in

Павлодарлық оқытушы халықаралық беделді сыйлықтың иегері атанды

Павлодарлық оқытушы Гүлмира Мешітбаева халықаралық INSPIRATION AWARD сыйлығының иегері атанды, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасаған astana24.com.

Ведомствоның мәліметінше, Павлодар облысындағы Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледждің арнайы пәндер оқытушысы Гүлмира Мешітбаева халықаралық ETF New Learning Award 2026 кәсіби байқауында беделді INSPIRATION AWARD сыйлығын жеңіп алған.

ETF New Learning Award – білім беру саласындағы озық тәжірибелерді анықтауға және таратуға бағытталған халықаралық бастама. Байқау әлемнің әртүрлі елдерінен келген педагогтердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.

Гүлмира Мешітбаева байқауға "Бастауыш білім беру" мамандығы студенттерін даярлауда қолданылатын SCAFFOLD карталары бойынша тәжірибесін ұсынған. Бұл әдістеме студенттердің цифрлық технологияларды тиімді пайдалануына жол ашқан. Нәтижесінде олар бейнематериалдар мен түрлі деңгейдегі тапсырмаларды қамтитын білім беру жобалары мен сайттарын әзірлеген.

Жобалар бастауыш сынып оқушыларын оқытуда заманауи тәсілдерді қолдануға көмектеседі. Сондай-ақ педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетіп, ата-аналарға практикалық ұсынымдар ұсынады.

Халықаралық сарапшылар қазақстандық педагогтің тәжірибесін жоғары бағалаған. Нәтижесінде жұмыс "Scaffold құралдарын пайдалану арқылы мұғалімдердің мүмкіндіктерін кеңейту" номинациясында INSPIRATION AWARD сыйлығына лайық деп танылған.

Гүлмира Мешітбаеваға өз тәжірибесін Бельгияның Брюссель қаласында өтетін халықаралық конференцияда таныстыру мүмкіндігі берілген.