in

Агросекторды алға сүйрейтін құрылым

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2019 жылы ел бойынша 2 840 кооператив тіркелсе, 2024 жылға қарай олардың саны 4 465-ке жеткен. Яғни, небәрі бес жылдың ішінде кооперацияға бірігіп жұмыс істейтін шаруашылықтар саны шамамен 1,5 есеге көбейген. Бұл ауылдағы шағын шаруалардың күш біріктіріп, өндірісті дамытуға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.

Ауыл жұрты кәсіпке қызығып, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқа­сында сала осынау көрсеткіштерге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, 2023 жылдан бері ауыл тұрғындарының табысын арт­тыру­ға бағытталған «Ауыл аманаты» бағ­дар­ламасы іске асып келеді. Бағдарлама арқылы ауыл мен шағын қала тұрғындары өз кәсібін бастау немесе кеңейту үшін жыл­­дық 2,5 пайызбен 5 жылға дейін жең­іл­­де­тілген несие ала алады. Ал мал шаруа­шы­­лығымен айналысатын жобаларға қар­жы 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұ­дан бөлек, кооперативтерге бөлінетін қаржы көлемі де артқан.

Дегенмен Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, бүгінде 4,5 мыңға жуық ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелгенімен, өнім көлемі көңіл көншітерлік емес. Мәселен, олардың ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу мен өткізудегі үлесі небәрі шамамен 10 пайыз­дың төңірегінде ғана. Ал дамыған елдерде агро өнімдерінің жартысынан астамы кооперация арқылы нарыққа шығады.

Депутат мысал ретінде Павлодар обл­ы­сы­на жасаған жұмыс сапарын келтірді. Айтуынша, бір ауданда қағаз жүзінде 13 кооператив тіркелгенімен, қаңтар айында соның тек біреуі ғана – сүт жинаумен ай­на­­лысатын кооператив жұмыс істеген. Бұған негізгі себеп – техника мен қаржы­ның жетіспеуі.

«Бізге қағаз жүзіндегі 13-15 коопера­тив­тің керегі жоқ. Бізге ауданның қажетті­лігін өтейтін, мысалы сүт өндірісін жолға қоя­тын бір тұрақты кооператив керек. Оны техникамен де, субсидиямен де, қар­жымен де жан-жақты қолдау қажет. Сонда сүт мәселесін де, ет мәселесін де ше­шу­ге бола­ды», – деді ол «AMANAT» партиясы өткізген аграрлық сектор мәсе­лелері жөн­індегі республикалық кеңестің отырысында.

Бүгінде елімізде кооперацияға бірігіп жұмыс істейтін шаруаларға түрлі жеңілдік қарастырылған. Мәселен, мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі кеңейтіліп, салықтық жеңілдіктер берілген. Жер бөлуде де кооператив құрамындағы шаруаларға қосымша ұпай қарастырылады. Одан бөлек, фермерлерге арналған оқыту курстары мен тәжірибе алмасу бағдарла­малары да ұйымдастырылып келеді.

Асылтұқымды мал шаруашылығын қолдау ережелері де жеңілдетілген. Кейбір бағыт­тар бойынша кооператив құрамын­дағы шағын шаруашылықтарға тіркеу нөмірі немесе ауыл шаруашылығы жерінің болуы міндетті талап емес. Министрлік мәліметінше, бұл шағын шаруаларға кооперацияға қосылып, мемлекеттік қолдауға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Кооперацияны одан әрі дамыту үшін 2029 жылға дейінгі арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Құжатта кооператив­терді оқыту, агрокеңес беру жүйесін дам­ыту және фермерлерге арналған түсін­діру жұмыстары қарастырылған.

Сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту жоспары аясында жаңа қаржылан­дыру құралдары енгізілуде. Мәселен, 2025 жылдың қыркүйегінен бастап «Аграр­лық несиелік корпорация» арқылы мал бордақылау алаңдарына айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық 5 пайызбен 12 айға дейін жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды.

Алдағы уақытта несиелерді кепілдендіру тетігін енгізу және несие мерзімін 15 айға дей­ін ұзарту жоспарланып отыр. Бұл қар­жы­ландыруға қолжетімділікті арттырып, кооперативтер санының одан әрі өсуіне мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы саласындағы кооперацияны дамыту бастамасы оң нә­тиже беріп жатқанымен, сарапшылар бұл жүйенің толық тиімді жұмыс істеуі үшін, ең алдымен, өнімді тұрақты сатып алатын нарық қалыптастыру қажет екенін айтады. Тәуелсіз сарапшы Ербол Есенеевтің пікірінше, шағын шаруаларға субсидиядан гөрі өнімін өткізетін нақты жүйе маңызды.

