in

Бейнежазбалар тексерілді: ҰБТ-да ереже бұзған жеті талапкердің нәтижесі жойылды

ҰБТ өткізілген жеті апта ішінде 715 ереже бұзушылық анықталды. Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 7 адамның нәтижесі жойылды, деп хабарлайды astana24.com Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, 2026 жылдың 10 мамырында басталған негізгі ҰБТ 340 мыңға жуық рет тапсырылды. Талапкерлердің 73 пайызы тестілеуді қазақ тілінде, 27 пайызы орыс тілінде және 522 рет ағылшын тілінде тапсырды.

Жетінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 70 пайызы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл – 66 балл. Ең жоғары нәтиже – 140 балл, оны Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир жинады.

Ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕБҚ) бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді. ҰБТ-ға ЕБҚ бар 765 талапкер қатысты.

"ҰБТ-ны өткізудің жеті аптасында 715 ереже бұзушылық анықталды. 422 талапкер смартфондарды, смарт көзілдіріктерді, микро құлаққаптарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 286 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 7 адамның нәтижесі жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ", – делінген хабарламада.

2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.

Естеріңізге сала кетейік, 240 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 446 мыңнан астам өтініш берген.