in

Жаңару тазалыққа бастаған толғаныс

Қазақ дүниетанымында «жаңару» ұғымы тазалықпен, кешіріммен және ақ ниетпен сабақтасып жатыр. Сондықтан Наурыз мейрамы ежелден тазару мен жаңғырудың нышаны саналған. Бұл күні халық «Ескі жыл, есірке, жаңа жыл, жарылқа» деп ақжарма тілек тілеп, өткеннің өкпесін ұмытып, жаңа жылға үмітпен қадам басады. Бүгінгі жаңару күнінде рухани тазару, ізгі ниетке ұмтылу және жаңа бастамаларға жол ашу идеясы айрықша мәнге ие.

Тарихи деректерге сүйенсек, Нау­рыз мейрамы қоғамдық-саяси жағ­дайларға байланысты 1926–1988 жыл­дар аралығында атап өтілмеді. Де­генмен халық жадынан өшпеген ұлық ме­реке ел ішінде жалғасын тапқанымен, оның терең мазмұндық сипатына қауіп төн­ген еді. 1988 жылдан бастап Наурыз ме­рекесі қайта жаңғырып, ұлттық руха­ният­пен бірге қайта түлей бастады. Алай­да алғашқы кезеңдерде мерекелеу кө­біне сыртқы атрибуттармен, киіз үй тігу­мен, мол дастарқан жаюмен және нау­рызкөже ұсынумен шектеліп қалды. Ал қазір Наурыз мейрамын ұзақ уақыт той­лау үшін жаңа формат – Наурызнама он­күндігі енгізілді. Онкүндік аясында ұлт­тық құндылықтарды жаңғырту, бір­лік пен ынтымақты нығайту мақсатында әр күнге арнайы атау беріліп, мәдениет және салт-дәстүр насихатталады.

Жаңару – табиғаттың мәңгілік заң­дылығы. Бұл кезеңде қар еріп, күн жы­лы­нады, ағаштар бүр жарып, тіршілік атау­лы қайта жанданады, ал адам бала­сы қыстың ауыртпалығынан кейін жаңа өмірге қадам басады. Осындай ерекше ме­зетті әр халық әртүрлі атаумен атап өте­ді: қазақ және түркі жұртында Нау­рыз мейрамы ретінде кеңінен тойланса, пар­сы халықтарында – Навруз, ал кей­бір славян елдерінде Көктемгі күн тең­елуі мерекесі ретінде дәріптеледі. Шы­ғыс халықтары ежелден бірлік пен та­ту­лық­тың, еңбектің, ізгілік пен берекенің ме­рекесі ретінде атап өтеді. Жаңару кү­ніне тән дәстүрлер әр халықтың мә­де­ни ерекшелігіне қарай әрқилы көрініс тап­қанымен, олардың түпкі мәні та­би­ғаттың жаңғыруымен тығыз байла­ныс­ты. Бұл күні адамдар үйлерін тазартып, қа­жетсіз дүниелерден арылып, жаңа ке­зеңді жеңіл әрі таза көңілмен бастауға ұм­тылады. Табиғатқа жанашырлықтың бел­гісі ретінде ағаш отырғызып, айна­ла­ны көркейту – жаңарудың айқын ны­шаны. Сонымен қатар от жағып, жа­рықты дәріптеу арқылы күннің жылуы мен нұрын қарсы алу дәстүрі қа­лыптасқан. Ең бастысы, адамдар бір-біріне ізгі тілек арнап, өкпе-реніштерін ұмы­тып, татулыққа бет бұрады.

Ізтастағы жаңа күн бейнесі

Жаңару күні адамдар ескі-құсқыдан арылып, жаңа өмірге дайындық жасай­ды. Бұл – тұрмыстық әрекет. Ал шын мә­нінде, бұл күннің басты мазмұны – ха­лық жаман ойдан, реніштен, өкпе-наз­дан арылып, жаңа кезеңді таза көңіл­мен қарсы алу. Жуанның жіңішкеріп, жіңіш­кенің үзілер шағында күллі ел ежел­ден атап өтетін Наурыз мейрамы ая­сында сақталған салт-дәстүрлер мен уа­қыт ағымына сай жаңарып отыр. Бұл ме­реке діни түсініктен бөлек, «жаңару», «жаңа жылдың бастауы» деген ұғым­дар­мен астасып, шамамен 2–3 мың жыл бұ­рын пайда болған. Тарихшы Темір­ғали Аршабеков осындай пікірде. Ол Наурыздың ертеден бері тойланып келе жат­қан көне мейрам екенін бірқатар та­ри­хи деректер арқылы түсіндіріп берді.

