Оның преамбуласы құрғақ құқықтық қағидалар жиынтығы емес, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын, өркениеттің прогрессивті ағымына бағытталған рухани манифест іспетті. Әрбір сөйлемі мен үтіріне дейін ойластырылған бұл кіріспе бөлім мемлекеттілік пен әділеттілік ұғымдарына терең мағыналық реңк беріп, қоғамның жаңа құндылықтық бағдарын айқындап тұр.
Зияткер ұлт – замана заңғар биігі
Жаңа Конституция жобасы – уақыттың жай жаңғырығы емес, ел санасының, қазақ даласының кемел келешекке қарай байыпты қадамы, байсалды таңдауы. Бұл құжаттың тереңдігін оның кіріспе-преамбуласынан аңғарасыз. Ол қазақтың тарихи жады мен болашақ мұратын жалғаған мағыналық көпір тәрізді. Әрбір тұжырымы асығыс айтылған ұранға емес, мұқият ойластырылған пайымға сүйенеді, сондықтан онда құқық та, әділет те, жауапкершілік те өз орнын тапқан. Бұл мәтінде мемлекет өзін қайта жарияламайды, қайта таниды – тамырын да, бағытын да нақтылайды.
Сол себепті жаңа Конституция жобасы ел дамуының заңдық құжаты ғана емес, рухани-өркениеттік бағдаршамы болғалы тұр. Сарапшылардың айтуынша, конституциялық реформа – елдік ертеңіміздің саяси келбетін ғана емес, рухани болмысын да айқындайтын белес болуға тиіс. Бұл жолғы өзгерістер тек құқықтық нормалардың жиынтығы емес, қоғамның әділетке деген аңсары мен биліктің жауапкершілік жүгін арқалаған жаңа парасат деңгейінің көрінісі болмақ. Әсіресе, Ата Заңның «алтын босағасы» саналатын преамбула бөліміндегі мағыналық түлеу – ұлттық дамудың темірқазығы мен тарихи сабақтастықтың үзілмес тіндей бекуі.
Рух пен заңның тоғысуы
Жалпы, жаңа преамбула – мемлекеттік саясаттың темірқазығы. Мұндағы басты басымдық – адам құқықтары. Ол мемлекеттік бір тетігі емес, мемлекеттің жүру бағытын айқындайтын ең жоғарғы құндылық. Бірлік пен келісім – тұрақтылықтың іргетасы. Жердің бүтіндігі мен тұтастығы – кіріспеде мызғымас қағидат ретінде бекемделді. Алғаш рет Әділеттілік пен экология мәселелері конституциялық деңгейге көтеріліп, халықтың билік көзі екені туралы ақиқат айқын жазылды. Мұны – жай ғана кіріспе емес, ұлттың болашаққа бастар рухани компасы деуге болады.
Қазақстанның ертеңі жерастындағы кенмен емес, адамның зейін-зердесімен өлшенбек. Конституциядағы бұл бетбұрыс – ресурстық тәуелділіктен интеллектуалдық еркіндікке жасалған қадам болғаны жөн. Білім, ғылым, мәдениет және инновация ұғымдары жасанды интеллект дәуіріндегі еліміздің басты қаруына айналмақ. Бұл – зияткерлік экономиканың іргетасын Ата Заңмен бекіту деген сөз.
Құқықтық саясатты зерттеу орталығы Конституцияның жаңа нұсқасының преамбуласындағы тұжырымдарды талдап, сараптамалық қорытынды дайындады. Онда атап көрсетілгендей, жаңа преамбула – жай ғана құрылтайшылық акт емес, нормативтік бағдарлардың бастау бұлағы.
– Қолданыстағы 1995 жылғы Конституцияның преамбуласы ықшамдылығымен, абстракция деңгейінің жоғарылығымен және институционалдық бейтараптығымен ерекшеленеді. Онда базалық конституциялық құндылықтар мен халықтың құрылтайшылық еркі кеңейтілген бағдарламалық ұстанымсыз бекітілген. Ал 2026 жылғы жобаның преамбуласы өзгеше: көлемі жағынан ауқымды, мазмұны жағынан тереңірек. Құндылықтық және мақсаттық тұжырымдардың кең жиынтығын қамтиды. Сөйтіп, преамбула жай кіріспе ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік саясаттың стратегиялық мақсатына және нормативтік бағдарының қайнарына айналады, – дейді Құқықтық саясатты зерттеу орталығының сарапшысы, жария саясат және адам құқықтары жөніндегі халықаралық құқық саласының маманы Назгүл Ерғалиева.
