Басты мақсат – ішкі нарықта тапшылықты жою. Бірақ бұл шектеулер мәңгілік емес, белгілі бір мерзімге межеленген. Алайда кей кездері шектеулер нарық заңдарына қайшы келіп қалатын тұстары да жоқ емес.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында нарыққа қайшы шектеулерге қатысты пікір білдірді. Яғни, бірден шектеп, ішкі нарықты түгел қамтамасыз еткенше, кешенді шешімдер қабылдау қажет деп санайды. Сонымен бірге ет-сүт өнімдерінің басым көпшілігі жеке және қосалқы шаруашылықтарда деп нақтылап өтті.
– Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына да нарыққа қайшы шектеулер қойылған. Шешімді қабылдар алдында оның салдары қандай болатынын ешкім ойламайды. Не себепті бұлай жасалып жатқанын түсіну қиын емес. Себебі нарықты дамытқаннан гөрі оған шектеу қою – әлдеқайда оңай. Мұндай әрекетті тоқтату керек. Үкімет бизнес қауымдастығымен бірлесе отырып, тамақ өнеркәсібін дамытуға қатысты жүйелі шаралар қабылдауға тиіс. Елімізде мал шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Бұл – айқын нәрсе. Бірақ біз осы әлеуетімізді дұрыс пайдаланбай отырмыз. Мал шаруашылығының даму стратегиясы да, қарқыны да мардымсыз, түсініксіз, кешенді жүйе жоқ. Бұл салада шешімін таппай тұрған мәселе көп. Өнімдердің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарда және шаруа қожалықтарында өндіріледі. Еттің 60 пайызы, сүттің 80 пайызы – солардың еншісінде. Бұл жағдай өнімділікті арттыруға кедергі болып отыр, – деді Президент.
Үкімет деректеріне зер салсақ, 2022-2024 жылдары астық өнімдеріне (бидай мен ұн) экспортына шектеулер енгізілгені байқалады. Бұл кезеңдердегі шектеу мен квотаның мерзімі 6 айға белгіленген. Яғни, осы кезеңдерде егін орағы басталып, астық жиналғанша ғана шектеу болған, одан кейін алынып тасталған. Кейінгі екі жылда астық экспортына шектеу салынбаған. АШМ дерегіне қарағанда, 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап министрліктің бұқа экспортына, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорттауға қатысты ережелері алты ай бойы күшінде болған. 2025 жылдың 15 мамырынан басталған Қазақстаннан бұқашықтарды экспорттауға тыйым, енді 2026 жылдың 30 сәуіріне дейін ұзартылды. Сондай-ақ 4 айдан асқан қошқарларды экспорттауға арналған квоталар 2026 жылғы 30 сәуірге дейін қолданылады. Квоталар көлемі – 120 мың бас: бордақылау алаңдары мен тауар өндірушілер үшін 60 мыңнан. Бұл ретте бір бордақылау алаңына арналған шектеу оның қуатының бір және жиынтық мөлшерінде 30 пайыздан аспайды, ал бір тауар өндірушіге квотаның қолданылу кезеңіне 500 бастан аспайды. Қуаттылығы 5 мың бас және одан асатын бордақылау алаңдары үшін шектеу квотаның бүкіл қолданылу кезеңіне 1,5 мың қошқарлардан аспауға тиіс делінген. Айта кетейік, 20 мың тонна ет экспортына тыйым әлі күшінде. Ол биылғы жылдың жартысына дейін қолданыста болмақ. Салыстырмалы түрде қарасақ, кейінгі төрт жылдың алғашқы жылдарында астық экспортына шектеу көбірек басым болса, кейінгі жылдары мал шаруашылығы бағытында шектеулер көбейген. Аталған шектеулердің түпкі мәніне үңілсеңіз, отандық нарықты өз өнімдерімізбен қамту көзделген деседі. Бірақ қоғам шектеулерге әртүрлі көзқараста.
