in

Әз-Наурыз – Алаш аманаты

Отарлаушы саясат халық жадындағы тамыры тым тереңде екенін түсініп, оны тойлауға барынша тұсау салды, ұлттық санадан мүлдем өшіріп тастауға күш салды. Алайда тарихтың қыспақты кезеңдерінде қазақ зиялылары Наурызды ақтап алу жолында аянып қалған жоқ. Олар бұл мейрамды ел рухын асқақтатудың, ұлттық намысты оятудың басты құралына айналдырды.

Жыл басы – жаңарған дүние бастауы

Бүкіл түркі жұртының да ортақ мұрасы, рухани қазынасы са­на­ла­тын Наурыз мере­кесі уақыт керуе­нінде әр халықтың өзін­дік тұр­мыстық бояуы­мен қаныға түсті. Бү­гінде әр халық бұл ұлы күнді өз бол­мысына, ата-баба­дан қалған салт-дәстүрі мен тіршілік тыны­сына сай түлетіп жатыр. Қазақ хал­қы мей­рам­ды төл шаруа­шы­лығы мен кең сахара­сының заңды­лық­тарына не­гізделген бірегей жүйе ретінде қалыптастырды. Да­лалық дүниетанымына лайықтап, ұлттық нақышпен көм­керді. 

Наурыздың қазақ қоғамындағы орны мен тарихи салмағы ұлт арыс­тары­ның қолтаңбасы қалған құн­ды жәдігерлерден де айқын көрінеді. Баба­­ларымыз бұл күнді «Ұлыстың ұлы күні» не­месе «Ұлыс күні» деп қас­терлеген. Хәкім Абай «Бірер сөз қа­зақ­тың қайдан шық­қа­ны туралы» деген әңгімесінде: «Ол күн­де Наурыз деген бір жаз­ғы­тұрым мейрамы бо­лып, нау­рыз­да­ма қыламыз деп, той-тамаша қы­ла­ды екен. Сол күнін «Ұлыс­тың ұлы күні» дейді екен» деп сипат­тай­ды.

Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы бұл атау­­дың төркініне үңіліп, оның «жаңа күн» де­ген мағынасын аша түседі: «Ескі қазақта Жаңа жыл күнінің аты – Ұлыс. …Жыл ба­сы­­ның аты Ұлыс екенінің дәлелі мынау: «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол бо­лар, Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы бо­лар», – деген тіпті ескі, есті мақал».

Алаш арыстары үшін Наурыз – тек күн­тізбелік меже емес, түркі жұртының бірлігі мен мәдениетін айқындайтын биік мұрат еді. Сондықтан да олар әрбір Жаңа күн ту­ғанда ұлттық сананы оятарлық салиқалы ой­ларын ортаға салып, елдің қуанышына ор­тақтаса білді. Тіпті, 1926 жылы кеңестік сая­саттың ызғарлы қаулысымен Наурызға «діни сарқыншақ» деген жала жабылып, рес­ми түрде тұсау салынғанда, ұлт зия­лы­лары идеологиялық қыспақ пен қатал жа­заға қарамастан, бұл шешімге барынша қа­рсыласып, мереке рухынан ажырамады. 

Олар ұлттық болмыстың өзегі Наурыз та­қырыбын қалам қуатымен қорғап, қа­сиет­­ті мерекені халық жадынан өшір-меу үшін аянып қалмады. Олар үшін әз-Наурыз – саясаттан биік, уақыттан үстем ұлт жанының ажырамас бөлшегі еді. Сон­дықтан Жаңа күн туғанда Алаш зиялылары ұлттық мерекенің терең мәнін ашып, ха­лықтың еңсесін тіктейтін отты лебіздерімен құт­тықтау жолдауды игі дәстүрге айнал­дырды.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мере­ке­нің табиғи һәм әлеуметтік сипатын былайша кестелеген: «Жаңа жылымыз – …шын мағынасында Жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп, көңіл­денген кез. Шаруа адамдарының бей­неттен қолы шешіліп, алты ай қыс бақ­қан арықтарын үмітті күнге жеткізіп, де­малып отырған кез. Ағаш шөптер қар асты­нан сілкініп шығып, гүлденіп жасаруға даяр­ланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп, бүтін ға­ламға нұрын шашып, үйсізді үйлімен тең­геріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұр­ған кез». Қазақтың көктемді жыл басы деп тануы – жаратылыстың жүйесін дөп бас­қан көрегендігінің, ғылыми өріс-өрке­нінің кеңдігінің белгісі. 

