in

Жаңа маусымның алғашқы ысқырығы

Барлығы 22 гол, әр матчқа шаққанда орта есеппен 2,75 голдан соғылды. Алғашқы турда жанкүйер күткеннің бәрі болды: тартысты матчтар, ірі есеппен аяқталған ойындар, қызу эмоциялар, тіпті төрешілер шешіміне қатысты даулы сәттер де кездесті. Айта кетейік, өткен маусымның чемпионы – алматылық «Қайрат» клубы. Биыл команда өз чемпиондық атағын қорғауға тырысса, өзге клубтар да жоғары орындар үшін тартысқа түспек. 

Тартысты әрі қызықты турды «Ақтөбе» мен «Тобыл» команда­лары бастап берді. Жазғы транс­ферлік кезеңде «Ақтөбе» сонау тірі аңыздарды көрген «Манчестер Юнайтед» сапында өнер көрсеткен португалиялық шабуылшы Луиш Наниді сатып алған болатын. Нани үшін жиналған жұрт бір марқайып қайтқаны рас. Себебі ол алғашқы дебютінде голдық паспен көзге түсті. Ойын «Түркістан Аре­на» стадионында өтіп, 4:1 есебімен «Ақтөбе» жеңіске жетті. Кейбір сарапшылардың ойынша, «матч­тың 37-ші минутында көрсетілген қызыл қағаз ойын тағдырын шешті» дейді. Алайда жанкүйер­лерден түрлі хейт келсе де, ҚФФ төрешінің шешімін «дұрыс» деп бағалады. Сонымен қоса, VAR-дың оқиғаны қарап шыққаннан кейінгі араласуы дұрыс болды деп есептелді. Себебі төреші бастап­қыда сары қағаз көрсетсе, қайта қараудан кейін қызыл қағаз көр­сеткен еді. 

Футбол тойы – Шымкентте

Шырайлы Шымкентте нағыз футбол мерекесі өтті. «Ордабасы» мен «Ертіс» арасындағы кездесу алғашқы турдың ең қызықты ойындарының біріне айналды. Матч басталмай тұрып-ақ Қажы­мұқан Мұңайтпасов атындағы стадион лық толып, жанкүйерлер ерекше атмосфера қалыптас­тырды. Маусымның ашылуына орай отандық эстрада жұлдыздары – «Шиза» мен Қайрат Нұртас өнер көрсетіп, көрерменге көте­ріңкі көңіл күй сыйлады. Кездесуді алаң иелері фаворит ретінде баста­ғанымен, ойын барысы жанкүйер күткендей өрбіген жоқ. Қонақтар алғашқы минуттардан-ақ батыл шабуылға көшіп, 9-минутта есеп ашты. Павлодарлық Максим Фе­дин қолайлы позицияны тиімді пайдаланып, «Ордабасы» қақпа­сын дәл көздеді. Бірінші таймның соңына таман шымкенттік коман­да таразы басын теңестірді. 45-ми­нутта алаң иелері есепті теңес­тіріп, ойынға қайта интрига қосты. Дегенмен екінші таймда «Ертіс» тағы да алға шықты. 64-минутта Павел Седко жылдам қарсы ша­буыл ұйымдастырып, «Ордабасы» қақпашысымен бетпе-бет кезде­суде мүлт кетпей, павлодар­лықтарды қайтадан алға шығарды. Матчтың қалған бөлігінде алаң иелері есепті құтқару үшін барын салды. Шымкенттік команда соңғы минуттарға дейін қысымды күшейтіп, ақыры нәтижеге жетті. Қосылған уақыттың алдында орындалған айып соққысы дәл болып, есеп теңесті. Ойыннан кейін «Ордабасы» ФК бас бапкері Андрей Мартин матчқа қатысты пікір білдірді:

– Жанкүйерлерге ойын ұнады деп ойлаймын. Екі команда да жақсы ойнады, голдар да көп бол­ды. Бізге жеңіске жету үшін сәл ғана мүмкіндік жетіспей қалды, – деді маман. Айта кетейік, «Орда­басыны» келесі турда қиын сынақ күтіп тұр. Шымкенттік клуб сырт алаңда елордалық «Жеңіс» коман­дасымен кездеседі.

Қызылжар ғажап камбэк жасады

Петропавлда өткен «Қызыл­жар» мен «Каспий» арасындағы кездесу де тартысқа толы болды. Матч тағдырын соңғы минуттар шешті. Жеңіс голын Қазақстан Премьер-лигасы тарихындағы алғашқы фарерлік футболшы – Йоханнес Бьярталид соқты. Айта кетейік, жартылай қорғаушы – Фарер аралдары ұлттық құрамасы сапында 40-тан астам матч өткізіп, өткен маусымда Норвегияның жоғарғы лигасында өнер көр­сет­кен тәжірибелі ойыншы. Кезде­судің алғашқы бөлігінде қонақтар әлдеқайда белсенді болды. Бірінші таймда «Каспий» командасы португалиялық шабуылшы Андре Амаралдың голының арқасында алға шықты. Ақтаулық клуб допты өз бақылауында ұстап, ойын тізгінін қолға алғандай көрінді. Екінші таймда алаң иелері ойынға қайта оралды. Петро­павлдықтар­дың шабуылшысы, Кот-д’ Ивуар­дан келген Этьен Бугре есепті теңестіріп, матчқа жаңа серпін берді. Ойынның соңғы минуттары тіпті драмалық сипат алды. 86-минутта «Қызылжар» ойыншы­сы Тимур Мульдинов қызыл қағаз алып, алаң иелері бір ойыншымен кем қалды. Соған қарамастан, пет­ропавлдықтар жеңіс үшін күресті тоқтатпады. 89-минутта фарерлік легионер Йоханнес Бьорталид шешуші соққысын жасап, ко­мандасына жеңіс сыйлады. Осы­лайша, «Қызылжар» қиын матчта 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетерлігі, «Каспий» ко­мандасы бұл ойында жаман әсер қалдырған жоқ. Жақында ғана Бірінші лигада чемпион атанып, Премьер-лигаға қайта оралған ақтаулық клуб ойын барысында допты жақсы бақылап, батылдық көрсетті. Әдетте, төменгі ди­визионнан көтерілген коман­далар жаңа деңгейге бейімделу үшін құрамын едәуір күшейтуге мәжбүр болады. Себебі Премьер-лигада легионерлер көп, бәсеке де жо­ғары. Соған қарамастан, «Каспий» алғашқы турдың өзінде тартысты ойын үлгісін көрсете білді.

