Атырауда оқушылардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған Есо Lab экологиялық бұрышы ашылды. "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясындағы маңызды жоба Ақжар ауылындағы №44 мектеп-гимназиясында қолға алынды. Кең ауқымды жоба шеңберінде ата-аналардың қолдауымен мектеп ауласына тал егілді. Олардың қатарында жеміс ағаштары да бар. Осылайша ұстаздар мен оқушылар табиғатқа деген жанашырлығын ерекше форматта көрсетті.
"Аталған жоба – білім алушылардың экологиялық сауаттылығын арттыруға, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. "EcoLab" бұрышы оқушыларға табиғатты зерттеп, экологиялық мәселелерді түсінуге, сондай-ақ күнделікті өмірде табиғатты қорғау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді", – дейді №44 мектеп-гимназиясының директоры Абай Ақмурзиев.
Экобұрышта көжектер, тотықұстар, балапандар, тасбақалар және аквариумдағы балықтар бар. Сондай-ақ, оқушылар арнайы жылыжай ұйымдастырып, қызанақ пен қиярды баптап өсіріп отыр. Экобұрыштың ашылу салтанатында оқушылар суды үнемдеу, үй жағдайында жанартау жасау жолдарынан зертханалық жұмыстар көрсетті. Ал жаңа экобұрыштың лентасын облыстық "Атырау" қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары Азамат Базарбаев пен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Гүлайым Телеубаева қиды.
Шараға қатысушылар мен қонақтар жобаның ауқымы кеңейіп, үлкен бастамалардың бастауы болатынына сенім білдіретінін жеткізді.