Сұлтанбек Қожанұлы 1925 жылғы 22 нау­рызда «Еңбекші қазақ» газетінде жарық көр­ген «Наурыз» атты мақаласында әз-Наурыздың құндылықтарын дәріптейді.

«Жаңа жыл – мұсылманшылықтан бұрын шыққан мейрам. Бұл – күн мен түн теңелген кез. Күн мен түн теңелген соң, күн ұзарып, жылылық көбейеді. Жер жі­би­ді, мал төлдейді, елдің аузы аққа тиеді. Қыс бойы ақ қар, көк мұздың астында жат­­қан жердің тынысы кеңейеді. Осының бәрі – шаруаның қуанышы. Наурыз күні ескі кек, ескі араздық ұмытылады. Ағайын-туған араласып, бір-біріне жақсы тілек тілейді. Бұл күні ренжуге болмайды. Бұл күні араздасқандар табысады. Осының бәрі ел ішіндегі ынтымақты, бірлікті ны­ғай­тады. Қазақ халқы үшін бұл күн – жаңа жылдың басы. Наурызды мейрамдау – елдіктің белгісі», – дейді Алаш қайраткері.

Ұлт ұстыны – дәстүр сабақтастығы

Бейімбет Майлин Наурызды тойлауға рес­ми тыйым салынса да, 1926 жылы – «Нау­рыз күні» өлеңін, 1927 жылы – «Нау­рыз тілегі» өлеңін, 1928 жылы «Жаңа тілек» өлеңін жазған.

– «Қазақ» газеті шығып тұрғанда (1913-1918) жыл сайын 9 наурызда (ескі Юлиан күн­тізбесі бойынша күн мен түн осы күні теңе­леді, жаңа Григориан күнтізбесінде 22 нау­рызға сәйкес келген) газеттің бас ай­дарын Наурыз тақырыбына арнап отырды. 9 наурызда жарияланатын редакциялық құт­тықтау мақалаларының авторлары қа­тарында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бө­кейханұлы, Міржақып Дулатұлы болды. «Ма­дияр» есімінен Міржақып Дулатұлы «Қош келдің, Наурыз!» атты жазбасын «Ең­бекші қазақ» газетінің 1923 жылы №75 са­нында жариялаған, – дейді этнограф Тәт­тігүл Картаева.

Бұл еңбектерде ұлттық думанның тек сырт­қы көрінісі емес, оның ішкі ру­хани қа­баты, атап айтқанда, татулық символы – «Көрісу» ғұрпының терең ас­тары, әз-Наурызда айтылған «Жасың құт­ты болсын!» деген ақ тілектің мән-ма­ғы­на­сы ашы­лады. Сондай-ақ Наурыз кө­­­­жедегі «қы­зыл» (ет) мен «ақтың» (сүт) астасуы – ескі жыл­мен қоштасу мен жаңа тіршілікті қар­сы алудың киелі нышаны екенін осы жаз­балар арқылы тани түсеміз. Наурыз кө­жедегі әрбір дәмнің құрамы көшпелі жұрт­тың шаруашылық танымы мен жара­тылыс заңының ғажайып үндестігі екені осы мұраларда нақпа-нақ айқындалған. 

Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың Жаңа жы­лы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құл­шылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны ел бір-бірімен көрісіп, «Жасың құт­ты болсын!» дейді. «Жасың құтты бол­сын!» – деп құттықтау осы күнге еш өзге­ріс­сіз жеткен. Аңыз бойынша, Жыл – жаңа туған бала, ол күн санап өсіп, үш айдан соң жі­гіт болады, күз түскенде қартайып, бурыл бас болады, қыс түсіп қар астында қал­ғанда кәріліктен өледі, осылайша он екі ай бітуімен ескі жылдың өмірі де бітеді. Жаңа жыл қайта туылғанда, сол туылған күн­ді құттықтап, қуанғанды құшағына алып сый-құрмет жасау – әр адамның мін­деті», – деп жазуының себебі осы.