Мемлекеттілік: «Құрудан» «Нығайтуға» дейін
Ғалым мына ерекшелікке назар аударды. 1995 жылы қабылданған, 2022 жылы өзгертілген Конституцияның «алғысөзінде» былай жазылған: «1) Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, 2) байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, 3) өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, 4) дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, 5) қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, 6) өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз».
Біріншіден, осы мәтіндегі «ортақ тарихи тағдыр біріктірген» деген дерексіз тіркес – сан алуан ұлыстың басын тарихтың талқысымен амалсыз қосқандай, жазмыштың айдауымен ғана тоғыстырғандай солғын әсер қалдыратын. Екіншіден, мемлекеттің байырғы қазақ топырағында бой көтергені айтылғанымен, мемлекеттіліктің іргетасы тек кеше ғана қаланғандай, өткеннің өнегесін ескерусіз қалдырған біржақты байлам жасалатын. Түпкі тарихымыздың алтын қазығы – сақ пен ғұн бабаларымыздың айбыны, айбарымен аспан астын тербеген Түркі қағанаттары және қабырғалы Қазақ хандығының мемлекеттілік дәстүрлері Ата Заңның бастауында лайықты бағасын алмады. Сондай-ақ жаһандық қауымдастықтан лайықты орын иеленуге деген ішкі аңсар мен ізгі ниет конституциялық арман-тілек ретінде бекітіліп кеткен.
Ал жаңа Конституция жобасында ұлттық танымды сілкінтер жаңашыл иірімдер мен соны соқпақтар жеткілікті. Мұнда тек киелі қазақ жерінің байырғылығы ғана емес, сол топырақта өркен жайған «Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихы» – ұлттық бірегейлігіміздің алтын арқауы ретінде дәріптеледі. Себебі тарихты халық жасайды. Бұл – қазақ ұлтының ХХ ғасырдың таңында ғана тарих сахнасына шыққан немесе сырт көздің пайымымен «ойлап табылған» жасанды ұлт емес, тамыры тереңге жайылған, мыңжылдықтар бедерінде шыңдалған кемел жұрт екенін заң жүзінде шегендеу. Осы ұлан-ғайыр босағаның бүтіндігі, ата-баба қанымен келген шекараның мызғымастығы, табиғат-ананың келер ұрпаққа аманат етілген асыл қазынасы мен өзге де киелі құндылықтар ендігі жерде мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры ретінде айқындалмақ.
15 наурызда референдумға шығарылатын Ата Заңның жаңа нұсқасының преамбуласы: «1) Біз, біртұтас Қазақстан халқы, 2) байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, 3) Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап, 4) мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап, 5) Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, 6) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп, 7) бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп, 8) мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып, 9) табиғатты аялау қажеттігін мойындап, 10) бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып, 11) келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, ҚР Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз».
Зерттеуші Назгүл Ерғалиева мына ерекшелікке назар аудартты: 1995 жылғысы: «Мемлекеттілік құра отырып» – 2026: «Мемлекеттілікті нығайта отырып». Бұл өзгеріс преамбуланың мағыналық екпінінің ауысқанын көрсетеді. Яғни, 1995 жылғы мәтінде халық мемлекетті қалыптастырушы белсенді субъект болса, жаңа редакция мемлекеттіліктің толыққанды қалыптасып болғанын, ендігі міндет – сол құндылықты сақтау мен қорғау екенін білдіреді.
– «Мемлекеттілікті құра отырып» формуласы тілдік әрі мазмұндық тұрғыдан жалғасқан құрылтайшылық әрекет идеясымен байланысты: біз мемлекеттілігімізді әрі құрып жатырмыз. Ал «мемлекеттілікті нығайта отырып» формуласы өзге логикаға негізделген. Ол бұрыннан қалыптасқан және құрылу кезеңі аяқталған мемлекеттілік моделінің бар екенін тұспалдайды. Мұндай жағдайда халық құрылтайшылық үдерістің субъектісі емес, қорғаушы функцияның иесі, – деді сарапшы.