«Сарыарқа даласында жыл басының жаңару кезеңін айғақтайтын айқын де­ректер бар. Мәселен, Қарағанды облы­сын­да 30-ға жуық ізтас кездеседі. Со­ның бірі – Ақтоғай жеріндегі Желтау тауын­дағы көне бейне. Мұнда малшы­ның екі қолын көтеріп, ерте көктемді кү­тіп тұрған бейнесі арқылы жаңа күн­нің, жаңа жылдың басталуы тасқа қа­ша­лып көрсетілген. Наурыздың көне­лі­гін дәлелдейтін тағы бір маңызды белгі – Ұлытау облысы Ұлытау ауданы Терек­ті әулие тауындағы және Жаңаарқа ау­да­ны Ақсайдағы шамамен 3 мың жыл бұ­рын тасқа салынған күн таңбалары. Бұл дөңгелек таңбалар жаңа күннің пай­да болуын білдіріп, табиғаттағы жаңа­ру­дың символы ретінде бейнеленген. Жал­пы, «жаңару» ұғымы бүкіл әлемнің жаңаруы деген мағына береді. Қыс мез­гілінен кейін көктемнің келуі, қардың еріп, жаңа тіршіліктің басталуы, был­тыр­ғы шөптің орнына жаңа өскіннің шы­ғуы – осының барлығы табиғаттағы жаңару кезеңінің басталғанын көрсетеді. Сондықтан «жаңару» сөзінің түпкі мәні де осы табиғи құбылыстармен тығыз бай­­­ланысты», – дейді Темірғали Аршабеков. 

Наурыз мейрамы – күн мен түн теңе­ліп, табиғат пен тіршіліктің қайта түлейтін, төрт түлік төлдеп, жер бе­тіне жан бітіп, жыл құстары қайта ора­­­латын, қыстың ызғары қайтып, көк­темнің шуағы сезілетін айрықша кезең. Осындай табиғаттың тылсым заңды­лық­тарын терең ұғына білген ата-баба­лары­мыз бұл күннің маңызын «Жыл басы», «Жаңару», «әз Наурыз» ұғымда­ры­на сыйдыра білген. Тарихшылардың айтуынша, қазақ танымындағы мұндай тү­сініктердің барлығы табиғатпен үй­ле­сімде өмір сүрудің нәтижесінде қалып­тасқан. Өйткені қазақ – табиғатпен біте қай­насқан халық. Жер жаңарып, айнала жа­сыл желекке бөленіп, көктемнің жар­шысы – Наурыз мейрамы келген шақта ел-жұрт бұлақтың көзін ашып, тал егіп, айналаны тазартып, табиғатқа қам­қор­лық жасаған.

«Қазақ халқы Наурызды «Әз Нау­рыз» деп те атаған. Мұндағы «әз» сөзі – тарихи таныммен байланысты және төрт түлік­ке қатысты сирек қолданылатын ұғым­дар­дың бірі. Қазақ халқы табиғат құбы­лыс­тарына қарап көктемнің қашан шы­­ғатынына болжам жасаған: егер қар­ға қойдың құмалағы батса, көктем ерте әрі жайма-шуақ болады деп есеп­те­ген. Осылайша, табиғатпен етене бай­­­ла­ныс­та көктемнің жаңа күні толық келді деп пайымдаған. Қазақ қана емес, түркі тек­тес халықтар қоршаған ортаға, таби­ғат­қа, су көздеріне ерекше құрметпен қара­­ған. Айдалада бұлақ басындағы ағаш­­ты «әулие ағаш» деп қастерлеуі – со­­ның айғағы. Сондай-ақ әр мезгілдің та­­биғи жайылымдарды тепе-теңдікте ұстап, табиғатпен үйлесімді өмір сүрген. XVIII–XIX ғасырларда Орта жүз қазақ­та­рының жайлауы Ресей аумағына дейін, Түмен мен Орынборға дейін со­зыл­ғаны белгілі. Кейін Ресей империя­сы­ның реформаларына байланысты жайы­лым жерлер тарылып, көші-қон ау­қымы шектелді. Дегенмен қоршаған ор­таның жаңаруы мен табиғатпен үй­лесімде өмір сүру ұғымы түркі халық­та­рына ортақ дүниетаным ретінде сақ­та­лып келеді. Осылайша, жаңа жыл бас­та­лып, бүкіл тіршілік жаңарады деп пайым­даймыз», – дейді тарихшы. 

