Жалпы, уақыт үстемдігі адам ғұмырының ең әділ төрешісі ғой. Ол ешкімге аялдамайды, ешкімді күтпейді. Бірақ сол тынымсыз ағыс ішінде әр адамның жүріп өткен жолы, қалдырған ізі, атқарған ісі арқылы өмірінің мәні мен салмағы айқындала береді.
Осы ретте заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев айтқан: «Жақсысын ұлықтамау, жайсаңын қызықтамау – өз ырысын өзі тепкендік, өз тілеуін өзі кескендік болар еді» деген тағылымды ой еріксіз еске түседі. Себебі әрбір сұңғыла сөздің астарынан атпал азаматтың ажарын, бейнесін аңғаруға болады. Сол негізді алға тартып, біз Мұрат Ергешбаевты қайраткерлік болмыс-бітімін баян етуге бекіндік.
Асылы, зерделеп, байыппен ой елегінен өткізсем, Мұрат Нәлқожаұлымен арадағы сыйластық 30 жылға жуық уақытты қамтыпты. Уақыттың жылдамдығы білінбегенімен, сол жылдардың әр белесі жадымда айқын сақталған.
Алғашқы жүздесуіміз 90-жылдардың орта тұсы-тұғын. Білім беру саласында үш жыл жұмыс істеген соң мемлекеттік қызметке енді ғана қадам басып, Қызылорда қаласы әкімдігінде қатардағы маман ретінде еңбек жолымды жалғастырып жүрген шағым еді. Ал сол кезеңге дейін Мұрат Нәлқожаұлы ауыл шаруашылығы саласында экономист, банк саласы құрылымдарында, оның ішінде Халық банкінің облыстық филиалының директоры қызметтерінде басқарушылық баспалдақтарынан өтіп, облыс әкімінің орынбасарының, бүгінде «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері Қамбарбек Әжібековтің кеңесшісі қызметін атқаратын. Сол бір сәттен-ақ Мұрат Нәлқожаұлының бекзат болмысы мен іске мығым, орнықты мінезі ерекше әсер қалдырды. Іскерлігіне ішім жылып, қабілетіне қызыға қарадым. Сөйтіп, сырттай сүйсініп жүрдім.
2000-жылдардың басында тағдыр бізді қайта тоғыстырды. Ол облыстық Еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары қызметінде болса, мен облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары едім. Бұл кезеңдегі кәсіби араласуымыз біртіндеп қызметтік қарым-қатынастан асып, адами сыйластық пен өзара сенімге негізделген әріптеске айналдық.
Аунап айлар, жылжып жылдар өтіп жатты. Әуелгі әріптестік енді сенімді серікке, тамыры терең достыққа ұласты. Мұрат Нәлқожаұлы әр жылдары Қызылорда қалалық қаржы бөлімінің бастығы, «Өрт сөндіруші» акционерлік қоғамының вице-президенті қызметтерінде тәжірибе жинақтап, шыңдалу мектебінен өтті. Ол 2008 жылы Қызылорда қаласының әкімі қызметіне тағайындалып, шаһардың сан салалы тыныс-тіршілігіне араласқан шақта оның басқарушылық болмысын жаңа қырынан тануға мүмкіндік туды.
Әртүрлі деңгейдегі жауапты қызметтерде жүріп, оның негізгі ұстанымы өзгермегені байқалды. Қандай жағдайда болмасын, сабыр сақтап, істі жүйелі түрде шешуге ұмтылып, әр әрекетінің түп төркінінде «елге пайдам тисе» деген ішкі қағида жататын.
Осы мінезі оның Қызылорда қаласының және бірнеше ауданның әкімі қызметін атқарғанында да айқын көрінді. Мұрат Нәлқожаұлы әсіресе Қызылорда қаласының әкімі қызметінде жаңашыл істерімен танылды. Сыр өңірінің бас шаһарының инфрақұрылымын дамыту мен оның тұрақты тіршілігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізді. Оның бастамасымен жол-көлік, энергетика, сумен және газбен қамту салалары жаңғыртылып, бірқатар көше күрделі жөндеуден өтті, нәтижесінде тұрғындардың сапалы өмір сүру деңгейі артты. Қызылорда қаласындағы жылу электр орталығы мазуттан газға ауыстырылып, екі қазандығы толық қайта жаңғыртудан өткізілді. Ескі әуежайдың бұрынғы ұшу-қону алаңы қайта жөнделіп, Астана даңғылына айналды. Облыс орталығының кәріз жүйесі күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар қаланың тазалығы және өңірлік бағдарламалардың орындалуын үйлестіріп, өңірдің орталығы өмірінің маңызды салаларына тиімді басқару жүргізді. Осы кезеңде жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынып, қаланың сәулеттік келбеті ажарланып, шағын және орта бизнестің дамуы да серпін алды.