Футбол эксперті Ерсін Еріктің сөзінше, Йоханнес Бьорталид се­кілді ойыншыларды елімізге ша­қыру керек.

– Мен Фарер аралдарынан келген футболшылардың Қазақ­стан чемпионатында ойнағанына қуаныштымын. Мұндай ойыншы­лар өз деңгейін көрсетіп, гол со­ғып, командасына пайда әкеледі деп сенемін. Біріншіден, Фарер аралдарының климаты біздің елге біршама ұқсас. Сондықтан мұндай ойыншылар Қазақстанға тез бе­йім­деледі. Екіншіден, ол жақтың футболшылары өзін дәлелдеуге өте ынталы болады. Олар Еуро­кубоктерде ойнауды, жаңа елдер­де, соның ішінде Қазақстанда өнер көрсетуді үлкен мүмкіндік деп қабылдайды.

Сондықтан Фарер аралдары, Люксембург сияқты шағын фут­бол елдерінен ойыншылар ша­қыру дұрыс бағыт деп ойлаймын. Себебі біз қалаған көптеген еуро­палық футболшылар, бір жағы­нан, өте қымбат, екінші жағы­нан, халықаралық тәжірибесі де көп бола бермейді, – дейді ол.

1-турдың даулы ойыны

Қазақстан Премьер-ли­гасының алғашқы турында «Оқжетпес» пен «Елі­май» коман­далары Семейде кездесіп, матч 1:1 есебімен тең аяқталды. Ойын басында қонақтар алға шықты: 16-минутта Иван Свири­дов қор­ғаныстағы қателікті пай­даланып, есеп ашты. Гол жіберіп алған «Оқжетпес» шабуылды үде­тіп, екінші таймда таразы басын теңестірді. «Елімай» қақпашысы Владимир Стойкович айып алаңын­дағы сәтсіз әрекетінің салдарынан допты өз қақпасына бағыттап алды. Матчтың даулы сәті – төреші Данияр Сахи айып алаңындағы эпизодта пенальти белгілемеуі болды.

Спорт сарапшысы Әлімжан Асқар ҚПЛ матчтарын шолу под­кастында пенальтидің қойылмауы дұрыс деп айтты.

– Менің көз алдымда сол эпи­зод анық тұр. Қайталымдарды қарағанда, қорғаушының аяғы алдымен допқа тигені байқалады. Сондықтан бұл жағдайда пенальти бермеуге де негіз бар деп ойлай­мын. Жалпы, егер төреші эпизодқа жүз пайыз сенімді болмаса, онда пенальти белгілеу дұрыс шешім болмайды, – дейді ол.

Ал бұл пайыммен тағы бір спорт сарапшысы Олжас Байбо­сын мүлде келіспейді. Оның сө­зінше, төреші бұл эпизодты қайта қарау керек еді.

– Менің ойымша, бұл жерде нақты пенальти қойылуға тиіс деп есептеймін. Бұл төреші былтырғы маусымдарда да өрескел қателіктер жіберген еді. Тіпті, 1 айға жұмыс­тан шеттетілген. Ол да тура осы пенальтиге байланысты болған. Енді тағы да осындай жағдай туын­­дап отыр. Осыдан кейін қалайша біз оны ақтап алуымыз керек? Ол әр маусымда осындай қателіктер істейді. Бұл эпизодта тү­сін­бегенім, төрешінің VAR жүйе­сін қарамауында. Бәлкім қараса басқаша болар ма еді?! – дейді сарапшы.

Ал басқа да ойындар өз кезегі бойынша өтті. Елордалық «Астана» өз алаңында «Жетісуды» 4:1 есебімен жеңді. Есепті 14-ми­нутта Станислав Басманов ашса, араға 15 минут салып, хорватиялық қорғаушы Карло Бартолец есепті еселей түсті. Үзіліске дейін 18 жастағы жартылай қорғаушы Мақсат Абраев үшінші голды соқ­ты. Екінші таймда Марин Томасов тағы бір мәрте мергендігімен көзге түсіп, есепті 4:0-ге жеткізді. «Жетісу» сапынан жалғыз голды сер­биялық шабуылшы Марко Зи­ван­ович соқ­ты.

Мачтағы тағы бір та­рихи оқиға – 96-шы голы­мен Марин Томасов Қазақ­стан чем­пионаты тарихын­дағы ең үздік 10 бом­бардирдің қатарына енді. Бүгінге дейін жартылай қор­ғаушы «Астана» сапында Пре­мьер-лигада 208 ойын өт­кізіп, 96 гол соқты. Сонымен қатар «Аста­на» сапында 55 минут ойнаған 33 жастағы Бауыржан Исламханның оралуына жанкүйерлер қатты қуанды. Бұл – оның 476 күннен кейінгі алғашқы ресми ойыны. 

Әсет ҚАЛИ