in

"ҚазАвтоЖол" жүргізушілерге KazToll атынан келетін жалған SMS-хабарламалар туралы ескертті

"ҚазАвтоЖол" KazToll қызметінің атынан алаяқтық хабарламалар таралып жатқанын ескертіп, жүргізушілерді сақ болуға шақырды, деп хабарлайды astana24.com.

Ұлттық компанияның мәліметінше, кейінгі уақытта жүргізушілерге ақылы жолдармен жүргені үшін берешекті өтеу қажет деген мазмұндағы SMS-хабарламалар келе бастаған.

"Мұндай хабарламаларда күмәнді сілтемелер, соның ішінде KazToll-дың ресми ресурсына ұқсас жалған сайттар көрсетіледі.

Назар аударыңыз: ақы алу жүйесінің ресми сайты – kaztoll.kz.

kaztoll.nbvntrqz.cfd/com және осыған ұқсас өзге де интернет-ресурстар KazToll қызметіне және "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы" АҚ-ға еш қатысы жоқ.

Мұндай сілтемелерге өту жеке деректердің, банк картасы туралы ақпараттың және қаражаттың ұрлануына әкелуі мүмкін", – деп ескертті компания өкілдері.

Осыған байланысты "ҚазАвтоЖол" жүргізушілерден цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.

Компания қажет болған жағдайда ақпаратты ресми дереккөздер арқылы немесе 1403 байланыс орталығы арқылы нақтылау керектігін еске салды.