«Кішігірім шаруаларға ең басты ке­регі – өсірген малы мен өнімін өткізетін нарық. Жеміс-жидек, дәнді дақыл, ет пен сүт өнімдерін тұрақты сатып алатын ұйым­­дар болса, кооперация өздігінен дамиды. Біз Өзбекстанға барған кезде бір­ ғана анар ағашымен үлкен кооперацияға мүше болған шаруаларды көрдік. Коопера­тив шаруаға талап қояды, өнімді алдын ала белгіленген бағамен қабылдайды. Мұндай жағдайда бағаны орынсыз түсіру немесе біреудің несібесіне қол сұғу бол­майды», – дейді сарапшы.

Ербол Есенеевтің айтуынша, коопера­тив жүйесі өнім сапасын да реттеуге мүм­кіндік береді. Өйткені өнімге қойыла­тын талаптар алдын ала белгіленеді, ал өнім­нің қай шаруашылықтан шыққаны да анық көрсетіледі. Бұл тәсіл Түркияда жақсы жолға қойылған.

«Мысалы, қияр өсіруші шаруа өнімін кооперативтің арнайы қораптарына сала­ды. Бірақ ол қорапта өнімнің қай шаруашылыққа тиесілі екені белгіленеді. Осылайша, өнімнің ша­р­уа­дан бастап тұтынушыға жеткенге дей­інгі жолы айқын көрінеді. Тізбектегі ба­р­лық қатысушы пайда табады», – дейді ол.

Өзбекстан, Түркия елдерінен бөлек, дамыған елдердің экономикасын да кө­теріп тұрған осы агросектордағы коопера­тивтер екенін көреміз. Мәселен, Нидер­ландта өндірілетін сүттің 70 пайызына дейін коо­пе­ративтер арқылы өңделеді. Бұл елде сүт өн­діру мен өңдеуге бағытталған бірлестіктер жақсы дамыған әрі коопера­тив­терде «бір мүше – бір дауыс» қағидасы жұмыс істейді. Ал Канадада кооперативтер экспорттық тізбектерге толық кіріктірілген, мемлекет олар­ға салықтық жеңілдіктер мен табысты тұрақтандыру бағдарламалары арқылы қолдау көрсетеді.

БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымының ұлттық кеңесшісі, ауыл шаруа­шылығы және кооперация саласының сарапшысы Данияр Кенжеғұловтың айтуынша, кооператив саны жағынан Қазақстан екі ғасырлық тарихы бар кейбір елдердің өзін басып озған.

«Мәселе кооперативтің көптігінде емес, оның тұрақтылығында. Біз коопера­цияны дамытуға бағытталған бірнеше бағдарламалық толқынды бастан өткердік. Енді ең бастысы – жұмыс істеп тұрған кооперативтерді қолдау. Ол үшін жеңілде­тілген несие мен басқа да нақты тетіктер керек. Мүмкін, біраз уақыт жаңа коопера­тивтерді тіркеуді баяулатып, барын нығайтуға көңіл бөлген дұрыс шығар», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, қазіргі заңнамада өндірістік кооперативтерге басымдық берілген, алайда олардың үлесі жалпы кооперативтердің 5 пайызынан да аз.

«Негізінде, көп жағдайда сервис коо­перативтері жұмыс істейді. Кооперативтің рөлі – делдалдық. Ол өнімді шаруадан сатып алып, нарыққа шығарады. Түскен пайда немесе маржа қайтадан фермерлер арасында бөлінеді. Яғни, кооперативтің өзі табыс ұстап қалмайды, негізгі пайда оның мүшелеріне қайтарылады», – деп түсіндірді Данияр Кенжеғұлов.

Тәуелсіз сарапшы Ербол Есенеев те кооперативтердің тиімді жұмыс істеуі үшін мемлекет тарапынан екі негізгі қол­­­дау жеткілікті екенін алға тартып отыр. Біріншісі – ауыл шаруашылығы өні­мін сатып алатын ұйымдарға жеңіл­детілген несие беру. Екіншісі – салықтық жеңілдіктер қарастыру.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда шаруа­лар субсидияға тәуелді болмай, өз өнімін әділ бағамен өткізуге мүмкіндік алады. Ал делдалдардың араласуы азайып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарығы да біртіндеп жүйелене түсері анық.

Кәмила ДҮЙСЕН