Variety басылымының хабарлауынша, америкалық поп-икона тарихта бесінші рет жүлде тапсыру рәсімін ашатын алғашқы әртіс атанып, номинациялар саны бойынша көш бастайды, деп жазды astana24.com.
Поп-әнші Мадонна 27 қыркүйекте Лос-Анджелестегі Peacock театрында өтетін MTV Video Music Awards 2026 жүлдесін тапсыру рәсімін ашады. Бұл шоу әншінің соңғы 23 жылдағы VMAs сахнасындағы алғашқы жанды өнері болмақ. Әртіс бұл сахнаға соңғы рет 2003 жылы шыққан еді, сол кездегі Бритни Спирс, Кристина Агилера және Мисси Эллиоттпен бірлескен атақты өнері поп-мәдениет тарихындағы ең көп талқыланған оқиғалардың біріне айналған болатын.
68 жастағы әнші марапаттау маусымына Billboard 200 чартында бірінші орыннан дебют жасаған Confessions II альбомымен келді. Мадонна алдағы салтанатты шарада 11 номинацияға ие болып, көш бастады. Олардың қатарында "Жыл бейнебаяны", "Жыл әртісі" және Сабрина Карпентермен бірлескен Bring Your Love трегі үшін "Жыл әні" санаттары бар. Мансабында әртіс 19 VMA жүлдесін жеңіп алған және жүлде тарихында үшінші рет үміткерлер тізімін бастап тұр.
Трансляцияны CBS және MTV телеарналары, сондай-ақ Paramount+ стримингтік сервисі ұйымдастырады. 2026 жылғы салтанатты шараның жүргізушісі рэпер Снуп Догг болады. Мадонна шоуды бесінші рет ашып, өз рекордын жаңартады және жүлде тарихындағы ең маңызды тұлғалардың бірі ретіндегі мәртебесін бекіте түседі.
