тергейтін комиссияны жұмыс берушінің өзі құрады, өзі басқарады. «Өзім тергедім, өзім төрелігін айттым» деген қағида әділдікке күмән ұялатпай қоймайды. Көп жағдайда тергеу субъективті өтіп, жұмысшы немесе оның отбасы әділдік таппайды, әлеуметтік кернеу туындайды, билік органдарына сенімсіздік пайда болады. Жаңа түзетулерге сәйкес, тергеу процесін объективті ету үшін комиссия құрамына тәуелсіз тараптарды – медиаторды, сондай-ақ зардап шеккен адамның туысын немесе адвокатын енгізу мүмкіндігі қарастырылады. Сонда қарапайым жұмыскердің дауысы ескерілер деген үміт бар. Тергеу ашық әрі көпжақты болған жағдайда ғана сенім орнығады.
Төртінші бағыт – өндірістік жарақаттың дәрежесін анықтау мәселесі. Мысалы, жұмысшы жарақат алды делік. Оның қаншалықты ауыр екенін дәрігерлер қалай анықтайды? Заң жобасын әзірлеушілердің түсіндіруінше, дәрігерлер сонау 1994 жылғы, яғни ескірген әдістемелік ұсынымдарды пайдаланады екен. Онысы заң да, нормативтік құжат та емес. Проблема нақты, бірыңғай стандарттың жоқтығында.
Мысалы, бір жарақатты бір қалада дәрігер «ауыр» десе, екінші қаладағы ақ халатты оны «жеңіл» деп бағалай салуы әбден мүмкін. Бұл ретте жарақат алған жұмысшының алатын өтемақысының мөлшері дәл осы медициналық қорытындыға тікелей байланысты. Шешу жолдары қандай? Денсаулық сақтау министрлігіне өндірістік жарақаттың дәрежесін анықтайтын нақты, бірыңғай қағидаларды бекіту құзыреті берілмек. Бұл – Франция, Канада сияқты осы істі әлдеқашан стандартқа келтірілген елдердің үлгісі. Соның нәтижесінде дау-дамай азайып, әрбір жұмысшының жарақатына сай әділ өтемақы алуына мүмкіндік туады.
Бесінші мәселе – бар кінәні жұмысшыға жабу проблемасы. Ашығын айту керек, Қазақстанда бір төтенше оқиға бола қалса, комиссия көбіне кінәні жұмысшыға аудара салуға тырысады. Қауіпсіздік техникасын сақтамады деп кінәнің 50-ден 70%-ға дейінгісін жұмысшының өзіне артады. Салдарынан еңбеккер денсаулығынан да, тиесілі өтемақысынан да қағылады. Сондықтан Мәжіліс қызметкердің өрескел абайсыздығы анықталғанның өзінде оның жауапкершілігін 25%-дан асырмауды ұсынды. Бірақ ол араққа, есірткіге, басқасына мас болса, жүз пайыз айыпты деп танылмақ. Бұл қорғау тетігі оған таралмайды.
Заң жобасында әлеуметтік сипаттағы өзге де маңызды нормалар бар. Соның бірі – әкелердің құқықтарын кеңейту. Қазіргі жүйеде жұмыссыз ананың 3 жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отырған кезеңі еңбек өтіліне есептеледі. Әкелерге мұндай құқық берілмеген еді. Енді бұл теңсіздік жойылып, бала күтімімен отырған әкенің де аталған кезеңі еңбек өтіліне қосылмақ. Бұл – әлеуметтік әділеттілік қағидатын нығайтып қана қоймай, отбасындағы ата-аналық жауапкершіліктің теңдігін орнықтыруға бағытталған қадам.
Қауіпсіздіктің «қолшоқпары» – тексеріс
Жаңа түзетулердің аясында жұмыс беруші мен жұмыскер арасында еңбек дауы туындаған жағдайда жанжалды реттеу үшін араға делдал тарту мәселесі де нақтыланды. Әйткенмен, делдал бола алатын тұлғалар кімдер және оларға қандай талаптар қойылады? Еңбек министрі А.Ертаевтың айтуынша, жеке еңбек дауын қарау кезінде келісім комиссиясының жұмысына делдалды тарту бойынша заңның 159-бабына депутаттардың ұсынған түзетуі Үкіметтен қолдау тапты.
