in

Анасы – жұмыста, әкесі ұйықтап жатқан: Петропавлда үш жасар бала үйден шығып, адасып кеткен

Петропавлда қараусыз қалған үш жасар бүлдіршін кондуктордың қырағылығы мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында ата-анасына аман-есен табысталды, деп хабарлайды astana24.com ІІМ-нің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.

Басылымның хабарлауынша, 4 маусымда №7 бағыттағы автобустың кондукторы көшеде ересектердің қарауынсыз жүрген кішкентай баланы байқап қалған. Баланың қауіпсіздігіне алаңдаған ол бүлдіршінді автобус салонына кіргізіп, бірден "102" арнасына хабар берген.

Оқиға орнына келген ювеналдық полиция қызметкерлері баланы өз қарауына алды. Алайда бүлдіршін өзінің тұрғылықты мекенжайын не ата-анасы туралы нақты ақпаратты айта алмаған. Осыған байланысты оның заңды өкілдерін анықтау үшін полицияның барлық сыртқы қызметтері жұмылдырылды. Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәртіп сақшылары оны көпсалалы облыстық балалар ауруханасына жеткізді.

Көп ұзамай оның ата-анасы анықталып, бүлдіршін медициналық мекемеге орналастырылмай-ақ отбасына қайтарылды.

Тексеру барысында анасының жұмысқа кеткені, ал әкесінің екі кішкентай баласымен бірге ұйықтап жатқан кезде үш жасар баланың ерте оянып, үйден өз бетінше шығып кеткені белгілі болды. Оның көшедегі "саяхаты" шамамен екі сағатқа созылған.

Осы дерек бойынша әкесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері отбасының тұрмыс жағдайын тексеріп, ата-аналармен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Полиция департаменті өкілдері атап өткендей, балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ата-аналардың жауапкершілігіне байланысты. Сонымен қатар мұндай жағдайларда айналадағы адамдардың қырағылығы мен бейжай қарамауы да маңызды рөл атқарады.