Италияның Сарнелли елді мекенінде Еуропадағы ең қарт ер адам Витантоньо Ловалло 112 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды РБК-ға сілтеме жасаған astana24.com.
Ловалло 1914 жылы дүниеге келген, биыл 25 наурызда 112 жасқа толған еді.
Ол жас кезінде шопан, кейін қашыр айдаушы болып жұмыс істеген. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскерге шақырылып, 1943 жылы тұтқынға түскен.
Бастапқыда Ловалло Родос аралында тұтқында болып, кейін Германиядағы концлагерьге жіберілген. 1945 жылы 8 мамырда кеңес әскерлері келгеннен кейін босатылған.
"Оның отбасына және туған жеріне деген сүйіспеншілікпен, қарапайым әрі қайсарлықпен өткізген ұзақ ғұмыры бәріміздің жүрегімізде сақталады", – деді Авильяно мэрі Джузеппе Мекка.
Bild деректеріне сүйенсек, Ловалло қайтыс болғаннан кейін 111 жастағы португалиялық Жоаким Варела Еуропаның ең қарт ер адамы атанған.
Ол Еуропаның ең егде тұрғындары рейтингінде 31 әйелден кейін 32-орында тұр.