АШМ деректері бойынша, 2025 жылдың 31 желтоқсанында Қазақстанда сиыр етіне экспорттық квоталарды бөлуді реттейтін жаңартылған ереже күшіне енді. Шектеу шаралары үшінші елдерге де, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мүше мемлекеттерге де жөнелтілімдерге қолданылады. Жаңа механизм алты ай бойы, 2026 жылдың 30 маусымына дейін күшінде болады. Бұл шектеу фермерлер тарапынан қолдау таппаған сыңайлы. Шаруалар мұндай қолдан жасалған шектеу ет өнімдерінің құр ысырап болуына апарып соғады деген уәж айтады. Фермер әрі мал шаруашылығы саласының сарапшысы Болат Әлдебайұлы нарыққа қайшы шектеулер енгізу қажет емес деп біледі. Оның тәжірибесіне қарағанда, төрт түліктің әбден күтімін жасап, бордақылауға шығарып, ішкі нарық пен алыс-жақын шетелге сатамын деп отырғанда шектеп тастау, шаруаларды шығынға батырады екен.
– Нарық заманында шектеу енгізген жөн болмай тұр. Шаруашылықтарда 1-2 мың бас мал бордақылап отырғандар шектеулерге тап болып, етін шетелге сата алмай дал. Бірақ осы күні Астана мен Шығыс, Солтүстік өңірлерге Моңғолияның еті келіп, қарабазарларда сатылып жатыр. Ресейден екі бастан ет импорты бар. Бірақ шетел еттері қаншалықты санитарлық талапқа сай? Ол да беймәлім! Кезінде фермерлер 6 пайызбен несие алып, 18 пайызын кепілдендіретін жәрдем бар еді. Оның соңы екіұшты болып, бүгінде шаруалар 24 пайызбен кредит төлеп шығынға батты. Егер 6 айға, 1 жылға деп мал шаруашылығы өнімдеріне шектеу қоя берсе, шаруалар шығынға батып, ешкім мал бағып, ет-сүт өндірмейді. Өйткені мал бағып, семіртіп, бордақылап ет өткізу үшін де жем-шөп, күтім керек. Экспортқа шектеу енгізілсе, ішкі нарыққа арзанға өнім сатады деп ойлайды. Шаруа көп уақыт бойы мал семіртіп, сойып сатуды діттейді. Ал енді сату маусымы басталғанда шектеу енгізіп тастаса, қырғын шығынға батып, пайда таппаған кәсіпкер ақыр соңында құлдырайды ғой. Сондықтан нарыққа қайшы шектеу енгізу керек емес. Сол себепті де адамдар кооперацияға бірігіп, мал шаруашылығы бағытындағы бағдарлама тезірек жүзеге асса екен. Сонда жекелеген адамдар кооперативтерге бірігіп, ет-сүт өнімдері өзімізге толық жеткілікті болса, сыртқа шығарып сатуға да ешқандай шектеу болмайтын шығар, бәлкім, – дейді фермер.
Ал астық экспорты саласында бүгінде ешқандай шектеу жоқ екен. Бұл сала қарқынды дамып келе жатқанға ұқсайды. Үкімет дерегінше, былтыр 27,1 млн тонна астық өндіріп рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізілген. 2024-2025 жылдары 13,4 млн тоннаға жуық астық еш кедергісіз экспортқа жөнелтілген. Былтыр Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл басында картопқа шектеуді 6 айға енгізіп, кейін алып тастаған. Ал дәл сондай сәбізге де шектеу болатындығы туралы ақпарат жоққа шығарылған. Белгілі агросарапшы Акпар Қазалыұлы көкөніс бағытында ғана оқта-текте шектеу болғаны болмаса, жалпы астық шаруашылығында жоқ деп отыр. Егер агросекторды дамытуды жолға қойсақ, шектеу мәселесі болмайтын сияқты.
– Астықтан өндірілетін ұн, макарон өнімдерінің экспортына ешқандай шектеу жоқ. Алыс-жақын сырт мемлекеттерге сатылып жатыр. Бүгінде аграрлық салада бидай, күріш, арпа сияқты дәнді-дақылдарды Таяу Шығыс, Орталық Азияға, Ресейге, Қытайға және Еуропаға да экспорттауға ешқандай шектеу жоқ. Сатылып та жатыр. Бұрын көкөністерге шектеу қойылып өз тиімсіздігін берді. Бір жолы сәбізді сыртқа сатуға шектеу қоймақшы болды, алайда біз араласып кейін ол шектеу қойылмайтын болды. Ішкі нарыққа бүгінде 450 мың тоннадай сәбіз жеткілікті болып тұр. Мұның алдында қырыққабатқа, пиязға, картопқа шектеу қою өзінің тиімсіздігін көрсетіп берді. Демек, нарыққа қайшы шектеулер енгізу әрқашан тиімсіз. Өйткені ауылшаруашылық өнімдері тұтынушыға жетпесе, тез бұзылып, өз құнын жоғалтады. Біздіңше, шектеу деген мәселеден гөрі, агросекторды кешенді дамытуды ойластырған жөн, – дейді агро-сарапшы.
