Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесін қайта қарау себептерін түсіндірді, деп хабарлайды astana24.com.
Министрлік атап өткендей, зейнетақы жинақтары ең алдымен адам зейнетке шыққаннан кейінгі тұрақты табыс көзі болуы тиіс.
Бұл қаражатты кез келген уақытта алып жұмсайтын депозит ретінде қарастыруға болмайды. Әсіресе, болашақ зейнетақысы мемлекеттен төленетін базалық төлем мен өздерінің жинақтарына негізделетін жас қазақстандықтар үшін бұл қаржыны сақтау аса маңызды.
"Қазіргі қолданыстағы әдістеме жинақтың жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін алуға мүмкіндік береді. Алайда ол көбіне "мінсіз" сценарийге негізделген: яғни азамат тұрақты түрде міндетті зейнетақы жарналарын аударып, зейнет жасына дейін қажетті соманы жинайды деп болжанады. Ал өмірде кездесетін жағдайлар, мысалы, тұрақты табыстың болмауы немесе жұмыссыздық кезеңдері ескерілмейді.
Сонымен қатар соңғы үш жыл ішінде ең төменгі жеткіліктілік шегі қайта қаралмағаны да түзетулер енгізуге негіз болды.
Осыған байланысты министрлік экономикалық тұрғыдан негізделген (актуарлық) тәсілге сүйенген жаңа есептеу әдістемесіне көшуде. Енді есептеулер күтілетін өмір сүру ұзақтығын, инвестициялық табыстылықты және болашақ төлемдердің мақсатты деңгейін ескеретін болады", – делінген хабарламада.
Министрлік мұны мысал ретінде түсіндірді: мәселен, 46 жастағы салымшының шотында 11 млн теңге бар делік. Оның жасына сәйкес жеткіліктілік шегі – 7,8 млн теңге, яғни қазіргі жағдайда ол 3,2 млн теңгені шешіп ала алады.
"Жаңа өзгерістердің негізгі мәні – азамат бүгін жинақтың бір бөлігін пайдаланған күннің өзінде, ертең лайықты зейнетақы алуға жеткілікті қаражаттың сақталуын қамтамасыз ету.
Мемлекет азаматтардың ұзақ мерзімді мүдделерін қорғауды жалғастырып, әрбір қазақстандықтың қартайғанда қаржылық тұрғыдан сенімді болуына жағдай жасауды көздейді", – делінген хабарламада.
