Батыс Қазақстан облысында ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылды. Бұған өңірдегі аптап ыстық себеп, деп хабарлайды "Хабар" арнасы.
Жоғары температурада асфальт қатты қызып, балқиды. Мұндай кезде шамадан тыс жүк тиелген көлік жол жабынына зақым келтіруі мүмкін. Сондықтан көлік инспекциясының мамандары жүк көліктеріне бақылауды күшейтіп отыр.
Мәселен, 1,5 айдың ішінде талапқа бағынбаған тасымалдаушыларға 9 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Жаздыгүні аптап ыстықта асфальт 60 градусқа дейін қызады. Соның салдарынан жол жабындысы жұмсарып, ауыр жүк көліктерінің салмағына төтеп бере алмайды.
Мамандардың айтуынша, шамадан тыс жүк тиелген көліктер жолда ойық, жарықшақ қалдырып, асфальттың шөгуіне себеп болуы мүмкін.
"Жаз мезгілінде ауа температурасы 25 градустан жоғары болған кезде бір оське түсетін жүк салмағы 8 тоннадан аспауы керек. Себебі негізгі жолдардың барлығы стандартты битуммен төселген. Оның жұмсару температурасы шамамен 47 градус. Ауа температурасы 30 градусқа жеткенде, жол жабыны 50-60 градусқа дейін қызады", – дейді "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" БҚО филиалының директоры Рафис Зинетов.
Мамандар қозғалысы қарқынды трассаларда бақылауды күшейткен. Күн ыстығында жолға шыққан ауыр көліктер тоқтатылып, арнайы таразы арқылы салмағы тексеріледі.
"11-ден кешкі сағат 19:00-ге дейін біздің инспекция қызметкерлері осындай жұмыс атқаруда. Бүгінгі күнге дейін 58 әкімшілік хаттама толтырылып, яғни 9 млн 39 мың теңге айыппұл салынды және 16 автокөлік құралына жазғы уақытта уақытта шектеу қойылды", – дейді БҚО Көліктік бақылау инспекциясының басшысы Рахымберді Ашкеев.
"Енді мынандай ыстық күнде жүктің мөлшерін артық тиемейміз. Жүкті нормасымен тиейміз. Республикалық тас жолды бұзбауға тырысамыз. 8 тонна. Одан артық тиеуге болмайды. Қазір ыстық режимге байланысты жолды бұзбауға шамамыз жеткенше тырысамыз", – дейді жүргізуші Дархан Шыналиев.
Мамандардың айтуынша, мұндай рейдтердің мақсаты – тек заң бұзушыларды анықтау емес, жолдардың сапасын сақтау. Өңірде жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінеді. Биыл республикалық және облыстық маңызы бар 272 шақырым жолды жаңарту жоспарланған.
Авторлар: Мерей Бает, Альбина Құмарғалиева
