in

Семейде ұландық сарбаздар жазатайым оқиғаның алдын алды

Семейде ұландық сарбаздар ашық терезе алдында ойнап жүрген баланы байқап, жазатайым оқиғаның алдын алды, деп хабарлайды Ұлттық ұланға сілтеме жасаған astana24.com.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметінің мәліметінше, Семей қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5511 әскери бөлімінің сарбаздары жаңа шағын аудандардың бірінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметін атқару кезінде ықтимал қайғылы жағдайдың алдын алған.

Әуезов даңғылын патрульдеу кезінде әскери жасақ көпқабатты үйлердің бірінің үшінші қабатында ересектердің қарауынсыз ашық терезенің жанында тұрған кішкентай баланы байқаған.

Әскери жасақ бастығы ефрейтор Дәулет Сейдалы, қарамағындағы патрульші ефрейтор Бексұлтан Темірбеков және қатардағы жауынгер Әли Сағымбаев баланың терезе алдында ойнап, жерге ұялы телефон мен кілттер лақтырғанын көрген.

Бұл жағдайдың қауіптілігін сезген әскери қызметшілер құлап кеткен жағдайда баланы қағып алуға үлгеру үшін терезе астында тұрған.

"Әріптестеріммен қажет болған жағдайда баланы ұстап алу үшін терезе астында күттік. Мен үйде ересектер бар-жоғын білу үшін ішке кірдім. Дереу оқиға орнына полицейлерді шақырдық. Көп ұзамай жұмыстан баланың әкесі келді", – дейді ефрейтор Дәулет Сейдалы.