in

"Бұл сапарымды өте маңызды деп айтсақ, қате болмас": Тоқаев Мирзиеевпен бейресми кездесу өткізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен бейресми кездесу өткізді, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған astana24.com.

Қасым-Жомарт Тоқаев президент Шавкат Мирзиеевке қонақжайлықпен қарсы алып, бүгінгі бейресми кездесуді ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.

"Шын мәнінде, қазіргі геосаяси құбылмалы жағдайды ескерсек, бұл сапарымды өте маңызды деп айтсақ, қате болмас. Өзбек елі – Қазақстан үшін сенімді стратегиялық серіктес. Біз осы сапар барысында өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасамыз. Күн тәртібінде екіжақты қарым-қатынасымыз бойынша бірқатар аса маңызды мәселе бар. Алайда біздің арамызда ешқандай түсінбеушілік, иә болмаса кедергі жоқ. Қол қойылған жобалар, жоспарлар бірте-бірте орындалуда. Біздің үкімет барлық келісімдерді бұлжытпай іске асыру міндетін жақсы түсініп отыр. Менің бақылауыммен тиісті жұмысты атқарып жатыр", – деді мемлекет басшысы.

Президент тарихи тығыз байланыстар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шынайы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың мызғымас іргетасы екенін еске салды.

"Екіжақты қарым-қатынасымыздың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілуіне, құрметті Шавкат Миромонович, сіздің қосқан үлесіңіз зор. Қазақстан ең жақын көрші әрі одақтас ел ретінде сіздің парасатты басшылығыңызбен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық өзгерістерді толық қолдайды.

Өзіңіз белгілеген стратегиялық бағдар арқылы халқыңыздың әл-ауқаты ұдайы жақсарып, ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар іске асырылуда. Бұл жетекші қаржы институттарының рейтингінде оң бағаланып, еліңіздің халықаралық аренадағы беделі артып келеді. Сіздің ұлттық мүддені көздейтін дәйекті саясатыңыз Өзбекстанның, сондай-ақ тұтас аймақтың одан әрі өсіп-өркендеуіне ықпал етеді деп сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Қазақстанда жаңа Конституция қабылдануына байланысты Өзбекстан көшбасшысының құттықтау жолдағанына алғыс айтты. Президент осы тарихи оқиға кезінде шет мемлекеттер басшылары арасынан Шавкат Мирзиеев алғашқы болып құттықтағанын жеткізді.

Өзбекстан президенті Бұхарадағы бүгінгі жүздесудің екі ел арасындағы сан қырлы байланыстарды кеңейтуде маңызы зор деп пайымдайды.

"Сіздің бұл сапарыңыз ғасырлардан тамыр тартатын қос халық арасындағы достықты, тығыз бауырластықты көрсетеді, сондай-ақ стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастың ұдайы нығайып келе жатқанына дәлел. Ашық әрі риясыз келіссөздер ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыта түсіп, нақты нәтижелерге қол жеткізуге, өңірдегі өзара ықпалдастық аясын одан әрі кеңейтуге негіз болатынына сенімдімін", – деді Шавкат Мирзиеев.

Ол өзбек халқының ең жақын көрші және одақтас ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру жолындағы тиімді реформаларына шынайы қолдау білдіретінін жеткізді.

"Әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, еліңіздің экономика көлемі 300 миллиард доллардан асты. Шикізаттық емес сектор жанданып, ішкі жалпы өнімде шағын және орта кәсіпкерліктің үлес салмағы 40 пайызға жуықтады. Сіз мемлекетті цифрландыру ісіне ерекше мән бересіз. Биыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладыңыз. Еліңіздің жаһандық кеңістіктегі абыройы артып келеді.

Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халқының мүддесіне негізделген көпвекторлы сыртқы саясат табысты жүзеге асырылып жатыр. Сіз көтерген халықаралық бастамалар кеңінен қолдау тауып отыр. Бұл сіздің аймақтық және әлемдік проблемаларды шешу ісіндегі көрнекті саяси қайраткер екеніңізді көрсетеді. (…)

Біз сіздің бауырлас халықтар арасындағы тату көршілік қарым-қатынасты, стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтуға қосқан үлесіңізді айрықша қадірлейміз", – деді Өзбекстан президенті.

Кездесуде тараптар экономикалық серіктестікті кеңейту жөніндегі стратегиялық бағытты ұстанатынын растады.

Сауда мен өндіріс салаларында нақты көрсеткіштерге қол жеткізу үшін екі ел үкіметтерінің ықпалдастығын арттыру туралы келісім жасалды. Іскер ортаны жүйелі түрде қолдау мен ынталандырудың маңызы атап өтілді.

Мемлекеттер басшылары сирек кездесетін металдарды өндіру мен өңдеу, көлік-транзит, су-энергетика салалары және ІТ секторындағы ықпалдастық мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.

Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мен туризмді дамыту ісіне айрықша мән берілді.

Келіссөз қорытындысы бойынша президенттер екі ел үкіметтері арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі жол картасын қабылдауға уағдаласты.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін мемлекет басшысы Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды.