in

Ғылымды дамыту – мемлекеттің стратегиялық бағыты

– Біз еліміз өсіп-өркендесін де­сек, ең алдымен, цифрландыру мен жа­санды интеллектінің дамуына баса мән беруіміз керек. Бұл – менің Прези­дент ретіндегі ең маңызды мақ­­­сатымның бірі. Жалпы, соңғы уа­қытта бұл салада ауқымды шаруа ат­қарылды, әлі де көп жұмыс істеуі­міз керек. Кейінгі бес жылда ғылым са­ласына салынған инвестиция кө­лемі алты еседен асты. Елімізде зерт­теу университеттері көбеюде, олар­дың нақты өндіріспен байланысы ны­ғайып жатыр. Үкіметтің мәліметі бойынша, қазір 200-ден аса ком­мер­ция­лық жоба қолға алынды. Осы­лай­ша, «Университет – зерттеу – ин­но­ва­ция – коммерция» экожүйесі бір­тіндеп пайда болып жатыр. Ғы­лым қалашықтары салынып, тех­но­логия парктері және инжиниринг ор­талықтарының құрылысы бас­тал­ды. Бір сөзбен айтқанда, ғылым са­ла­сында көп жыл бойы болмаған оң үр­дістер байқалып жатыр. Бұл өте маңызды жұмысқа сіздер де белсене ат­салысып жүрсіздер. Баршаңызға шы­найы ризашылығымды білді­ре­мін, – деді Мемлекет басшысы.

Жастарға жаңа тыныс

Президент енді еліміздің жаңа Конс­титуциясына сай ғылым саласы бұ­дан да жоғары қарқынмен да­ми­ты­ны­на назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ата заңымызда ғы­лымның өрісін кеңейту негізгі ст­ра­­тегиялық басымдықтың бірі ре­тін­де көрсетіліп отыр. Бұл уни­вер­си­тет­терді, зерттеу инфрақұрылымын да­­­мыту, ғалымдардың жағдайын жа­­­сау – Үкімет жұмысының бір ба­ғы­­ты ғана емес, мемлекеттің конс­ти­ту­циялық міндеті ретінде бекітілді де­­ген сөз.

– Қазақстанда 420-дан астам ғылыми-зерттеу ұйымы бар. Онда 27 мыңнан аса ғалым мен ғылыми қызметкер еңбек етіп жүр. Бұл – өте үлкен академиялық корпус. Әсіресе, ғылыми ортаның жаса­рып келе жатқаны қуантады. Отан­дық ғалымдардың жарты­сына жуығы 40 жасқа толмаған. Ұрпақтар сабақтастығы көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан әлемде ғылымның заман талабына сай болуына мүмкіндік береді. Мен қазақ ғылымының келешегіне үмітпен қараймын. Әйтсе де, халықаралық тәжірибе­мен жете таныс адам ретінде отандық ғылымның қазіргі жай-күйін асыра бағалаудан, «толайым табысқа жетті» деп айтудан аулақпын. Дегенмен ғылымды дамыту үшін бізде инфрақұрылым да, адами әлеует те бар. Үкімет пен ғылыми қоғамдастықтың алдында ортақ стратегиялық мақсат тұр. Ол – анағұрлым тиімді ғылыми орта қалыптастыру, экономикадағы инновацияны ынталандыру, ғылымды өндіріс­пен барынша ұштастыру. Ашығын айтқанда, шешімін күткен мәселе шаш етектен, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ғы­лымды қаржыландыру ісіне қатаң тәртіп керек, қаражатты басым­дықтарға қарай жұмсаған жөн деп санайды.

– Мемлекет соңғы алты жыл­да ғылымға арналған қаржыны бірнеше есе ұлғайтты. Жыл сайын ғылымға 200 миллиард теңгеден астам, тіпті, бұдан да көп, 500 миллион доллардан аса қаржы бөлінеді. Бұл – Қазақстан үшін қомақты ақша. Алайда ғылымды қаржыландырудың нақты нәти­жесін әзірге көре алмай отырмыз. Бас прокуратура салалық минис­трлікте және Ғылым қорында көптеген әрі ауқымды қаржылық заңбұзушылықтарға жол беріл­генін әшкереледі. Неліктен осылай болғанын тап басып айту қиын. Грант алушыларды аккре­дит­теуден бастап қаржыландыру үдерісінің барлық кезеңінде кемшіліктер көзге көрініп тұр. Менің түсінігімде, ғылым мен жемқорлық бір-біріне кереғар құбылыс, екеуі қатар аталмауға тиіс. Мемлекет қаржысын жым­қырғысы келетін кез келген әре­кетке тосқауыл қоятын сүзгі не кедергі жоқ. Ғылыми үдерісті дамы­тудың тұжырымды көз­қарасы қалыптаспаған. «Әйтеуір, қаражатты қалайда игерсек болды» деген ұстаным тамыр жай­ған. Ғылыми жұмыстың нақ­ты пайдасы, жаңашылдығы қан­дай? Оған ешкім бас қатыр­майды. Бұған қоса, сараптама ұзаққа созылады. Жобалар уақытылы іске аспайды. Үкімет аталған мәселелерді егжей-тег­жейлі тек­серіп, жағдайды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдауы қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікі­рін­ше, ғылыми әзірлемелер елге нақты пайда әкелуі керек. Өкі­нішке қарай, бұл бұлжымас ак­сиоманы қайталауға тура келіп тұр.

