in

Атыраудағы аялдамалар кәсіпкерлерге 10 жылға сенімгерлік басқаруға берілді

Атырауда жеті автобус аялдамасы кәсіпкерлерге 10 жылға сенімгерлік басқаруға берілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл істі қолға алғандардың бірі – Айдар Джумиян. Ол 2020 жылы “Нұрсая” ықшамауданынан учаске алып, 20 миллион теңгеге аялдама салған. Бүгінде оның аялдамасы автобус күтетін үйреншікті орынға мүлдем ұқсамайды: ол жолаушыларға арналған ашық алаң, жылы павильон және шағын гүл дүкені орналасқан үш блокты қамтиды.

– Бұған қоса, бізге тағы екі аялдама сенімгерлік басқаруға берілуде. Көктемде “Геолог” ықшамауданында аялдамалар салуға кірісеміз. Кәсіпкерлер үшін 10 жыл – оңтайлы мерзім, осы уақытта қанша қаражат қажет болатынын есептеп, сапалы нысан тұрғызуға болады. Бұл кезеңде инвестициялар мен шығындардың өзіндік құны өтеледі. Біз гүлдерді өзіміз өсіріп, қалада сатамыз, сондықтан бізге өте ыңғайлы. Автобус күтіп тұрған адамдар дүкенге кіріп, біреуі гүл таңдаса, келесісі әдемі көріністі тамашалайды, – дейді Айдар Джумиян.

Қалалық қаржы бөлімі басшысының орынбасары Гүлжан Құлбаева атап өткендей, кәсіпкерлер ашық конкурс арқылы e-qazyna.kz сайтында таңдалған.

– Сенімгерлік басқаруға алғандардан тек тазалық пен тәртіпті сақтау емес, 24 сағаттық бейнебақылау, күзет және инфрақұрылымды қадағалау міндеттері де жүктелген. Кәсіпкерлер қосымша аумақты коммерциялық мақсатта да пайдалана алады, – дейді Гүлжан Құлбаева.