Ақмола облысының Степногрск қаласында іргесіне бетон құйылмаған жиектас пен жаяу жүргінші жолы сынға ұшырады, деп хабарлайды "Жетінші арна".
Телеарна мәліметінше, мердігердің жұмысын қабылдау кезінде осындай былықтың беті ашылды. Жаяу жүргінші жолы мен балалардың ойын алаңындағы асфальттың сапасы сын көтермейді.
Тұрғындардың айтуынша, асфальтті қиыршық тассыз, құр топырақтың үстіне төсей салған.
Компанияға бұған дейін де шағым түсіп, олқылықтың орны толтырылуға тиіс еді. Алайда нәтиже жоқ. Тұрғын үйдің ауласын абаттандыруға 43 млн теңге бөлінген.
Әкімдік өкілдері атүсті жасалған жұмысты қабылдамай қойды. Енді мердігер қатені түзеуі керек.
"Орындалған жұмыстар бойынша актілер келіп түсті. Алайда тапсырыс беруші оларды қабылдаған жоқ, керісінше кері қайтарып, ескертулер жасалды. Себебі барлық жұмыс құрылыс нормалары мен талаптарына сәйкес келмейді. Қазіргі уақытта мердігерге анықталған ескертулер мен кемшіліктерді жою туралы талаптар қойылды", – дейді қала әкімінің орынбасары Фархат Байкасов.