Ауыл шаруашылығы министрлігі дереккөздерінде, 2025 жылғы 16 сәуірдегі Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен ауыл шаруашылығы жануарларының терісі мен жүнін экспорттауға салынатын кедендік баж салығын алып тастау мақұлданған. Алайда бұл қадам аталған саланы ілгерілетпейтін сияқты.
Нарық заңдылықтарына қарағанда, өнімнің кей түріне шектеу қою пайдалы болғанымен, бұл үрдіс тері өнімдеріне кері әсерін беріп отырған көрінеді. Қайта тері өнімдері саласында баж салығы салынып шектеулер енгізілсе, отандық тері мен жүн өндірісіне кәделі болмақ екен. Тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы, «КазЛидерМех» ЖШС директоры Нұрман Нүптекеев, тері өнімдеріне саласында шектеулер сақталғанын қалайды. Әйтпесе, біздің тері өнімдері Өзбекстан, Ресей, Қытай арысы Түркия асып кетпек. Ол баж салығының алынып тасталғанына да қарсы болып тұр.
– Шикізат тапшылығы экспорттық баж салығы (200$/тоннасына) алынбай тұрғанда сезілмейтін. Тері барлық зауытқа артығымен жететін. Былтыр маусымның 11 #183 НҚ ҚР Сауда және интеграция министрлігінің шешімімен сыртқа шығаруға салынатын кедендік баж салығы алынып тасталды. Сол кезден бастап тапшылық қатты сезілді. Мысалы, айына 900 тоннаға дейін тері өңдейтін Алматы зауытының өндіріс қуаты бірден екі есеге түсіп кетті. Сондай жағдай Семей, Екібастұз зауыттарында да орын алды. Қордай зауыты тері жетпегеннің салдарынан, жыл соңында тіптен қаңырап қалды. Себебі сапалы шикізат Өзбекстанға, Түркияға асып кетті. Ал сапасыз шикізатты бағасы арзан, пайдасы аз болғандықтан, көп адам жинауға аса құлықты емес. Сол себептен отандық тері өңдейтін кәсіпорындарда шикізат жетіспеушілігі орын алды. Өңделмеген шикі тері сыртқа кетсе, мейлі арзан, мейлі қымбат бағада болсын, ол тек тері жинайтын алыпсатарға ғана пайда әкеледі. Мемлекет қанша салықтан (ҚҚС, әлеуметтік, корпоративтік кіріс салығы т.с.с салықтардан) жұмыс орнынан, ал кәсіпорындар кірістен қағылады, даму болмайды. Терең өңдеу құрдымға кетеді. Инвесторлар қызығушылық танытпайды, тіпті қашып кетеді. Шикізатпен қамтамасыз етілмесе, кім келеді? Міне, осындай мультипликативті зияны бар. Салыстырмалы түрде алсақ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан бәрінде шикі теріге баж салығы бар. Тіпті, Моңғолияда шикі теріні шығаруға шектеу қойылған, – дейді тері өнімдерінің маманы.
Тоқетері, Мемлекет басшысы Үкімет бизнес қауымдастығымен бірлесе отырып, тамақ өнеркәсібін дамытуға қатысты тиісті тапсырма жүктеді. Енді 1 қыркүйекке дейін «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» жаңа заң дайындалады. Жыл соңына дейін субсидиялау үдерісін цифрландырып, шаруалардың міндеттемелерін бақылауға алу жүзеге аспақ. Демек, осының бәрі әкімшілік шаралармен жасалатын шектеулерді азайтудың көрінісі болса керек. Шаруаның шаруасы шалқайып, елдің аузы аққа, ұрты майға, ас-ауқатқа тойып жүрсе, агросектордың дамығандығының көрінісі болар еді.
Олжас ЖОЛДЫБАЙ
