in

2024 жылғы Олимпиада жүлдегері Нұрбек Оралбай алғаш рет бокстан Азия чемпионы атанды

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшысы Нұрбек Оралбай Ұлан-Батырда өтіп жатқан Азия чемпионатының финалдық кездесуінде жекпе-жекке шықты, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.

Қазақстандық боксшы финалда 85 кг салмақ дәрежесінде өзбекстандық Жасурбек Юлдошевпен қолғап түйістірді.

Оралбай жекпе-жек бойы қарсыласынан басым болды. Бірінші раундта барлық төреші Нұрбекке (5-0) ұпай берді. Екінші раундта қазақстандық спортшы басымдығын сақтап қалды. Осылайша, Нұрбек Оралбай бірауыздан төрешілер шешіміне сәйкес, 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Бұл ерлер құрамасының ағымдағы Азия біріншілігіндегі үшінші алтын медалі. Бұған дейін Оразбек Асылқұлов пен Сабыржан Аққалықов чемпион атанды.

Естеріңізге сала кетейік, 25 жастағы Нұрбек Оралбай — 2024 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, 2023 жылғы әлем чемпионы және 2022 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері.

Бүгін Нұрбектің егіз бауыры Айбек Оралбай Азия чемпионатында 90 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша финалда бақ сынайды.