in

"Жүрегімнің жеңімпазы": жүгіру өмірге қалай мүмкіндік сыйлайды

Бұл күні "Ты — Чемпион моего сердца" — "Жүрегімнің жеңімпазы" жарысының старт алаңында жай ғана думан болған жоқ – мұнда 4,5 мың жүрек бірге соқты. Олар медаль немесе спорттық рекорд үшін жиналған жоқ. Біреу бір шақырым, енді бірі үш, ал тағы бірі он шақырым жүгірді. Барлығының мақсаты бір – біреуге екінші өмірге мүмкіндік сыйлау.

"Ты — Чемпион моего сердца" — "Жүрегімнің жеңімпазы" қайырымдылық жүгіру жарысы донорлық пен трансплантацияны жай ғана медицина емес, адамға деген сүйіспеншілік пен жанашырлықтың ең биік көрінісі деп білетін жандарды біріктірді.

Kaspi.kz – елордада өткен "Ты – Чемпион моего сердца" – "Жүрегімнің жеңімпазы" жүгіру фестивалінің бас серіктесі. Іс-шара 2022 жылдан бері трансплантологияны дамыту және ағза трансплантациясын күтіп жүрген пациенттерді қолдау мақсатында жыл сайын өткізіліп келеді.

Өткен жылы еліміздің ең инновациялық компаниясы Kaspi.kz UMC Жүрек орталығы мен Heart Center Foundation қорына ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) бірегей жүйесін әзірлеуге қолдау көрсетті. Бұл донорлық ағзаларды адам денесінен тыс жағдайда сақтауға, емдеуге және тасымалдауға арналған инновациялық аппарат. Ал биыл Kaspi.kz жүгіру жарысының бас серіктесі атанды. Бұл трансплантацияны күту парағында тұрған адамдарға ғана емес, жалпы Қазақстандағы трансплантологияның дамуына көрсетілген үлкен қолдау.

Мұрат Зауыров, "Heart Center Foundation" ҚҚ директоры:

Бүгінгі жүгіру жарысының маңызы өте зор. Бұл қоғам, заң шығарушы органдар мен медицина қауымдастығы арасында диалог орнатып, мәселені ашық талқылайтын алаң. Бізде донорлық пен қайтыс болғаннан кейінгі ағза трансплантациясы өте баяу дамып келеді.

Біз трансплантацияны насихаттамаймыз, адамдардан донор болуға келісім беруді немесе одан бас тартуды сұрамаймыз. Біз үшін ең маңыздысы – адамдардың осындай іс-шараларға келіп, трансплантация және қайтыс болғаннан кейінгі донорлық сияқты күрделі тақырыптарды еркін әрі ашық талқылай алуы.

Оң динамика бар екенін көріп отырмыз. 2023–2024 жылдары жыл сайын 3–4 трансплантация жасалса, 2025 жылы тек жүрек трансплантациясының өзі 15 рет жасалды. Бұдан бөлек, басқа ағзалар бойынша 60-тан астам трансплантация жүргізілді. Бұл — біз үшін өте маңызды көрсеткіш.

Осындай іс-шараларды ұйымдастыру үшін демеушілер мен бизнестің қолдауы аса қажет. Биыл Kaspi.kz бас демеуші болды. Бұл біз үшін орасан зор қолдау!

Юрий Пя, кардиохирург:

Бұл ауруы асқынған, соңғы сатыдағы пациенттер үшін ағза донорлығына арналған кезекті марафон. Мұндай жағдайда трансплантация жалғыз мүмкіндік. Сондықтан осындай іс-шаралар адамдарды донорлыққа ынталандырып, оның маңызын түсіндіруге мүмкіндік береді.

Қайырымдылық жүгіру жарысына Kaspi.kz-тің 32 қызметкері де қатысты. Олардың арасында жүгірумен ұзақ уақыттан бері кәсіби түрде айналысып жүргендер де, алғаш рет жүгіргендер де болды. Өйткені бұл жарыс спорттық рекорд орнату үшін емес, жүрекке ауыр операция жасатқан немесе ағза трансплантациясын күту парағында тұрған адамдарға моральдық қолдау көрсету үшін ұйымдастырылған. Мұнда бәсекелестік жоқ, қатысушыларға нөмір де берілмейді. Әрбір қатысушы жеңімпаз. 2022 жылы жарысқа небәрі 700 адам қатысса, биыл олардың саны 5 мыңға жетті!

Жаннура Қайназарова, Kaspi.kz қызметкері:

Kaspi.kz арқасында "Жүрегімнің жеңімпазы" қайырымдылық жүгіру жарысына қатыстық. Донорлық ағза трансплантациясын жасатқан адамдарды көрдім, олар да бізбен бірге жүгірді. Рухы мықты жандар! Мұндағы іс-шараның барлығы соларды қолдау үшін ұйымдастырылған. Өзім үшін де, Kaspi.kz командасы үшін де мақтаныш сезімін сезіндім!