Одан әрі Қармақшы, Шиелі, Қазалы, Сырдария аудандарын басқарған жылдары ол тек әкім ретінде емес, нақты нәтижеге жұмыс істейтін кәсіби ұйымдастырушы ретінде танылды. Осы кезеңде бұл аудандарда ауқымды жұмыстар атқарылып, өңір халқының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты жобалар жүзеге асты. Елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлап, ортақ мүдде орайында озық дәстүрді қалыптастырды. Мұндай ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігі ұштасқан білікті басшының квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен мол тәжірибесі, кез келген істі жүйелі үйлестіре білетін кәсібилігі, тегеурінді табандылығы мен жоғары жауапкершілігі шешуші рөл атқарды. Әсіресе, әлеуметтік саладағы шешімдері мен бастамалары уақыт сынынан өтіп, халық жадында жатталып қалды.
Расында, Мұрат Ергешбаев – сөзбен емес, іспен сөйлейтін адамдардың қатарынан. Сондықтан да ол қай қызметте жүрсе де, нәтижеге жұмыс істеуді басты қағида етеді. Баянды бірлік пен байсалды тірлік мақсатын меже тұтады.
Бүгінде тағдыр бізді заң шығару саласында тоғыстырды. Мен – Сенатта, ол – Мәжілісте. Бұл да өмірдің өзіндік заңдылығы секілді. Бірақ бір нәрсе анық, ол Мәжіліске кездейсоқ келген жоқ. Ол – халықтың ортасынан шыққан, өмір мектебінен өткен, тәжірибесі толысқан мемлекетшіл тұлға ретінде келді.
«Адамға ең қымбат нәрсе – жұрттың қамы, жұрттың ісі», – деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, Мұрат Нәлқожаұлы Парламент мінберінен өзекті мәселелерді батыл көтеретін білікті депутат ретінде танылып жүр. Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы ретінде республикалық бюджетті қабылдау процесіне де белсенді атсалысады. Экономика, су ресурстары, жер қатынастары секілді күрделі тақырыптарды жүйелі түрде қозғап келеді. Әсіресе, ұн экспорты, су саясаты, Арал мәселесі, жер дауы сияқты түйткілге қатысты нақты ұсыныстар айтуы – оның мемлекетшіл көзқарасының айғағы. Ол көтерген мәселелер – жай статистика емес, халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды бағыттар.
Оның тұлға ретінде қалыптасуына әсер еткен факторлар да ерекше.
Біріншісі – отбасы тәрбиесі, әке тағылымы. Мұрат Нәлқожаұлы – мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевтың перзенті. Әке өнегесі оның өмірлік бағдаршамы болды. Бірақ бұл жағдай оның жолын жеңілдеткен жоқ. Керісінше, әке оны өмірдің шынайы мектебінен, елдік дәстүрдің айнымас жолынан өткізді.
Алматы халық шаруашылығы институтында оқыған жылдары ол қатарластары секілді жатақханада тұрып, өмірдің қарапайым тіршілігін бастан өткерді. Бұл оның өз күшімен өмір сүруге үйренуіне, еңбектің қадірін түсінуіне жол ашты. Әскер қатарындағы 2 жылдық борышын шекара күзеті қызметінде өтеуі де оның өміріндегі маңызды кезең болды. Әскери тәртіп пен жауапкершілік оның мінезін шыңдады.
Кеңестік кезеңдегі беделді оқу орны саналатын Алматы халық шаруашылығы институтын тәмамдап, елге оралған тұста да әкенің ұстанымы өзгерген жоқ. «Алдымен ауылға бар» деген бірауыз сөздің астарында терең мән жатты. Осылайша, Мұрат Нәлқожаұлы Сырдария ауданындағы Жамбыл атындағы совхозда қарапайым экономист-маман ретінде еңбек жолын бастады. Бұл кезең оның елмен етене араласып, қарапайым халықтың тыныс-тіршілігін тереңінен таныған, өмірге деген көзқарасы қалыптасқан шақ болды.
Әкенің осындай өмірлік мектебі жас маманды шыңдап қана қойған жоқ, оны халықтың мұңын түсінетін, жауапкершілікті терең сезінетін азамат етіп қалыптастырды. Қай қызмет жүктелсе де, оны мүдірмей, мінсіз атқаруы – сол тәрбиенің жемісі.
Екіншіден, алдыңғы аға буынның жанашыр қамқорлығы оның бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етті. Осы тұрғыда оның өмірінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев айрықша орын алады.
Ел тәуелсіздігі кезеңінде саяси сахнаға шыққан ұлттық кадрлардың алғашқы легінің көрнекті өкілі Бердібек Машбекұлы Мұрат Ергешбаевтың мемлекеттік қызметке келуіне ықпал еткен, бағыт-бағдар берген ұстазының бірі әрі бірегейі болды. Оның сенімі мен қолдауы жас маманның үлкен саясатқа қадам басуына жол ашты. Бұл тәлім мен сенімнің, тәжірибе мен мүмкіндіктің үйлескен тұсы еді.
Ол өзінің естелік мақаласында: «Менің Бердібек Машбекұлымен таныстығым 1996 жылдан басталады. Сол жылы ол Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалып, аймақ дамуына тың серпін әкелді. Іскер басшының бастамаларымен өңірде қарқынды өзгерістер жүріп, жаңа басқару қарқыны қалыптаса бастады.
Көп ұзамай ол біздің шаңыраққа арнайы келіп, әкеммен жүздесті. Әңгіме барысында өңірдің болашағы, алдағы жоспарлар кеңінен қозғалып, кейін әкемді түрлі қоғамдық-саяси, рухани-мәдени іс-шараға тартып отырды. Осы арқылы ол елге еңбегі сіңген азаматтарды назардан тыс қалдырмайтын, тәжірибені бағалай білетін тұлға екенін аңғартты.
Бір күні әкем мені оңаша шақырып, мемлекеттік қызметке ауысу туралы байыпты кеңес берді. Бір түсінгенім, әкем менің мемлекеттік қызметке ауысуым бойынша Бердібек Машбекұлымен ақылдасқан екен. Осылайша, мен облыс әкімдігіне қызметке келіп, жаңа талап пен жоғары жауапкершілікке толы ортаға түстім. Бұл – мен үшін үлкен мектеп болды. Ал сол таңдауға себепкер болған Бердібек Машбекұлының сенімі мен бағыт-бағдары өмірлік жолыма елеулі әсер еткенін ерекше атап өткен жөн», – деп еске алады.
Сөйтіп, мемлекеттік қызметке келіп, Қызылорда облысы әкімінің орынбасарының кеңесшісі лауазымын атқарады. Кейін қызмет еткен қаржы, әлеуметтік қорғау, төтенше жағдайлар, жергілікті басқару, ұлттық экономика саласында – осының бәрінде оның жан-жақты тәжірибесі қалыптасты. Ол әрбір маңызды саланың ерекшелігін терең меңгеріп, оны ел игілігіне тиімді пайдалана білді.
Мұрат Ергешбаевтың басты қасиетінің бірі – кішіпейілділік пен қарапайымдылық. Ол ешқашан өзінің шыққан тегін алға тартпайды. Керісінше, «халықтың баласы болу» әдебін ұстанады. Сондықтан да ол қай ортада жүрсе де, елден кіндік үзген емес.
Бүгінде ол – тек Парламент Мәжілісінің депутаты емес, ел ағасы, мемлекет және қоғам қайраткері деңгейіне көтерілген тұлға. Көптің сөзін тыңдай алатын, қажет жерде төрелік айта білетін, жауапкершілікті терең сезінетін азамат.
Руслан РҮСТЕМОВ,
Парламент Сенатының депутаты
