Махмұд Сабырхан мен Валентина Хальзова бокстан Азия чемпионатының қола жүлдесіне ие болды, деп хабарлайды Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасаған astana24.com.
Федерацияның мәліметінше, Ұлан-Батырда Азия чемпионатының жартылай финалдық жекпе-жектері өтіп жатыр.
Бүгін 55 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Махмұд Сабырхан 1/2 финалда жарыс қожайыны Билгуунсайхан Хархууменмен кездесіп, 5:0 есебімен жеңілген.
"3 раунд бойы отандасымыз қарсыласына қысым жасауға тырысқанымен, төрешілер 5:0 есебімен жеңісті Моңғолия боксшысына берді", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ 75 келіде сынға түскен Валентина Хальзова 1/2 финалда қытайлық Зи Баоға жол берген.
"Тәжірибелі отандасымыз қашықтықта жұмыс істеп, қарсыласының әр шабуылын толықтай бақылау алуға тырысты. Ал Қытай боксшысы 3 раунд бойы тоқтаусыз шабуылда болды. Нәтижесінде төрешілер 3:1 есебімен жеңісті Зи Баоға берді", – делінген хабарламада.
Ал 70 келіде бақ сынған әйелдер құрамасының өкілі Бақыт Сейдіш қытайлық Алимире Абудурейимуды жеңіп, финалға шыққан.
