in

«Бұл – қауіпті нарратив»: белгілі баспагер даулы жазбаның Тәуелсіздікке қатысты айтылған жеріне жауап берді

Әлеуметтік желілерде ақын әрі аудармашы Танагөз Толқынқызының қазақ қоғамы туралы жазған сыни пікірі кеңінен талқыланып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ақын өз жазбасында қазіргі қоғамды қатты сынап, қазақ халқының болашағына қатысты пессимистік көзқарас білдірген.

Ол жазбасында қазақ қоғамында принципсіздік, немқұрайдылық, тіл мәселесіне салғырт қарау, бір-біріне жанашырлықтың азаюы сияқты құбылыстар көбейіп кеткенін айтып, мұндай жағдай жалғаса берсе, ұлттың тәуелсіздігін сақтап қалу қиын болуы мүмкін деген пікір айтқан. Ақын қазіргі қоғамда құндылықтар әлсіреп, материалдық мүдде алдыңғы орынға шығып кеткенін де сынға алған.

“Қазақтар тәуелсіздігін сақтап қала алмайды. Себебі ол сапасыз ұлтқа айналған. Принципі жоқ, надан қоғам қалыптасты. Жағымпаз, өтірікші, екіжүзді, сатқын, намыссыз, фейк, псевдо ұлтқа айналдық. Өз тілінде сөйлемейді, құлдық сана етінен өтіп, сүйегіне жеткен. Ешкімге ештеңе керек емес, ешкім ешкімге араша түспейді.

Қорқақ, можантопай, дарақы, мақтаншақ қоғам пайда болды. Критикалық ойлау санасы қалыптаспаған. Бейғам, жайбарақат. Басына кім көрінген аяғын сүртіп кете береді — әлсіз, қауқарсыз, дәрменсіз күйде. Халық емес, құл-құтандар легі ме дерсің.

Бір-біріне қайырымсыз, тасбауыр. Бір-бірін иттің етінен жек көреді. Өзін-өзі тонаған, өзін-өзі тоздырған, өз тамырынан ажыраған тобырға айналғандаймыз. Ұры ұлтқа айналдық. Бұл қасиет – қазіргі біздің басты қасиетіміз болып барады. Жеу үшін жаратылғандаймыз: қай жерден нені жымқырып жеп қалсақ екен деп ойлап тұрамыз.

Құндылық жоқ. Ар құдай болған заман келмеске кеткендей. Қарны тойса болды, бәрін сатуға дайын. Адам емес, құлқын ғана көрінетіндей.

Мына сөзге талағың тарс айрылса да айтайын: сендер ертең шүршіттің тілінде сөйлеп, жоқ боласыңдар. Астананы басып алған қара құмырсқалар бұл елді енді өлсе де тастап, өз отанына қайтпайды. Келген жерін отан қылады. Олар қатты сөйлейді, дарақы күледі, келмей жатып осы жердің қожайыны сезінеді.

Себебі олар принципі жоқ ұлттың жерін де, тілін де, туын да, тәуелсіздігін де ақшаға сатып жіберетінін біледі.

Сендер енді өзгермейсіңдер. Осы кеткендерің кеткен!”-деп жазды ол.

Бұл пікір әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, түрлі көзқарастар айтылды. Бірқатар қолданушылар ақынның сөзін тым қатал және пессимистік деп бағаласа, енді біреулері қоғамдағы мәселелерді ашық айтудың маңызы бар екенін алға тартты.

Ал бұл пікірге қатысты баспагер Бақытжан Бұқарбай өз көзқарасын білдіріп, мұндай тұжырымдардың қауіпті екенін айтты. Оның пікірінше, қоғамда сын айтылуы керек, биліктің қателіктерін көрсету де маңызды. Алайда «қазақтар өз тәуелсіздігін сақтай алмайды» деген ойды тарату халықтың санасында күмән тудыруы мүмкін.

Баспагер әлеуметтік психологиядағы «өзін-өзі ақтайтын болжам» ұғымын мысалға келтіріп, қоғамға үнемі жағымсыз сценарийлер айтылса, адамдар соған сеніп, сол жағдайдың жүзеге асуына өзі де ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасқан ел және басты міндет – бұл тәуелсіздікті әлсірету емес, керісінше нығайту.

«Әлеуметтік психологияда «өзін-өзі ақтайтын болжам» деген ұғым бар. Егер қоғамға: «бұл мүмкін емес» немесе «бәрібір күйрейді» деген ой қайта-қайта айтылып, саналарға сіңіріле берсе, уақыт өте келе адамдардың бір бөлігі соған сеніп қалады. Ал сенім адамның әрекетіне әсер етеді. Сөйтіп, адамдар өз әрекетімен немесе әрекетсіздігімен сол жағымсыз сценарийдің жүзеге асуына өздері жағдай жасайды. Сондықтан мұндай сөздер өте қауіпті. Қоғам санасына «біз тәуелсіздігімізді сақтай алмаймыз» деген ой тасталған сәттен бастап, бұл жай пікір болудан қалып, күмәннің вирусына айналады. Әлгі ақынды қолдап жатқандар, шын жауап беріңдерші: Тәуелсіздігімізді көп көріп жүрсіңдер ме? Тілді қысқартып, артық сөзді тыйып, аңдап сөйлеңдер. Біз мұндай нарративтердің таралуына жол бермеуіміз керек. Үкіметті жақтырма, халықтан түңіл, бірақ Тәуелсіздігімізге деген сенім мызғымас болуға тиіс. Біздің тәуелсіздігіміз – қайдағы бір ақынның, сенің де, менің де меншігіміз емес, бізге аспаннан топ етіп түскен сый да емес. Бұл – бізге дейін өмір сүрген талай ұрпақтың күресі мен еңбегінің, қан мен тердің, зор жауапкершіліктің нәтижесі.

Мұндай жексұрын сөздерді тек қазақ халқын жауға жығып бергісі келетін іштен шыққан жау ғана айта алады. Ешкім өзін Тәуелсіздіктен биік қоймасын!», – деді ол.

Қазіргі уақытта бұл тақырып әлеуметтік желілерде қызу пікірталасқа айналып, қоғамда ұлттық құндылықтар, тіл, тәуелсіздік және азаматтық жауапкершілік туралы кең талқылауға жол ашты.