in

Алматыда Төле би көшесінің бір бөлігі қайта жабылады

Алматыда LRT құрылысына байланысты Төле би көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысына тағы да шектеу қойылады. Бұл туралы astana24.com Almaty Joly-на сілтеме жасап хабарлады.

Алматы қалалық әкімдігінің мәліметінше, Алматыда LRT жобасын жүзеге асыру аясында Төле би көшесінің бірнеше учаскесінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.

9 қыркүйек сағат 22:00-ден 10 қыркүйек сағат 06:00-ге дейін Кәрімов көшесінен Розыбакиев көшесіне дейінгі учаскеде көлік қозғалысы жабылады.

Сонымен қатар осы уақыт аралығында Саин көшесінің шығыс жағындағы, Metro гипермаркетінің маңында, Д.А. Қонаев атындағы колледжге қарама-қарсы учаскеде шығыс бағыттағы көлік қозғалысы шектеледі.

"Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерде ескерту белгілері орнатылады. Жол қозғалысына қатысушылардан бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз", – делінген әкімдік хабарламасында.