Қазақстанда 2025 жылы 3 367 егіз және 25 үшем дүние есігін ашқан. Ал 2026 жылдың алғашқы екі айында 224 егіз және 5 үшем өмірге келген, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Kazinform-ға сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде ана мен бала денсаулығы көрсеткішінде де оң динамика бар. Мәселен, ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес елімізде шала туған нәрестелер саны азайған.
– Шала туған нәрестелер үлесі 2023 жылғы 7,3%-дан 2024 жылы 6,2%-ға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіштер ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесінде қабылданып жатқан кешенді шаралардың тиімділігін көрсетеді, – деп жазылған ведомство хабарламасында.
Министрліктің мәліметінше, әйелдердің денсаулығын нығайту мақсатында «Аналар саулығы» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында профилактикалық және жүктілікке дейінгі тексерулер, сауықтыру шаралары жүргізіліп, тәуекел факторларын ерте анықтауға бағытталған 15 негізгі зерттеу енгізілген.
Сонымен қатар, репродуктивті денсаулықты қолдау бағытында кешенді шаралар қолға алынған. Ведомство дерегіне сәйкес, 2021–2024 жылдар аралығында «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 28 мыңнан астам пациентке экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) жасалған. Нәтижесінде 12 мыңнан астам әйел жүктілік бойынша есепке алынып, шамамен 11 мың сәби дүниеге келген.
