Ертең, 23 мамырда Қазақстанның басым бөлігі солтүстік-батыс антициклонының ықпалында болады. Бұл туралы "Қазгидромет" РМК синоптиктері мәлімдеді, деп хабарлайды astana24.com.
Синоптиктердің мәліметінше, батыс, солтүстік-батыс және орталық өңірлерде жауын-шашынсыз құрғақ ауа райы күтіледі.
Қазақстанның солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында найзағай ойнап, кей аймақта қатты жауын-шашын болады деп болжанады.
"Жекелеген аймақтарда бұршақ түсіп, қатты жел тұрады, желдің күшейе түсуі де мүмкін, ал оңтүстікте шаңды дауыл тұруы мүмкін. Таулы аймақтарда және солтүстікте түнде және таңертең тұман болады", – дейді синоптиктер.
Солтүстік және шығыс облыстардағы температуралық фонға келетін болсақ, ол кейбір елдімекендерде сынап бағаны нөлден де төмен түсіп, 2, 4 градус суықты көрсетеді, үсік жүреді деп күтіледі.
Сондай-ақ синоптиктер ыстық, құрғақ және желді ауа райына байланысты еліміздің бірқатар аймағында жоғары және төтенше өрт қаупі туындауы мүмкін екенін де еске салады.