– Делдалдарға талаптар қойылады. Біріншіден, ол қызметкер мен жұмыс берушіге қатысы жоқ, тәуелсіз жеке немесе заңды тұлға болады. Жеке тұлғалар – заңгер, медиатор. Заңды тұлғалар – медиация орталықтары, заң фирмалары, консультациялық компаниялар. Екіншіден, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы дауға делдалды тарту үшін екеуінің де жазбаша келісімі болуға тиіс. Келісімі болмаса, онда делдалды тартуға болмайды. Делдалға қойылар негізгі критерийлер – тәуелсіздік, бейтараптық, келісімнің болуы, – деді Асқарбек Маратұлы.
Еңбекмині басшысының түсіндіруінше, еңбекті қорғау бірнеше бағытта жүргізілмек. Біріншіден, ведомство интеграция жүргізіп жатыр. Қазақстанда өндірістік үдерісінде зиянды әрі қауіпті еңбек жағдайлары орныққан 95 мың ұйым бар, оларға министрлік тұрақты мониторинг жүргізеді. Мемлекеттік инспектор белгілі бір жұмыскердің жұмыс орны зиянды жағдайға жататынын, алайда оған жеке қорғаныс құралдары берілмегенін анықтаса, электронды нұсқама шығарады. Екінші бағыт – жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру. Онымен 175 мың кәсіпорын қамтылуға тиіс, әзірге тек 113 мыңы өз қызметкерлерін сақтандырған. Жаңа министр барлық кәсіпорынды қамтуға уәде етті.
Тағы бір бағыт ретінде депутаттар «күтпеген тексерулерді» енгізуді ұсынды. Әйтпесе, қорғаныш құралдарын жұмысшыларға тек тексерушілер келетін күні ғана үлестіру үрдісі жалғасады. Министр А.Ертаев жоспарлы профилактикалық бақылау ғана жүргізе алатындарын жеткізді. Жыл сайын осындай небары 600 тексеріс жүргізуді жоспарлауына рұқсат екен. Жылдың басталғаны жаңа, алайда биылға жоспарланған 600 тексерудің басым бөлігі орындалыпты.
– Сондай-ақ профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Осы жұмыстар барысында жұмыс берушілерге қандай жұмыс орындарында тәуекелдің бар екені, қандай қызметкер жеке қорғаныс құралдарымен қамтылмағаны жөнінде нұсқамалар беріледі. Басқа құрал жоқ. Жалпы, Үкімет биыл еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға қатысты басқа заң жобаларына бастамашылық етуді жоспарлап отыр. Жаңа түзетулерді міндетті түрде Парламент қарауына енгіземіз, – деп уәде берді министр.
Бірақ Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалды қолданыстағы тексеріс тәсілдерінің тиімділігіне күмәнданады. Неге? «Себебі Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, тіпті тәуекелі жоғары объектілерді жылына бір реттен артық тексеруге тыйым салынған. Тексерулер мен профилактикалық бақылаудың кестесі мен тізімдері жыл сайын алдын ала жарияланады. Соның салдарынан заңбұзар кәсіпорындар қай кезеңде тексеріс болатынын нақты біліп отырады. Осы нормалар күшінде қала берсе, күтпеген тексерулерді жүзеге асыру қиын», – деді депутат.
Бірқатар елде еңбекті қорғау саласы жеке бақылау режимімен қамтамасыз етіледі. Бірақ оған бізде, әсіресе алпауыт компаниялар үзілді-кесілді қарсы. Үкімет болса, олардан аса алмады. Содан ба, тіпті мемлекет мақтан тұтып, дәріптеп жүрген ірі кәсіпорынның өзінде жұмысшы құқығы аяққа тапталып, күн сайын өміріне қауіп төнеді екен.
Қалай болғанда да, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін тек заң мен стратегия ғана емес, сонымен бірге еңбек қауіпсіздігі мен еңбек құқықтарын қорғау мәселелерін нақты әрі айқын реттейтін тетіктер қажет. Жаңа заң жоба қордаланған барлық түйткілді шешіп тастамағанымен, еңбек қауіпсіздігін басқару жүйесін нығайтады, еңбек және денсаулық сақтау салалары арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіреді, тараптардың құқықтары мен міндеттерін нақтылайды.
Айхан ШӘРІП