Валихан Тен, пауэрлифтинг және жатып сығымдау бойынша спорт шебері:

Бұл жарысқа бұрыннан қатысқым келетін, бірақ үнемі іссапарда жүрдім. Бұл жолы сәті түсіп, осындай ерекше шараның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын. Мен жүгіруді өте жақсы көремін. Бірақ бүгінгі әсер мүлде бөлек. Трансплантация жасатқан, донорлық ағзамен өмір сүріп жүрген адамдарды өз көзіммен көрдім. Бұл адам қолымен жасалған нағыз ғажайып!

Мұнда жүгіру де сол ерекше атмосфераның бір бөлігі. Адамдардың барлығы бір-бірін қолдап отыр. Мен үшін бүгінгі шара – достардың, кардиология орталығының, фестиваль мен Kaspi.kz-тің бір жерде тоғысуы. Бұл керемет!

Алла Королеваға тағдыр қайта тыныстауға екінші мүмкіндік сыйлады. Оның донорлық өкпемен өмір сүріп келе жатқанына сегіз жыл болды. 42 жасында Алла сирек кездесетін ауыр дерт идиопатиялық өкпе фиброзы диагнозын естіді. Оның өмірі оттегі концентраторына тәуелді бола бастады. Кейін оттегі де көмектеспей, жалғыз мүмкіндік өкпе трансплантациясы қалды.

Дәрігерлер оны бірден күту парағына енгізді. Сегіз ай бойы Алла клиникадан тағдырын өзгертетін қоңырауды күтті. Бірақ ол қоңырау мүлде болмауы да мүмкін еді. Дегенмен тағдыр оған мүмкіндік берді. Бүгінде Алла донорына шексіз алғыс айтады.

– Менің донорым қайтыс болғаннан кейін ағзасын берген адам еді. Трансплантация Қазақстанда, кардиология ғылыми орталығында жасалды. Ал бүгін мен алғаш рет осы жүгіру жарысына қатысып, бір шақырым жүгіріп өтемін. Қазір трансплантацияны күтіп жүрген, диагнозын енді ғана естіген адамдарды қолдағым келеді. Олардың үміті мен сенімі үзілмесе екен деймін. Екінші мүмкіндік бар екенін, трансплантациядан кейін де белсенді өмір сүруге болатынын білсе екен! Осындай іс-шаралар үшін рақмет!

Отандық трансплантология қарқынды дамып келеді. 2012 жылы Қазақстанда көрнекті кардиохирург Юрий Пяның жетекшілігімен алғаш рет жүрек трансплантациясы сәтті жасалды. Ал 2025 жылы дәрігерлер 100-ші мерейтойлық жүрек трансплантациясын жасады.

Соған қарамастан, мұндай операцияларға қажеттілік әлі де жоғары. 2026 жылғы 21 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда трансплантацияны күту парағында 4 739 пациент, оның ішінде 126 бала бар. Бүйрек трансплантациясын 4 208 адам, оның ішінде 91 бала күтіп жүр. Бауыр трансплантациясына 293 пациент (27 бала), жүрек трансплантациясына 208 адам (6 бала), өкпе трансплантациясына 30 пациент (1 бала) мұқтаж.

Қайырымдылық жүгіру жарысы пациенттерді қолдауға және медицинаны дамытуға нақты үлес қосуға мүмкіндік берді:

Медициналық тексеру. Check-up аймағында ұйымдастырушылар 2 мыңнан астам бейінді тексеру, консультация мен медициналық процедура өткізді.

Қолдау. Jüregimniñ Jeñimpazy қайырымдылық жүгіру фестиваліне қатысушылардың тіркеу жарналарынан жиналған қаражат медициналық білім мен трансплантологияны дамытуға бағытталады.

Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығына медицина мамандарының біліктілігін арттыру үшін бір реттік білім беру гранты ретінде 3 млн теңге беріледі.

Тағы 6 млн теңге трансплантация саласындағы стратегиялық серіктестік аясында Республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығына (РТҮО) бағытталады. Бұл қаражат мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыруға және білім беру бастамаларын дамытуға жұмсалады.

Осы жарысқа қатысушылардың әрбір қадамы дәл қазір өмір сүруге мүмкіндік күтетін адамдарға көрсетілген нақты көмекке айналды.

"Ты — Чемпион моего сердца" — "Жүрегімнің жеңімпазы" — Jüregimniñ Jeñimpazy — жай ғана спорт емес. Бұл біріккенде үміт сыйлауға, статистиканы өзгертуге және адам өмірін сақтап қалуға болатынының дәлелі.