– Ғылым қорына инно­вация­ны ынталандыруға арналған жаңа құзыреттер берілді. Бірақ жұмыс­тың нәтижесі жоқ. Қордың қызметін қайта саралау қажет. Өзімізді алдаудың не қажеті бар? Ғылым бар сияқты, бірақ оның нақты пайдасын көрмей отырмыз. Маған үш мыңнан астам қолдан­балы ғылыми жобаның тек 193-і ғана коммерцияландыруға лайық деп танылғаны, ал нарыққа бар-жоғы 29 жоба шыққаны баяндал­ды. Өкінішке қарай, индустрияға әсері, қайтарымы өте аз. Тағы бір келеңсіз жайт: заманауи өндіріс құруға бөлінген жер телімдері бос жатыр. Ал жұмысында олқылық­тарға жол берген Ғылым қоры мемлекет қаржысын қайтар­мағаны өз алдына, тіпті, құқық қорғау органдарына да шағым­данбаған. Ештеңе болмаған сия­қ­­ты. Алайда құқық қорғау ор­гандары грант ретінде алынған ақшаның кейін Ұлттық мемле­кеттік ғылыми-техникалық сарап­тама орталығы мен Ғылым қоры қызметкерлеріне аударыл­ғанын әшкереледі. Тексеріс нәтижесі бойынша 11 қылмыстық іс қозғалды. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында өзім шынайы құрметпен қарайтын ғылыми қызметкерлер туралы осындай ұятты деректерді ашық айту оңай емес. Бірақ Консти­туциядағы Заң мен тәртіп қағи­даты ғылым қайраткерлеріне де қатысты. Ғылыми қоғамдас­тықтың абырой-беделіне нұқсан келтіретін осы жағымсыз жайт жауапкершіліктің болмауы, бақылаудың нашарлығы және процестерді цифрландырудың төмен деңгейі қайда әкеліп соғатынын анық көрсетті. Барлық ғылыми әзірлеме қолданбалы мәнге ие болуға тиіс. Эко­номиканың нақты секторларына белсенді енгізілуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Ғаламдық тәжірибе ескерілгені жөн

Президент инновациялық саясатты жүргізу құзыреті Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілгенін, «Индустриялық PhD» мамандарын даярлау бағдар­лама­сы іске қосылғанын, іргелі зерт­теулерді тұрақты қаржыландыру тетігі енгізілгенін, сондай-ақ жетекші ғалымдарға еңбекақы төлеудің жаңа әдістемесі заң жүзінде бекітілгенін алға тартты.

– Алайда қабылданып жатқан шараларға қарамастан, ғылыми әзірлемелерден ауыз толтырып айтарлық экономикалық әсер әзірге жоқ. Бұл жағдайдың себептерін анықтауымыз керек. Ғылым академиясы, тиісті ин­с­титуттар, ғалымдар мен бизнес-қоғамдастық осы тығырықтан шығаратын ұсыныс беруге тиіс. Басқаша айтқанда, ғылыми әзірлемелерді коммерциялан­дыруды қолға алған жөн. Негізі, бұл әлдеқашан орындалуға тиіс міндеті еді. Бірақ ештен кеш жақсы. Стратегиялық мақса­тымыз – ғылым мен инновацияға келетін инвестицияны еселеу. Бұл іске жеке кәсіпорындар мен кәсіпкерлер де атсалысуы қажет. Яғни, ғылым – жалпыхалықтық іс. Мәселені осылай төтесінен қоюмыз керек. Үкімет ғылымды басқарудың нәтижеге құрылған және бизнеспен серіктестікті дамытуды көздейтін тиімді моделін жасақтауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрын елімізде әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөнінде нақты тапсырма бергенін еске салды.

– Бұл Қазақстанға өте қажет. Осы бастама, ең алдымен, жастардың өз жерімізде сапалы білім алуына жол ашады. Біз сол арқылы еліміздің жоғары білім жүйесіне халықаралық бағдар­ламалар мен озық стандарттарды енгізе аламыз. Жалпы, осы уақыт ішінде ауқымды шаруа атқарыл­ды, 33 университеттің филиалы ашылды. Оның ішінде Мәскеу инженерлік физика институты, Аризона университеті, Сорбонна, Лотарингия университеті, Кар­дифф университеті, Де Монтфорт университеті, Бейжің тіл және мәдениет университеті сияқты беделді жоғары оқу орындары, сондай-ақ Лу Бань шеберханасы бар. Бірақ бұл жұмыс әлемнің үздік университеттерімен серік­тестік орнатумен аяқталмауы керек. Бізге есеп үшін ашылған, ұлттық ғылымды дамытуға қауқарсыз филиалдардың қажеті жоқ. Басты назар санда емес, сапада болуға тиіс. Қазақстанда жұмыс істейтін әр филиал жоғары білім саласындағы бәсекені арттыруға ықпал етуі керек. Осы мәселені мұқият зерделеу маңызды. Қазір еліміздегі шетел жоғары оқу орындарының филиалдарында білім алып жатқан студенттердің дені – мемлекеттік грант иелері. Елімізде жергілікті жоғары оқу орны мен шетелдік университеттерге бері­летін мемлекеттік оқу грант­тары­ның ақысында үлкен айырма­шылық бар. Үкіметтің мәліметі бойынша, бір студентті оқыту үшін шетелдік филиалға бөлінетін мемлекеттік грант көлемі ұлттық мәртебесі бар университеттерге бөлінетін грант көлемінен бес есе артық. Мұндай жағдайда бәсе­келестік туралы сөз айтудың өзі орынсыз болуы мүмкін. Сон­дықтан Үкімет шетелдік жоғары оқу орындарына бөлінетін мем­лекеттік грант құнын қайта пы­сықтап, тиісті талдау жүргізгені жөн болады, – деді Президент.