Оның ойын толықтыра түсетін мы­на­дай тағы бір мысал бар: танымымызда Наурыздың алғашқы үш күнінің бірінде жер бетімен ерекше гуіл – әз жүріп өтеді де­ген сенім бар. Бұл сәт табиғаттың жан­­­­­данып, жердің қайта түлей бастаған ке­зеңімен сабақтас түсіндіріледі. Әздің келгенін ең алдымен қой түлігі сезеді деп есептеледі. Халық арасында кең та­раған «Әз болмай, мәз болмайды» де­ген нақыл да осы ұғымның мәнін ай­қындайды. Көктемнің келуін қазақ хал­қы жануарлардың мінез-құлқынан да аңғарған. Мәселен, наурыз айының орта шенінде суыр інінен шығады. Егер ол інінен алысқа ұзап кетсе, көктем ерте келеді деп болжанған. Ал ін маңынан ұзамаған жағдайда, қыстың ызғары әлі де сақталады деп топшылаған.

Жыл да, Жер де жаңарған

Ғалымдар Наурыз – күн мен түннің теңелуімен, аспан әлемінің жаңаруымен байланысты табиғат қойнынан шыққан көне мейрам екенін ғалымдар айтып, оған тарихи дәлелдер мен мысалдар да кел­тірді. Олардың қатарын этнолог-та­рихшы Ахмет Тоқтабай да толықтырды. Айтуынша, ежелде Шығыс елдерінде, Иран, Түркия, Ауғанстан және бас­қа да өңірлерде әртүрлі уа­қыт­та атап өтілген. Өйткені ел билеген әр патша Наурыздың күнін өздері белгілеп отыр­ған. Соның салдарынан, мей­рам уақыты өзгеріске ұшырады. 1079 жылы Мә­лік Шах арнайы тапсырма беріп, Омар ибн Ибрагим әл-Хаямды басшылыққа тағайындап, Хорасан мен басқа өңірлердің ғалым­дарын жинаған. Ғалымдар мен астрономдар бір жылға жуық зерттеу жүргізіп, нәти­же­сінде Наурыз 21-інен 22-іне қара­ған түні кіреді деп нақты бел­гіленген. Бұл дата бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. 

«Ескі күнтізбе бойынша қазақ халқы мейрамды 9–16 наурыз аралығында 8 күн бойы тойлаған. Алаш қайраткерлері де осы күн арасында халықты құттықтап, газет-журналдарға жариялап отырды. Тарих­та күнтізбенің өзгеруін ескерсек, Қазан төңкерісі 25 қазанда болды дей­міз. Күнтізбе өзгерген соң 7 қарашаға сәй­кес келген. Сол сияқты қазақтар бұрын той­лаған 9 наурыз қазіргі күнтізбе бойын­ша 21 наурызға сәйкес келеді. Сон­дықтан бүгінде тойланып жүрген Ұлыс­тың ұлы күні – тарихи жалғас­тық­тың көрінісі. Яғни, қазақ халқы ертеден-ақ күн мен түннің теңелуін дәл анықтай білген. Наурызда халық «Ақ мол бол­сын!» деп тілек айтады. Себебі қыстағы соғым еті таусылып, адамдар ағарған та­ғам­дарға көшеді. Соғымның ең соңғы сы­бағасы алыста жүрген азаматтарға сақ­талып, қалған ет наурызкөжеге қо­сы­лады», – деді Ахмет Тоқтабай. 

Ғалымның айтуынша, бұл құбылыс­ты орыс ғалымдары да зерттеп, Наурыз­дың практикалық маңызын «қызыл та­мақ­тан ақ тамаққа көшу» деп сипатта­ған. Ақ тағамдарды тұтыну күзге дейін жал­ғасады. Мұны қазіргі тілмен айтқан­да, «маусымдық диета» деп атауға бола­ды.

Дүниенің жаны кіретін кез

Қазіргі Наурызнама онкүндігі ая­сын­да бірнеше атаулы күндер белгілен­гені­мен, олардың барлығы мәні мен маз­мұ­ны жағынан Ұлыстың ұлы күні – Нау­рыз ұғымының аясында тоғысады. Осы күндердің арасында қазақтың бұрынғы салт-дәстүрі қайта жаңғырып, халық игі­лігіне бейімделген іс-шаралар мен рә­сім­дер қайта жасалады. Халықтың мал шаруашылығына байланысты егін егу, бұлақ басын ашу, ағаш егу сияқты дәс­түрлі әрекеттер Наурыз мерекесінің мә­нін сақтап, адамдарды табиғат цик­лымен үйлестіріп өмір сүруге үйретеді. Этнограф Ғалия Қайдауылқызының сө­зінше, қазақ үшін табиғат жай ғана қоршаған орта емес, ол – жаратушының үл­кен сыйы, өмірдің, дәстүрдің, мере­кенің өлшемі болып келген. Дана халық кез келген атаулы күнді, тойды немесе дәс­түрлі іс-шараны табиғатпен үндес­тіріп, ауа райы мен мезгіл ерекшелігіне қарай ұйымдастыруды әдетке айнал­дырған.

