in

Желідегі "қауіпті дос": ІІМ ата-аналарға жаңа қауіп туралы ескертті

Ішкі істер министрлігі ата-аналар мен кәмелетке толмағандарға онлайн-груминг қаупі туралы ескертеді, деп хабарлайды Polisia.kz порталына сілтеме жасаған astana24.com.

ІІМ-нің ақпараттық медиапорталының мәліметінше, онлайн-груминг – бұл қаскөйлердің интернет арқылы балалармен сенімді қарым-қатынас орнату үшін қолданатын қауіпті тәсілі.

Ал онлайн-грумер – бұл кәмелетке толмаған баламен интернет арқылы әдейі байланыс орнатып, оның сеніміне кіріп, кейіннен зиян келтіруді мақсат ететін ересек адам.

Әдетте бәрі әлеуметтік желіде, мессенджерлерде, онлайн ойындарда немесе танымал интернет-платформаларда қарапайым таныстықтан басталады. Қаскөй сенімге кіру үшін өзін жасөспірім ретінде таныстыруы мүмкін.

"Қаскөй бала үшін "жақын досқа" айналуға тырысады: күн сайын хабарласып, ерекше көңіл бөледі, оның жеке өміріне, ішкі уайымдарына қызығушылық танытады. Кейінірек ол жеке сипаттағы сұрақтар қойып, күн тәртібін, тұрғылықты жерін, араласатын ортасын және басқа да мәліметтерді білуге тырысады.

Одан соң қаскөй фотосуреттер мен бейнежазбалар жіберуді немесе жеке тақырыптардағы әңгімелерге көшуді сұрайды. Сонымен қатар мұндай әңгімелердің қалыпты жағдай екенін айтып, хат алмасу туралы ешкімге айтпауды талап етуі немесе психологиялық қысым көрсетуі мүмкін", – деп ескертті полиция өкілдері.

Онлайн-грумингтен қалай қорғануға болады:

ІІМ ата-аналарды балаларымен интернеттегі қауіпсіздік ережелерін үнемі талқылап отыруға және олардың онлайн-белсенділігіндегі өзгерістерге назар аударуға шақырады.