Келешектің қамы үшін

Мемлекет басшысының па­йым­дауынша, ғылым қалашық­тары мен қарқынды дамитын қалалар инвестиция және жаңа технологияларды тарту орта­лығына айналуға тиіс.

– Осы міндетті іске асыру үшін тиісті тұжырымдама қабыл­данды. Бұл концепцияға сәйкес мықты ғылыми-технологиялық парктер құру жоспарланып отыр. Менің тапсырмам бойынша Курчатов қаласына ғылым қала­шығы мәртебесін беру жұмысы басталып кетті. Парламент осын­дай қалашықтардың құқық­тық мәртебесін және қаржы­ландыру тетіктерін айқындайтын заң жобасын қарап жатыр. Ғылымды арқау еткен аумақтар құру – біздің стратегиялық басымдыққа ие мақсатымыз. Жаңа Консти­туцияда қарқынды дамитын қа­лалар үшін арнайы құқықтық режим бекітілді. Сон­дықтан Alatau City жоғары тех­нологиялар саласындағы ин­весторлар үшін тартымды жобаға айналады деп сенеміз. Жалпы, мемлекет өңір­лерде ғылым мен инновацияны дамытуға ерекше назар аударып отыр. Соған сәй­кес, әкімдерге ғылыми-техно­логиялық саясатты жүргізу құзыреті берілді. Аймақ­тардағы 11 жоғары оқу орнында академиялық артықшылық және зерттеу орталықтары құрылып жатыр. Бұл орталықтар баламалы энер­гетикадан бастап биотехно­логия саласына дейін әртүрлі бағыттар бойынша маңызды зерт­теулер жүргізетін болады. Түптеп кел­генде, біз білім-ғылымды өзге­лерден құр көшіріп алмай, өзіміз жасауымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент әлемдік ғылымда өзекті зерттеулер жасай алатын ғалымдар буынын тәрбиелеу қажеттігіне мән берді.

– Біз жаңа Конституцияда адам капиталын, білімді, ғылым­ды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегия­лық бағыты ретінде бекіттік. Енді бәріміз бұл мақсатты міндетті түрде іске асыруымыз керек. Басқа жол жоқ. Бұл – өте күрделі міндет, оны түсінуіміз керек. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін ғылым қауымдастығы кәсіби біліктілік, адалдық және отаншылдық қасиеттерін танытуы қажет. Мен сіздерге үміт артамын, – деді ол.

Мемлекет басшысы ғылымда нәтижеге қол жеткізу үшін адам капиталына баса мән берген жөн деп есептейді.

– Біз өскелең ұрпаққа тәрбие беру мен азаматтарды қолдауды әлеуметтік әділдік, жасампаз отаншылдық және еңбекқорлық тұрғысынан қайта қарауымыз керек. Бұл – патернализм моделі­нен адам мен оның қабілеті басты ресурсқа айналатын өркениетті трансформациялау үлгісіне өту деген сөз. Сондықтан жаңа Кон­ституциямыздың, ең алдымен, адамға бағдарлануы тегін емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында Президент елдің шынайы жаңаруы саяси ұраннан емес, құқықтық іргетасымызды жаңаша қалыптастырып, бекі­туден басталатынын жеткізді.

– Біз бір ел, бір жұрт болып осы аса маңызды жұмысқа кіріс­тік. Жаңа Конституция елді­гіміздің тірегі, егемендігіміздің тұғыры болады. Оның әр бабы, әр тармағы елдігімізді нығайта түседі. Біз Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтас­тығын сақтауға баса назар аудардық. Бабаларымыз әуел бастан құқықтық мемлекет құруға ерекше мән берген. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз Тәукенің Жеті жарғысы – соның айқын дәлелі. Қуатты, Күшті, Бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Жарғысы – жаңа тарихи, геосаяси жағдайдағы бірегей құжат. Оның тарихымыз­дағы орны ерекше. Бұл – аза­маттарымыздың арман-тілегінен, мақсат-мұратынан туған қастерлі құжат, шын мәніндегі Халық Конституциясы, – деді Мемлекет басшысы.

Жиын соңында Президент елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.