– Адамның екі анасы бар деп айтсақ, оның бірі – туған анасы, екіншісі – та­би­ғат. Көктемнің келуімен жер беті жаңа кейіпке боялады. Дүниенің жаны кі­ретін кез. Күннің шуағы, нұры кө­бейіп, көктің шығатын уағы. Адамзат со­дан да болар, табиғатты ерекше ая­лай­ды, баптайды, қадір тұтады. Әрі жас буынды осыған баулиды, тәрбиелейді. «Бұлақ ақса, көл тоқ. Еңбек етсе, ер тоқ», «Бір тал кессең, он тал ек», «Жүз жыл­дығын ойлаған халық ағаш егеді» дейтін даналық сөздер соның бір дәлелі. Ежел­гі түсінікте қоршаған ортаның бәрі­­нің де жаны бар және жаратушысы бар, сондықтан олармен болатын қаты­нас жанды деңгейде болу керек деп есеп­телген. Қазақтың көне дәстүрі бойын­ша жер – адамзат, жалпы тіршілік ие­лері мен өсімдіктер, жан-жануарлар ана­сы, ал аспан – жарық, жылу беріп, жаң­быр жаудырып, бүкіл тіршілік атаулыға жақ­сы­лық жасап, қорған болатын атасы ре­тінде есептелінген. Одан бөлек, төрт тү­лік малдың да өзіне тән иесі болды. Мұ­ның бәрі халықтың табиғатпен үн­десіп жатқанының басты көрінісі. Қазақ хал­қының әрбір мейрамы табиғатпен ас­тасып, оның циклымен үндесіп келе­тін. Мысалы, көктемде атқа міну, мал сою, егін егу сияқты дәстүрлі әрекеттер Наурызбен, жаңару мен тіршіліктің оянуымен байланысты болса, күзде өткізілетін жиын-терін мерекелері табиғаттың мол өнімін жинаумен тығыз байланыста болған. Тіпті, кейбір тойлар мен діни рәсімдер де ауа райына, жыл мезгіліне қарай ұйымдастырылып, адам­дардың табиғат заңдарына ба­ғынуын, оның сыйына құрмет көрсетуін көрсетеді», – дейді этнограф.

Міне, дәл осы үйлесім – қазақ хал­қының дүниетанымында та­би­ғатты тек қоршаған орта ғана емес, тіршілік пен мерекенің серігі ретінде қабылдағанының айқын көрінісі. Халық қоршаған ортамен тамырластығын дәріп­тейтін, дүние түлеп, жаңғыратын мау­сымдарға арналған жылдың 4 мез­гілін 4 ірі мерекемен ұштастырған. Со­ның бірі Наурыз мерекесі – Жер-ананың қайта түлеп, жаңаратын уақыты. Осы тұста этнограф Ғалия Қайдауылқызы қа­зақ халқы бұл мейрамның өзін үш не­гізгі жікке бөліп, тойлай білгенін тілге тиек етті.

– Алғашқысы – тепе-теңдік ұғымы. Ұлыс тойы Күн мен Түн, Қыс пен Жаз тепе-теңдікке келген сәттен бастап той­ла­нады. Осыған сәйкес Наурыз тойы жара­тылысты қоршаушы күштердің, ал­дымен табиғат пен қоғамның, екін­ші­ден, ел мен елдің, үшіншіден, қоғам­дағы әлеуметтік топтардың тепе-тең­ді­гі­нің сақталуын талап етеді. Екіншісі – игілік. Наурыз тойы қарсаңында: «Бұлақ көр­сең, көзін аш», – деп қаумаласқан жі­гі­т­­тер бастаулардың көзін ашып, қария­лар: «Атаңнан мал қалғанша тал қал­сын», – деп бұлақ басына тал егіп, ана­лар жаңа атқан күнге: «Армысың, қайы­рым­ды Күн-Ана, құт дарыт, жа­рыл­қа!» – деп бұлаққа май құйып, өсім­діктерге ақ бүркеді. Сөйтіп, табиғаттың өсіп-өнуіне жағдай жасалады. Үшіншісі – жаңару. Ұлыс күні аспан денелері бастапқы нүк­те­сіне келеді. Мал төлдеп, жер көктеп, дүние жаңарады. Осыған сәйкес адам­дар да шашын алып, сақал-мұртын кү­зеп, жуынып-шайынып, ақ көйлек пен су жаңа киінеді, – дейді Ғалия Қай­дауыл­қызы.