Ғалым посткеңестік, постсоциалистік республикалардың кейбірінің конституциясында «құру, жасау» ұғымы сақталғанын тілге тиек етті. Олар мемлекеттік құрылыс кезеңінен институционалдық тұрақтандыру кезеңіне өтсе де, преамбулада құрылтайшылық риториканы өзгеріссіз сақтаған. Бірқатары осы арқылы мемлекеттіліктің құрылу сәтімен символикалық байланысты сақтауға ұйғарды. Қазақстан құрылтайшылық парадигмадан қорғаушы парадигмаға көшті. Әрине, ең бастысы – мемлекеттің әр ісі мемлекеттілікті нығайтуға бағытталғаны жөн. Сөздің іспен қабысқаны маңызды.
Қазақ – мыңжылдық тарих иесі
Тағы бір маңызды өзгеріс ғалымдар назарына ілікті. 1995 жылы: «ортақ тарихи тағдыр біріктірген» – 2026: «Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап». Бұл – қазақ халқының әлем сахнасына кеше ғана шыққан ұлт емес, тарихтың бастауынан тамыр тартатын іргелі жұрт екенін заң жүзінде мойындау.
– 1995 жылғы Конституция преамбуласының тұжырымы «ортақ тарихи тағдыр» деген жалпылама және абстрактілі ұғымды қолданады, нақты тарихи кезеңдерді, мәдени шеңберлерді немесе өркениеттік нарративтерді айқындамайды. Өзге ұлттардың көбі патша және кеңес заманында қоныс аударылғаны мәлім. Мұндай өрнек инклюзивті сипатқа ие және институционалдық бейтараптықты сақтайды, бірлескен тарихи тәжірибе фактісін бекітумен шектеледі. «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихына» сілтеме жасау арқылы нақты тарихи-өркениеттік бағдарды енгізеді. Бұл өрнек символдық әрі мәдени мәнге ие. Преамбула заңдық тұрғыдан бейтарап сипаттамадан кетіп, тарихи нарратив элементімен толықты, – деді ғалым Назгүл Ерғалиева.
Заң ғылымдарының докторы Индира Әубәкірованың пікірінше, Конституция жобасының преамбуласында алғаш рет жалпыұлттық құндылықтарымыз айқын белгіленген. Оның пайымдауынша, Ата Заңның жаңа нұсқасы қазақстандық мемлекеттіліктің терең тарихи тамырын және Ұлы Дала мемлекеттілігі дәстүрлерінің жалғасы екенін нұсқайды.
– Жаңа Конституция жобасында преамбула іс жүзінде толық жаңартылған. Бұрынғысы тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңін бейнелесе, қазіргі мәтінде қалыптасқан мемлекет пен кемел қоғам меңзеледі. Ол жаңа саяси және экономикалық даму кезеңінде қай бағытта жүру керегін түсіндіреді, қазіргі шынайылық пен болашақ мүмкіндіктерді ескеріп, келешек алдындағы жауапкершілікті бекітеді. Преамбулада еліміздің қандай болуға тиістігі, ұлттық арманды жүзеге асыру жолында біз үшін не маңызды екені айқын көрінеді, – деп түсіндірді профессор.
Әлемдік және қазақ философиясы орталығының директоры Серік Нұрмұратов преамбуланың жүйеқұраушы функцияны атқаратынын атап өтті: «Жаңа Конституцияның преамбуласы – декларация емес, конституциялық тәртіптің онтологиялық шеңбері. Онда тарихи сабақтастық, унитарлық және халық бірлігі сияқты негізгі санаттар бекітіледі, олар мемлекеттің құндылықтық негізін қалыптастырады. Преамбула арқылы Конституция мемлекеттік құрылыс қағидаттарын сақтаудың және оларды заманауи әлеуметтік сын-қатерлерге сай қайта пайымдаудың арасындағы тепе-теңдікті бекітеді», – деді сарапшы.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, Конституциялық комиссия мүшесі Анар Фазылжан преамбуланың және Конституцияның құндылықтық ережелерінің гуманитарлық маңызын атап өтті: «Преамбула мен Конституцияның құндылықтық нормалары мемлекеттің мәдени және тіл саясатының шеңберін айқындайды. Дәл солар арқылы қоғамдық бірлік, бірегейлік және даму сабақтастығы туралы түсінік қалыптасады».
Ата Заңның жаңа жобасы – конституциялық реформаның заманауи жаһандық сын-қатерлерге берген байсалды әрі батыл жауабы. Ал оның кіріспе-преамбуласы – өткеннің өнегесін, бүгіннің бекемдігін және ертеңнің еркіндігін тоғыстырған манифест. Бұл – Ұлы Дала елінің жаңа дәуірге жасаған нық қадамы.
Айхан ШӘРІП
