in

Қазақстанда 13 сәуірден бастап мемлекеттік қызметтердің бірін тек онлайн алуға болады

13 сәуірден бастап Қазақстанда еңбек иммигранттарына жұмысқа рұқсат беру және оны ұзарту бойынша өтінім тек онлайн қабылданады. ХҚКО-ларда бұл қызмет түрін көрсету тоқтатылады, деп хабарлайды ЖИ және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасаған astana24.com.

Ведомствоның мәліметінше, еңбек иммигранттарына рұқсат беру және оны ұзарту қызметі толықтай онлайн форматқа ауыстырылған және 13 сәуірден бастап бұл қызметті тек eGov.kz немесе migration.enbek.kz порталы арқылы алуға болады.

Пайдаланушыларға кейбір құжаттарды қолмен жүктеудің қажеті жоқ.

"Бүгінде eGov.kz электрондық үкімет порталында еңбек иммигранттарына рұқсат беру қызметі бойынша барлық қажетті интеграция толық жүзеге асырылған. Олардың ішінде медициналық тексеруден өту, сақтандыру және салық төлемдерін автоматты түрде тексеру бар", – деді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин.

Рұқсат беру немесе оны ұзарту туралы шешімді аудан және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары ішкі істер органдарымен келісу арқылы қабылдайды.

Рұқсат еңбек иммигранттарын тартуға белгіленген квота шегінде 1 айдан 12 айға дейінгі мерзімге беріледі.