Молдова президенті Майя Санду ТМД құрамынан шығу туралы жарлыққа 10 күн ішінде қол қоюы керек, деп мәлімдеді елдің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. Бұл туралы РИА Новостиге сілтеме жасаған astana24.com хабарлайды.
"Процедура бойынша, парламенттің шешіміне сәйкес президенттің тиісті жарлығы шығуы тиіс. Бұл біраз уақытты алады, шамамен 10 күн. Содан кейін жарлық "Ресми мониторда" жарияланады, келесі күні ТМД хатшылығына хабарланады", – деп түсіндірді ведомство өкілдері.
СІМ өкілдері ТМД басшылығы Кишиневтен хабарлама алғаннан кейін тағы 12 ай өтетінін, осы уақыт аралығында республиканың ТМД құрамынан шығуы ресми түрде реттелетінін нақтылады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Молдованың вице-премьер-министрі Михай Попшой Молдоваға достастық құрамынан шығуына мүмкіндік беретін, ТМД-мен жасалған негізгі келісімдердің күшін жою процедурасының басталғанын хабарлаған еді.
Ол Молдованың іс жүзінде ұйымның жұмысына қатыспайтынын және қазіргі қадам достастық құрамынан шығу процессін аяқтауға мүмкіндік беретінін айтқан еді.
2 сәуірде Молдова парламенті елдің ТМД құрамынан шығу туралы заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.