Байырғы қазақтар «Жаңа жыл» сөзін Наурызға байланысты қолданған. Сә­кен Сейфуллин 1917 жылы жазған «Жаңа жыл» шығармасында: «Жаңа жылды қар­сы ап тұр, Кәрі жас та, бала да», – деуі қа­зақтардың Наурызға «Жаңа жыл» атауын қоса қолданғанын нақтылай түседі.

Әлихан Бөкейхан («Қыр баласы») «Қа­зақ» газетінің 1914 жылғы 9 наурыздағы №53 санында Наурыз мерекесіне орай жа­­­­риялаған «Жаңа жыл» мақаласында бұл мә­селеге ғылыми тұрғыдан келіп, күн­тіз­белік есептің дәлдігін негіздеген. Қол­да­ныстағы Юлиан мен әлі енбеген Григориан күн­­тізбелері арасындағы 13 күндік айыр­ма­шылықты талдап, Шығыстың Жаңа жы­лының 9 наурызға сәйкес келуін түсін­діру­ді мақсат етті: «Бұл күнді парсы тілінде «Наурыз» дейді, Жаңа жылдың басы… Біз­дің қазақтың Жаңа жылы мартта бол­ға­ны адасқан емес. Жаңа жыл мартта болса, күн мен түн тең болғаннан бастау керек. Ес­кі стильде бұл күн 9-шы март болады», – деп тұжырымдады Әлихан Нұрмұхамедұлы.

Наурыз көже: береке мен бірліктің дәмі

Наурыз көже – бұл жай тағам емес, ол шаруашылық пен руханияттың то­ғысқан нүктесі. Алаш зиялыларының де­рек­теріне сүйенсек, бұл күні, яғни әз-Нау­рызда қан төгілмейді, жаңа мал сойыл­май­ды: мұны «пышақ қандамау» салты дей­ді. Тек соғымнан сақталған малдың ба­сы қазанға түскен. Бұл – қыспен қоштасу мен жазды қарсы алудың символы. 

Бүгінде Наурыз туғанда киіз үй құрып, жа­ғалай мал сойып, қазан асу үйреншікті жайт­қа айналған. Ал бабалар салтының жө­ні бөлек еді. Мәшһүр Жүсіп «Наурыз» жаз­басында: «Байырғы қазақ қоғамында «Наурызнама» жасауға шамасы кел­ме­ген­дер, жалғыз қой сойса да Наурыз күні ауыл­ға дәм таттырам деп қамданған», – де­ген­­де Наурызға дейінгі сойылған мал жайын­да ай­тылғанын аңғару қиын емес. 

Тіске қатты болғанымен, қадірлі қона­ғы­на сүрленген ет ұсынылған, бұл сол үшін сақ­талған сыбағадай болған. Тек ауқатты, бере­келі отбасылар соғымын тауыса жеп қой­маған. Наурыз қарсаңында мал сою не­гізінен кедей-кепшіктің еншісінде бо­лып­ты. Мұның сыртында Наурыз мал төл­дейтін уақытқа тұспа-түс келетіндіктен, бұл уақытта шаруақор қазақ малдың басын кесуді обал санаған. Яғни, мұнда наным-сенім ғана емес, экономикалық прагматизм де бар. Наурыз көженің тек сүр еттің сор­пасына пісіріліп, оған жаңа жылдың уыз сүтінің қосылуы – өткен жылдың ырыз­ды­ғы мен келер күннің несібесін жалғаған қа­зақ әлемінің әсем нышаны іспеттес әрі да­лалық мал шаруашылығы мен жара­тылыс заңының ғажайып үндестігін паш етеді.

