in

Испания футболдан әлем чемпионатында дебют жасаған Кабо-Вердені жеңе алмады

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында Испания мен Кабо-Верде құрамалары арасындағы ойында есеп ашылмады, деп хабарлайды astana24.com.

H тобындағы алғашқы ойын АҚШ-тың Атланта қаласындағы "Мерседес-Бенц" стадионында өтті. Бұл кездесуде гол соғылмады, есеп – 0:0.

Испаниялықтар соққылар саны бойынша қарсыластарынан әлдеқайда басым болды (27:6), оның ішінде қақпаға дәл бағытталған соққылар бойынша да көрсеткіш жоғары (7:1).

Сондай-ақ Еуропаның қазіргі чемпиондары допқа әлдеқайда көп иелік еткен: 62 пайыз – 28 пайыз (қалған 10 пайыз уақыт өзара тартыспен өткен).

Ал жеті сейв жасаған Кабо-Верде құрамасының 40 жастағы қақпашысы Возиньо матчтың үздік ойыншысы атанды.

Қазір тең тарқасқан екі команданың еншісінде бір-бір ұпайдан бар. Бұдан бөлек, Сауд Арабиясы мен Уругвай құрамаларында да бір-бір ұпай бар. Бұл матчта да жеңімпаз анықталмады.

Айта кетейік, бұл – Кабо-Верде құрамасының әлем чемпионатындағы дебюті. Команда ФИФА рейтингінде 67-орында, Испания екінші орында тұр.