Алматыда Қазақстандағы алғашқы крематорий жұмысын бастады, деп хабарлайды astana24.com қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа нысан Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты "Қалалық патологоанатомиялық бюро" қарауына берілді. Кремация енді дәстүрлі жерлеуге балама ретінде ұсынылып отыр. Бұл тұрғындарға мәдени, діни және жеке таңдауына сай шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Кешен Чехияда жасалған заманауи жабдықтармен жабдықталған. Мұнда көпсатылы сүзгі жүйесі бар екі кремациялық пеш орнатылған. Екі камералы технология түтін газдарын толық жанып кетуін қамтамасыз етіп, зиянды шығарындыларды азайтады, иіс пен көзге көрінетін түтіннің таралуына жол бермейді.
Бір кремация рәсімі шамамен екі сағатқа созылады. Қажетті температураға дейін қыздыру үдерісі 35 сағатқа дейін уақыт алады, ал толық жүктеме кезінде әр пеш тәулігіне 8 кремацияға дейін орындай алады.
Кремация рәсімі мәйітті қабылдау, міндетті сәйкестендіру, кремация жүргізу, күлді өңдеу және туыстарына тапсырудан тұрады. Әрбір қадам арнайы бақылаумен және құжатпен рәсімделеді. Ол қатаң регламенттелген және толық құжаттар пакеті болған жағдайда жасалады.
Крематорийде кремациядан бөлек, күл салынған құтыны беріп, қоштасу рәсімдерін өткізуге арналған залдар қарастырылған. Сондай-ақ туыстары арнайы бөлмеден рәсім барысын бақылай алады.
Әкімдік мәліметінше, мекеме қызметкерлері шетелде арнайы оқытудан өткен. Мәйіттермен жұмыс істеу санитарлық талаптар, кәсіби этиканы және құрмет қағидаттары қатаң сақталады.
