in

Қазақстанда 6-дан 10-ға дейін пәтері бар азаматтардың саны белгілі болды

"Отбасы банк" төрайымы Ләззат Ибрагимова алтыдан онға дейін пәтері бар қазақстандықтардың санын айтты. Бұл туралы КТК телеарнасының сайтына сілтеме жасаған astana24.com хабарлайды.

Телеарнаның мәліметінше, 17 мың қазақстандықтың алтыдан онға дейін пәтері бар. Олардың арасында бір отбасының мүшелері де болуы мүмкін. Мұндай деректерді "Отбасы банк" басшысы Ләззат Ибрагимова сенаттың бұрынғы төрағасы Мәулен Әшімбаевтың подкастында бөліскен.

"Тұрғын үй иелерінің 78 пайызы – бір ғана баспанасы барлар, бұл – 4,2 млн адам. Екі пәтері барлар бізде – 1 млн-ға жуық азамат. Үш пәтерден – 219 мың адамда бар. Қуануға болады, бұл – орта тап. Төрттен бес пәтерге дейін – 82 мыңға жуық адамда. Ал 17 мың адам – алтыдан он пәтерге дейін иеленіп отырғандар", – деді Ибрагимова.

Сонымен қатар оның мәліметінше, Қазақстанда 1,1 млн-ға жуық азаматтың жеке баспанасы жоқ. Мұның өзі – тек кезекте тұрғандар саны.

Бұл ретте "Отбасы банк" алдағы бес жылда үй алуға қауқарлы клиенттер ағыны артады деп болжайды. Қаржы институты мұндай болжамды қазақстандықтардың орташа жасымен байланыстырып отыр, ол бүгінде – 29 жас. Жақын арада азаматтардың дәл осы санаты ипотека рәсімдеуге және пәтер сатып алуға дайын болады.