Қазақстанда әлеуметтік желілерде несиені жеңілдетуге көмектесемін дейтін ақылы қызметтер көбейді. Алайда Қаржы нарығын реттеу агенттігі қарызды жеңілдетуді ұсынатын адамдарға жүгінбеуге шақырды. Себебі банк пен борышкер арасындағы делдалдардың пайдасынан зияны көп. Оларға жүгінгендер керісінше несие тарихын құртып, несие төлеуші екі есе шығынға тап болуы мүмкін, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Несиеге қатысты көмек ұсынушылардың қызметінің құны шамамен 50 мың теңгеден басталады. Ақшаны төлесең қарызды кешіру былай тұрсын, тіпті бұғатталған картаны ашуға уәде береді. Алайда Қаржы нарығын реттеу агенттігі өкілдері кредит бойынша көмекшілерге жүгініп пайдасын көргендер жоқтың қасы дейді. Сол себепті қарыз берген банктің өзімен ғана жұмыс істеуге кеңес берді.
Сарапшылардың пікірінше, азаматтар "делдалдардан ғажайып күтудің" кесірінен уақыт жоғалтып алады. Қарыз кешіріледі деген үмітпен жүргенде, берешек өсіп, келісімге келу мүмкіндігі азаяды дейді.
"Қарыз алушы қиын жағдайға түсіп қалған жағдайда заң бойынша 30 күн ішінде жүгінуге болады. Кредиттік ұйымға шағым тастайды және де керекті құжаттарын беру керек. Кредиттік ұйымдар — банктер, микроқаржы ұйымдары, олар заң бойынша қарыз алушының шағымын, құжаттарын толық тексеріп, нақты бір шешім шығарып, жауап беруге тиіс", – дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқарма бастығы Дәмилә Байділдаева.