Мағжан Жұмабаев «Жаңа мектеп» жур­налында жариялаған «Наурыз» мақа­ла­сын­да бұл ғұрыпты былай түсіндіреді: «Жаңа жыл күні қазақ әдетінше әр үйде қазан-қа­зан көже пісіреді. Көженің ішіне қысқы со­ғымның тек басы салынады. Көжеге көп сүт құйылады. Басты шекені қарттар мү­жіп, құлақты балаларға кесіп беріп, басқа жұрт­тар көжені талап ішеді… Бұл көже ішу (сүт құйған) – келе жатқан жазбен ұшыра­сып, қарсы алып, ас ішу ретінен аққа (сүт­ке) көшу. Көжеге тек бас салып асып жеу – қар­лы қыспен, қыс тамағы етпен (қызылмен) қош­тасу», – деп түсіндіріп кеткен.

Наурыз – ғылым мен таным мерекесі

Көне түркі мен қазақ үшін Наурыз тек той-томалақ емес, табиғат құ­бы­лыстарын бақылаудың ғылыми тұжы­ры­мы болды. «Қазақ» газетінің «Наурыз құт­ты болсын!» редакциялық құттықтауын­да бұл мерекенің нағыз жыл басы екені ғы­лыми дәйектеледі: «9-шы мартта түн мен күн теңеледі. Күн ұзарып жылы бола бас­тай­ды. Күн жылыға айналғаны – жазға ай­налғаны. Сондықтан 9-шы март жаз ба­сы болып табылады» (1914, №53). Қо­рыта келе, Мағжан Жұмабаев: «Бұл мей­рам­ды тұрмыспен, ғылыммен байланыс­тырып, қоғамға игі іс жасайтын мейрам ету керек», – деп ой түйеді.

Сәкен Сейфуллин 1917 жылы 22 нау­рыз күні қазақ халқына жолдаған құттықтау сө­зінде: «Ескі жыл өтіп Жаңа жыл, жаңа жаз келді», – деп, Наурыздағы табиғаттың жаңаруын, халықтық белсенді тіршілігінің бас­талғанын, ел экономикасының жандан­ғанын меңзейді.

Әлемнің шын мәніндегі түлеп, жаң­ғыруы – әз-Наурыз мейрамымен тікелей са­бақтас. Түп тарихқа үңілсек, өзге халық­тар да ерте заманда көктем шуағын жыл ба­сы деп таныған. Мәселен, ағылшын жұр­ты XVIII ғасырдың ортасына дейін Жаңа жылды 26 наурызда қарсы алса, көр­шілес Ресей христиандықты қабылдағанға дейін жыл басын 1 наурыздан бастаған. Ал қазақ халқы үшін Жаңа жылдың көктеммен бірге келуі – ежелден қалыптасқан жараты­лыс заңы.

Ұлт зиялыларының пайымдауынша, күн мен түн теңесетін бұл киелі мезгілде қа­зақ елі қоғамдық қатынастарды да жаңар­туға күш салған. Ел тізгінін ұстаған хан, сұлтан­дардан бастап, ауыл ақсақалдарына дейін ат құйрығын кесісіп, араздасқанды бір дастарқан басында табыстырған. Сөйтіп, Наурыз далалық «медиация институтын» қалыптастырған. Жетім-жесірлерді ел болып үйлендіріп, жеке отау тігіп берген. Кембағал, мүгедек жандарға шешқақпай жасамай, ауылы әлеуметтік қорған болған. Жаза басып, жаман жолға түскендерді ел талқысына салып, түзу жолға нұсқаған. Осынау парасатты құндылықтар бүгін де өз өзектілігін жойған жоқ, қайта қоғам үшін көкейкесті бола түсті.

Бүгінде Наурыз – тек байырғы дәстүр емес, жаңа қоғамды сауықтыру тетігі. Бұл күндері табиғат қана емес, адамдар ара­сын­дағы қарым-қатынас та жаңаруға тиіс. Қорыта айтқанда, Наурыз – біздің ұлттық бір діңгегіміз, Алаш арыстары аманат еткен рух­тың символы. Оны ұлықтау – елдіктің, ал сақтау – бірліктің белгісі.

Айхан ШӘРІП