Премьер-министр Олжас Бектенов "Самұрық-Энерго" басшылығына Алматыдағы үшінші жылу электр орталығын жаңғырту жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Үкімет басшысы белгіленген уақытта жұмыс аяқталмаса, компания төрағасының жеке жауапкершілігі қаралатынын ескертті, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған astana24.com.
Бүгін үкімет отырысында Олжас Бектенов Энергетика министрлігі мен "Самұрық-Қазына" қорының басшылары Алматы электр стансалары мен Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының уақтылы іске қосылуына тікелей жауап беретінін тағы да еске салды.
"Самұрық-Энерго" компаниясының басшысы, Қайрат Мақсұтов. Өткен аптада энергетика министрі Алматыға барып, екінші және үшінші ЖЭО-ны тексеріп келді. Үшінші ЖЭО бойынша жағдай мәз емес. Жұмыс қарқыны өте төмен.
Егер жылдың соңына дейін бітірмесеңіздер, сіздің жеке қатаң жауапкершілігіңіз қаралатын болады. Күнделікті бақылауға алыңыз", – деп тапсырды премьер-министр.
Сонымен қатар мұнай мен газ өндірудің жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізу мақсатында Энергетика министрлігіне барлық жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жүргізіп, нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.