Одан бөлек, Жаңару күні қарсаңында халқымыз бірнеше дәстүр мен ғұрыпты орындаған. Мәселен, қазақ жері­нің оң­түс­тігіндегі қазақтар көктеуге нау­рыз­дың басында көшіп, отпен алас­тау, қауақ сындыру, яғни «тазару» ғұ­рып­тарын жасаған. Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ профессоры, этнограф Тәт­тігүл Қартаеваның айтуынша, Оң­түстік қазақ­тарының отпен аластауының көне ғұрпы туралы Н.Гродеков, Ә.Ди­ваев жазбаларында қызықты деректер кездеседі. Қыстаудан көктеуге көшке жиналғанда аман-есен жаңа қонысқа жетуге ырымдап, ғұрыптық дастарқан жайып, бата жасаған. Одан соң, көшке шы­ғар алдында жолдың екі жағынан үл­кен екі от жағады, әйелдердің жасы жа­ғынан үлкені қауақтан жасалған ыдыс­­ты алып «қауақ сынды қайғы кет­ті», ­– деп дауыстап айтып, қауақты сын­­­­­дырады. Қауақ – іші бос, тек тарам­далған кеуіктері мен дәндері бар асқабақ тәріз­ді жеміс. Оңтүстіктің отырықшы шаруашылықты кәсіп еткен қазақтары өсірген. Ішін кеулеп тазалап, тұз, қант, тәт­тілер салуға ыдыс ретінде пайда­лан­ған. Сопақ түрлерін екіге жарып, ожау да жасаған. Жағылған екі от арасынан жүк артылған түйелерде өткізеді, одан кейін еркек, әйел, балалар «алас, алас» деп оттан секіреді. «Қауақ сындыру» – қыс­тан аман-есен шыққандарына тәу­бешілік етіп, қыстан келетін қауіп-қатер сынған ыдыспен кетсін дегені. Себебі қыс­тың қыстың қатты болуы жұтқа әке­ліп соғып, мал басының азаюына тіке­лей әсер еткен. Қыста болатын жұт қа­зақ үшін ең үлкен қауіп-қатер еді. Көш­­ті аластау, оттан секіру ғұрыптары көш­­пеліліктен отырықшылыққа ауысу кезеңінен бастап жойылған. 

«Байырғы қазақтар Наурызда кетік аяқ (ыдыс) болса сындырып, ескі зат­тарды «бәле-жала осымен кетсін» деп жеро­­шақ жасап, отқа жағып, күлін кө­міп тастаған. Бұл ритуал ескі зат үйдегі ошақ­қа тасталмағандықтан, «моғал ошақ қазу» деп аталған. Қазақтар ара­сында ертеде жұп шырақ жағу ғұрпы болған. Бұл ғұрыпқа кезінде қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов үлкен мән берген. Наурыз дастарқанының ба­сына, Наурыз күні түнге қарай үйде жұп шырақ жағу дерегі қызығушылық тудырады. Зерттеушілердің пайым­дауын­ша, түнгі шырақтың бірі От Құ­дайына, бірі Ұмай Анаға (От Ана, Май Ана) арналған болуы мүмкін. Аластау, шырақ жағу рәсімдерінің архисемасы (түп­кі мәні) От Әулиеге (От Құдайға), от­қа табынумен (зороастризммен, ша­ма­низммен) байланысты сенім», – деді Т.Қартаева.

Жаңару күні адамның да жаңа бет­бұрыс жасауына, өткен жылмен қошта­сып, жаңа мүмкіндіктерді қарсы алуға мүм­кіндік береді. Күллі табиғат тіршілігі оянып, жайма-шуақ күн басталған шақ­та әрбір адам жаңалыққа, жақсылыққа ұмтылады. Сондықтан бұл күнді әркім жаңа мүмкіндіктерді қарсы алу, ішкі дү­ниесін тазалау және оң өзгерістерге бет бұру мерекесі ретінде атап өтеді. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